Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы білімнің сыйы көп

Сапалы білімнің сыйы көп

Мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімін сынға салатын ҰБТ-дің ауылы алыс емес. Көзді ашып-жұмғанша 4 ай да өте шығатыны белгілі. Сол себепті мектеп мұғалімдері мен түлектер ҰБТ-ге қызу дайындық үстінде. Өйткені, таяқтың екі ұшы болатыны секілді тестілеудің көрсеткіші тек оқушының емес, мектеп директорларының да тағдырын шешері анық. Оң нәтиже көрсетіп, үдеден шыға алмаған мектеп басшыларының орнын босатып жататыны жиі кезігеді. Содан болар тестілеуден бас тартқан түлектер де қара көрсетіп жатады. Ол бөлек әңгіме...
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында қазақ елінің білім беру жүйесі заңға емес, сапаға жауап беруі арқылы бағаланатынын айтып келеді. Ал, сапалы білім барлығымыз үшін нәтижелі болмақ. Осы орайда аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетовтен түлектердің ҰБТ-ге дайындық барысын білген болатынбыз. Жалпы, аудан бойынша өткен жылы 782 түлек мектеп бітірсе, оның 444-і тестілеуге қатысқан. Алайда, тест қорытындысы 80,3 балл көрсеткішті көрсетіп, аудандар арасында көш соңында қалған болатынбыз. Бұл білім сапасының әлсіздігі ма әлде түлектердің дайындығының аздығы ма?
«Үлкен сынаққа үлкен дайындық қажет. Мектеп бітірушілердің жан-жақты білімімен қатар, психологиялық тұрғыдан дайындығы да қатар жүруі тиіс. Биыл 891 оқушы мектеп бітіреді. Оның 600-ден астамы ҰБТ-ге қатысатын болады. Бүгінгі таңда барлық мектеп гуманитарлық және жаратылыстану бағыты бойынша сабақ жүргізуде. Жыл басынан бері 384 сынама тест алынды. Жылдағы дәстүрге сай биыл да «Сыр ұланы» тынығу лагерінде 150-ге жуық түлек дайындықтан өтті. Енді наурыз-мамыр айларында 300-ге тарта түлек барады. 2016-2017 оқу жылында да «Талдысу» тынығу лагеріне 200, «Сыр ұланы» тынығу лагеріне 200 мектеп бітіруші барған болатын» – деді М.Ақпанбетов. Иә, бақ пен баптың бәсекеге түсер сәті таяп келеді. Сондықтан, дайындықты күшейте түспесек болмас. Ол үшін облыс бойынша көрсеткіші көш ілгері тұрған аудандармен тәжірибе алмасуды да қолға алуға болады. Мәселен, өткен жылғы көрсеткіш бойынша Қазалы, Арал, Жаңақорған аудандары алда келеді.
Білімді мыңды жығатыны белгілі. Осы орайда мектеп түлектерінің дайындығын өз ауыздарынан естігенді жөн көрдік. №47 М.В.Ломоносов атындағы мектеп лицейдің 11-сынып оқушысы Әйгерім Ахметжанова: «ҰБТ-ге мұғалімдер мен психолог мамандар күнделікті үздіксіз даярлауда. Әр сабақты толық түсіндіріп, сұрақ қою арқылы есте сақтау қабілетімізді де арттыруға жұмыстар жасаймыз. Түстен кейінгі уақытта таңдау пәні бойынша күнделікті дайындыққа келіп, білімімізді толықтыра түсудеміз. Мен ағылшын пәнін таңдап отырмын. Ал, бейімдік пән дүниежүзі тарихы. Бұйыртса, жоғарғы баллға қол жеткізіп, «Алтын белгі» иегері атануға тырысамын» – дейді. Ендеше талабы оң болғай!
Жуырда ғана ғаламтор бетіне шыққан жаңалықтардың бірі тестілеуді тапсыру күнін ауыстыруға рұқсат беріледі деген Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Р.Әлімқұловтың мәлімдесі жұртты елең еткізді. Онда, ендi орынды себептер болған жағдайда, түлектерге Ұлттық бiрыңғай тестiлеудi тапсыру күнiн ауыстыруға рұқсат етiледi. Бұған дейiн орынды себебi болса да түлек ҰБТ-ны өз тобында тапсырмаса, басқа топта тапсыра алмайтын. Ал, биылдан бастап осындай мүмкiндiк қарастырылған. Сондай-ақ, «Биыл ҰБТ форматы өзгермейдi. Тестiлеу үш мiндеттi және екi таңдалған пән, барлығы бес пән бойынша өтедi. 2018 жылы тесттiк тапсырмалар базасы 50%-ға жаңарды. Тест сұрақтарын дайындаған азаматтардың айтуынша, жаңартылған сұрақтар пәндi жаттамай, жақсы түсiнуге мүмкiндiк бередi» – дедi, Ұлттық тестiлеу орталығының директоры. Елбасы Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында адами капитал – жаңғыру негізі дей келе білім берудің жаңа сапасын қалыптастыруды айтқан болатын. Сондықтан, оқу ордалары талапқа сай түлектерді тәрбиелеп шығуы тиіс.

PS: Биылғы ҰБТ қалай болары келер күннің еншісінде. Ал, жауапкершіліктің қаншалықты екендігін әр баланың, ата-ананың іші сезетін болар. Ұстаздар болса, 11 жыл берген білімінің жемісін көрмек. Сол жемістің қаншалықты дәмді боларын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, уақытты босқа жібермеген ұстаздың да, оқушының да, ата-ананың да бағы жанары анық. Тек тамаша тәжірибені меңгеріп, үздік ұстаздардың өнегесі мен білім сапасының артуына, шәкірттердің шыңдала түсуіне жол ашсақ жеткілікті.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
18 ақпан 2018 ж. 1 203 0