Білімдіден шыққан сөз, жас түлекке болсын кез
2021 жылдың мамыр айынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер мамандандырылған орталықтарда компьютер арқылы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Оның ішінде Шиеліден бес қаруын асынып, білім бәйгесіне асығып отырған 707 талапкер бар.Талапкерлердің бір емес, екі мүмкіндігі бар десек те, оларға артылар жүк жетерлік. Оқушыны компьютермен жалғыздан жалғыз қалдыратын биылғы Ұлттық Біріңғай тестілеудің тағы қандай жаңашылдықтары бар екендігін ҰТО-ның Шиелі кентіндегі филиал басшысы Расул Әділбекпен болған сұхбатта жан-жақты сұрап білуге тырыстық.
– Биылғы ең басты ерекшелік «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» принципінде болып отыр. Атауынан мәнін түсінсек те, өзіңізден жүйенің басты ерекшеліктерін қайта сұрап өтуді жөн көрдік.
– Иә, биылғы тестілеудің ерекшелігі көп. Өзіңіз айтып отырғандай ең бастысы әр оқушының тестілеуді жеке компьютермен тапсыруында болып отыр. Яғни, әр оқушыға жеке-жеке компьютер үстелі беріліп, камерамен бақылау жасалынады. Тағы бір айта кетерлік жаңашылдық кесте мен есептегіш құралға қатысты. Бұрын оқушылар өздерімен бірге Менделеев кестесін, тұздар ертіндісі кестесін алып келетін болса, енді оның барлығы оқушының алдындағы компютерде тұрады. Сонымен бірге пандемияға байланысты бөлмелер гигиеналық талаптарға сәйкес етіп жабдықталған. Жаңа жүйенің көмегімен әр оқушы жеке-жеке отырып, қауіпті індетті жұқтыру ықтималдығы да азаяды.
– Естуіміз бойынша аудандағы 707 оқушы тестілеуді Жаңақорған ауданындағы филиал мен Қызылорда қаласындағы бөлімшеде тапсырады екен. Бұл қаншалықты рас ақпарат?
– Шиелі ауданы бойынша 827 оқушы мектеп бітіруде. Оның 707-сі грант бөлінетін ҰБТ-ның 1-ші кезеңіне өтініш берді. 707 талапкердің 614-і ҰТО-ның Жаңақорғандағы филиалында сынақ тапсырса, 93 түлек Қызылорда қаласындағы USTUDY тест орталығында тапсырады.
– Жаңақорған ауданы да, Қызылорда қаласы да бірталай жер екендігін білеміз. Онда барып тест тапсыру оқушыларға қиындық тудырмай ма?
– Биылғы тестілеудің ерекшелігі сонда, талапкер тест тапсыратын күнді өзі таңдап, онлайн түрде өтініш жібереді. Тестілеу күнін өз ыңғайына қарай белгілегендіктен ешқандай қиындық тумайды деген ойдамын.
– Талапкерлер алғашқы тестілеуді аман-есен аяқтады делік. Бірақ, қобалжудың нәтижесінде білгенінен жаңылып, сынақтан төмен балл алып қалатын түлектер де бар. Оларға қайта тапсыруға мүмкіндік беріле ме?
– Иә, адам болғаннан кейін қателіксіз болмайды. Дегенмен, оқушылар осыған дейін наурыз-сәуір айларында тестілеудің ақылы түрін тапсырып, ішіндегі қорқынышын жеңуге мүмкіндік алған болатын. Сондықтан ,осы жолы түлектер жан-жақты дайындықпен келеді деген үміттемін. Бірақ, алғашқы сыннан сүрінгеннің өзінде биыл оларға үлкен мүмкіндік жасалынып отыр. Ол қалай десеңіз? Мемлекеттік грантқа үмітті оқушылар биыл 2 мәрте сынақ тапсыруға мүмкіндік алып отыр. Яғни, оқушы 1-ші тапсырған сынақтан алған ұпайына көңілі толмаса, екінші мәрте тапсыруға өтініш береді. Нәтижесінде қай сынақтан жоғары ұпай жинаса, сол ұпайымен оқу орындарына берілетін грантқа таласа алады.
– Ендеше осы екінші тестілеуге қатысу үшін қай уақытта өтінім беруге болады? Осы жайлы айтып берсеңіз.
– Негізінде 1-ші мамырдан кейін ҰБТ-ны екінші мәрте тапсыру үшін тіркеу басталады. Тағы бір ескеретін нәрсе 1-ші тестілеуде тәртіп бұзған талапкерге 2-ші мүмкіндік берілмейді. Ал, талапкер тест тапсырудың 2-ші мүмкіндігінде тәртіп бұзған жағдайда алғаш тапсырған сынақтың нәтижесі ескеріледі. Сондай-ақ, рұқсат етілмейтін құралдарға смартфон ғана емес, шпаргалка да жатқызылып отыр. Тәртіп бұзу анықталған жағдайда оқушы дереу сынақ тапсыру бөлмесінен шығарылады.
– Бұл айтып өткендеріңіз тестілеудің «тойдың болғанынан, боладысы қызық» деген мақалдың төңірегіндегі ерекшеліктері десем қателеспейтін шығармын. Сонымен бірге тестілеуге берілетін уақыт, үзіліс уақыты деген секілді де маңызды мәселелер бар. Осыған бір тоқталсаңыз.
– Әрине, негізгі ерекшеліктермен қатар, тестілеуге берілетін уақыт, үзіліс уақыты секілді өзгерістер бар. Мәселен, тестілеуге 240 минут уақыт беріледі десек, тестілеу басталған соң түлектерге 1 сағаттан кейін 5 минуттық үзіліс, тағы бір сағаттан кейін 15 минуттық үзіліс және тағы бір сағаттан соң 3 минуттық үзіліске шығуға мүмкіндік беріледі.
– Тестілеу арнайы жабдықталған кабинеттерде өткізілетін болса, оқушылар саны шектелетін шығар? Бұндай жағдайда ауданның түлектері тестілеуді қанша уақытта толық тапсырып шыға алады?
– Жаңақорған ауданындағы филиалымыз бір мезетте 100 баланы қабылдауға қауқарлы. Бұл мақсатта арнайы 3 кабинет жабдықталған. Ал, ҰБТ-ның аяқталу уақытына келер болсақ, тестілеу мамыр, маусым айлары аралығында толықтай аяқталады деген жоспар бар.
– Қарап отырсақ, биыл енгізіліп отырған «Бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» жүйесі білім министірлігі көп жылдардан бері іздеп жүрген мінсіз жүйе секілді. Пандемия аяқталып, қалыпты өмірге оралғанан кейін де осы жүйе сақтала ма?
– Әрине компьютерлік жабдықтарға негізделген биылғы жүйенің артықшылығы өте көп. Алдағы жылдары да осы жүйені әрі қарай дамытып, жетілдіру жоспарда бар. Тиімділігін көрсетіп жатса, неге әрі қарай жалғастырмасқа.
Ендеше біздің көкейімізде жүрген сұрақтар аяқталды. Барлығына толық, әрі нақты жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Ал, ауданның биылғы түлектеріне қажымас қайрат, бармақтай бақ тілейміз. Ұстаздарыңыздың еңбегі ақталып, биіктен көрініңіздер!
Сұқбаттасқан
Р.ӘНӘПИЯ
Р.ӘНӘПИЯ