Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемия кезіндегі ҰБТ

Пандемия кезіндегі ҰБТ

2021 жылдың наурызынан бастап қазақстандық мектеп бітірушілер арнайы орталықтарда компьютер арқылы ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Оқушылардың бір емес екі мүмкіндігі бар.
ҰБТ-ның электронды форматы – жаңа заман талабы. Оқушылар тест күнін күтіп, күйзеліске ұшырамайды және екінші рет тапсыру мүмкіндігі жүйкеге түсетін салмақты азайтады. Жаңа ереже бойынша, мектеп түлектері ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жақсы нәтижесін грант иелену үшін конкурсқа жолдайды.

Пандемия кезіндегі ерекшелік
ҰБТ-ның ескі форматы үшін ел бюджетінен 1 миллиард теңге қарастырылса, электронды форматтағы тестілеу шығыны шамамен 400 миллион көлемінде болады.
«2019 жылдан бастап мұғалімдер барлық тестті компьютерде тапсырды, 2020 жылы магистранттарға арналған тестілеуді осы форматқа көшірдік. Ендігі кезек оқушыларда», – деп нақтылады Заң ғылымдарының докторы, профессор А.Смағұлов. ҰБТ тапсыру үшін Қазақстанның барлық өңірлерінен 56 тестілеу орталығы ашылады. Тестілеу орталықтарында бүкіл республика бойынша 6000 түлек екі лекпен емтихан тапсырады: біріншісі – 10:00-ден 14:00- ге дейін, екіншісі – 15:00-ден 19:00-ге дейін.
Ақпараттық қауіпсіздік бойынша көп шара қабылданды. Ешкімнің жүйеге сырттан қосылу мүмкіндігі болмайды, орта есеппен залда 50 оқушы ҰБТ тапсырады. Бұл пандемия кезінде өте маңызды, адамдардың көптеп шоғырлануына жол берілмейді.

ҰБТ кезіндегі IT қауіпсіздік
ҰБТ тапсыруға арналған өңірлік орталықтармен байланыс жабық VPN арнасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл арнаға сырттан қосылу мүмкін емес. ҰБТ-ны тек нақты компьютерден, логин және құпиясөз арқылы тапсырады. Компьютерлерде USB және флэш-карталарға арналған саңылау болмайды. Сондай-ақ, әрбір оқушының іс-қимылын бақылауға арналған камералар орнатылады. Айта кету керек, тест тапсырушылар Face-ID арқылы сәйкестендіруден өтеді. Тыйым салынған заттар (смартфон, шпаргалка) анықталған жағдайда оқушы аудиториядан шығарылып қана қоймай, тестті қайта тапсыру мүмкіндігін де жоғалтады.

қанша уақыт беріледі?
Осы жылы ҰБТ тапсырушылар үшін тестілеу уақыты да әртүрлі: жаратылыстану-математика бағыты бойынша 240 минут бөлінсе, гуманитарлық бағытқа тест уақыты 225 минут. Компьютерлік тест тапсыру кезінде оқушыларға екі мәрте үзіліс береді. Тестілеудің алғашқы сағатында көзді тынытқтыру үшін 2 минут, екінші сағатында 15 минут берілмек. Осы уақытта түлектер әжетханаға шығып, демала алады.

Апелляция
Жаңа форматтың негізгі жағымды тұсы – тест парақшасындағы жауаптарды кездейсоқ бояу болмайды. Компьютердегі тестте оқушы өз жауаптарын өзгерте алады және бір пәннен келесі пәнге өту мүмкіндігі бар. Оның үстіне, тест қорытындысын кешке дейін күтпейді, тест нәтижесін алған соң бірден апелляцияға өтініш бере алады.
Министрлер кабинетінің басшысы Асқар Мамин президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық бірыңғай тестілеу толықтай электронды форматқа көшірілетінін мәлімдеді.

Ақтолқын Ғалымқызы
02 наурыз 2021 ж. 447 0