Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Нартайлықтар бас қосса, төр – Әбжәлелдікі

Нартайлықтар бас қосса, төр – Әбжәлелдікі

«Ағартуышының алдын көрмегеннің адамгершілігі де арзан тұрады» дейді ақын Мирас Асан. Қай дәуірдің ұлы тұлғалары болса да, олардың өзімен бірге ұлық ұстаздарының есімі қоса аталады. Тұлға да ұстазға бас иеді. ­Парасат биігіне жол сілтеген ұлы ұстаздың есімі еш уақыта өшпек емес.
Біз осы бір мақаламызда ұстаздық деген ұлы жолда аянбай тер төгіп, бейнетінің зейнетіне жеткен, ақын Нартай ауылындағы орта мектептен талай тұлғаның қанат қағып шығуына септігін тигізген Әбжәлел ­Сейтжанов туралы сөз қозғамақпыз. Бұл үшін үлкен себеп те бар. Себебі, Әбжәлел Сейтжанұлы 60-ты алқымдап, бүгінде 70 жасқа аяқ басып отыр. Осы тұста туған топырағына еңбегі сіңген ұстаздың өмір жолына зер салып көрелік.
Әбжәлел Сейтжанұлы 1952 жылдың 2 қаңтарында Шиелі ауданына қарасты Коммунизм совхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі ­Сейтжан колхозда шопан болып еселі еңбегімен елге танылған. 13 ағайынды ұл-қыздың 8-шісі болған Әбжәлел бала күнінен еңбекқор, әке-шешесіне қолғанат болды. 1960 жылы Коммунизм колхозының орталығындағы 8 жылдық мектептің 1-ші сыныбына қабылданып, ата-анасы отыратын «Сейтжан базы» қыстауынан бауырлары Қошан, Сәлимамен қыстың қара суығын, көктем-күздің аяқ алып жүре алмайтын балшығын елемей 4 шақырым жерді еңсеріп, мектебіне асықты. Шәкіртінің білімге деген ынта-қызығушылығын байқаған алғашқы ұстазы оны ерекше жақсы көретін. Ал мектеп қабырғасында жүргенде бала Әбжәлелдің жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге деген қызығушылығын оята білген ұстаздарының бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандағы жалғыз көзі тірі майдангер Сәрсенбек Байжанов болды. Сондай-ақ Әбжәлелдің бүгінгідей хәлге жетуіне ­Сымайл Бәйімбетов, Қамбаш Ботабаева, Айнаш Өтепбергенова сынды ұстаздары да өз үлесін қосты.
Кейінен 1970 жылы жалпы мектепті бітірген 23 оқушының 4-еуі Сәрсенбек Байжанұлының жетекшілігімен Қызылорда қаласы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институтқа оқуға қабылданып, сол төрттіктің ішінен Әбжәлел Сейтжанов та табылды. Оқуын аяқтағаннан кейін жас маман еңбек жолын 1975 жылы Шымкент облысы, ­Киров ауданы, Мақталы совхозындағы мектепте химия-биология пәні мұғалімі болып бастайды. 1979 жылдың қыркүйек ­айын­да туған ауылында №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектепте химия пәні мұғалімі болып жалғастырды. 1980-1986 жылы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, 1986-2007 жылдары мектеп директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары, 2007-2015 жылдарда мектеп директоры қызметтерін атқарды. Оның басқару кезінде мектеп 2013,2014 жылдары қатарынан «Үздік ауыл мектебі» атанып, мектеп түлектері Ұлттық біріңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсетіп, алтын белгі, үздік аттестат иегерлері болады. Ұстаздан терең білім мен саналы тәрбие алған шәкірттері Саламат Төлімбетов, Гүлмира Бектегенов, Дәурен Ақпанбетов аудан мектептерінде басшылық қызметте болса, бірнеше оқушысы ғылым саласында тер төгуде. Ұлдарының бірі мұнай саласының білікті маманы болса, 2 ұлы ішкі істер органдарының қызметкері. 70 жасқа келген ұстаздың өмірі осындай өнегелі сәттерге, үлгі тұтарлық әрекеттерге толы.
Тарих беттерін парақтасақ, тұтас әлемге әмір еткен атақты қолбасшылардың өзі мемлекет басқаруда ұстаздарынан ұзақ уақыт ілім алғаны айтылады. Александр ­Македонский «Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, Аристотель ұстазымнан өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» депті. Сондай-ақ «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» деген тәмсіл ежелгі грек ғұламаларынан қалса керек. Осындайда Алаштың күн келбетті ақыны Мағжан атамыздың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі ойға оралады. Сауат аштырып, хат танытқан, сыртқы пайым мен ішкі парасатты үйлестіріп бере білген ұлағатты ұстазға талайлардың бас иіп, төрден орын беруі – құптарлық іс.
Сол себепті болар өткен сенбі күні ұстаздан тәлім алған шәкірттері, ауыл тұрғындары, сыныптастары жұмылып Әбжәлел ұстаздың торқалы 70 жас ­тойын атап өтті. Ауылдық мәдениет үйінде өткізілген шараға ұстаздың сыныптастары, туған-туыстары, дос-жарандары мен аудан басшылары қатысты. Атап айтсақ, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, аудандық кеңес төрағасы Рысдаулет Құдайбергенов, аудандық білім қызметкерлерінің төрайымы Гүлбану Нәжбенова аранайы келіп, ұстазға ыстық лебізін білдірді. Мұнан соң салтанатты шара концерттік қойылымға ұласып, аудан өнерпаздары мен мектеп ұстаздары әннен шашу шашты.

Рамазан БЕКТҰРҒАН
16 мамыр 2022 ж. 452 0