Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – ұлттың тірегі

Отбасы – ұлттың тірегі

Отан отбасынан басталады. Бұл сөзде қаншама мән мен мағына жатыр. Отанды ортақ үйіміз деп, Қазақстанды қара шаңырағымыз деп қарауымыз қажет. Сол қара шаңыраққа қараған сайын көңіліміз бен жүрегіміздің түбінде дақ емес, шапағат пен махаббат тұнуы керек. Себебі сол алып қара шаңырақтың өзі «отбасы» деп аталатын шағын мемлекеттен құралады. Онсыз ортақ үйді де, Отанды да елестету әсте мүмкін емес. Сондықтан да отбасы күні мерекесінің маңызы зор.
Қазақта «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Ол үшін адам жүрегінде алдымен таза ниет, ақ пейіл, ыстық ­махаб­бат болуы шарт. Осындай ып-ыстық, тап-таза, тұп-тұнық сезіммен, сыйластықпен шаңырақ көтерген жастардың үйі бүгінде бала былдыры мен ойыншық сылдырына толы. Ауыз толтырып, көпшілікке үлгі етуге тұрарлықтай отбасына қызықпайтын адам кемде-кем шығар, сірә?! Олай болса, ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтың жібін үзбеудің жолын көздеген, отбасындағы әкенің рөлін, беделін үнемі жоғары қойып, ананың табанында жәннат барын тәй-тәй басқан балаларына күндіз-түні айтудан шаршамаған, әр баласын еліне адал да әділ қызмет ететіндей тәрбиелеп келе жатқан Жаленовтер отбасы жайлы қалам тербемекпіз.
Береке-бірлігі бұзылмаған көпбалалы отбасы Ақмая ауылында тұрады. Отағасы Ержан Жаленов жүргізуші болып жұмыс істейді. Ал отанасы Айнұр Жаликова «Аймира» балабақшасында 10 жылдан бері тәрбиеші. Үйіндегі 5 баласымен қатар балабақшадағы 18 баланың анасына айналып, тәрбиені тал бесіктен үйретіп келеді. Жарасымды жұптардың жазылмай келе жатқанына биыл 22 жыл. Ержан мен Айнұрдан өрбіген Нұрғиса, Дамир, Нұртуған, Ернұр мен қызы Алуа шаңырақтарын шаттыққа толтырып отыр. Тұңғышы 21 жаста болса, сүт кенжесі 3 жаста. Берекелі жанұядағы басты қағида – түсіністік пен сыйластық. Тұңғыштары Алуаны ұядан ұшырып, құтты орнына қондырып, Абдулла есімді немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Нұрғиса болса, инженер электрик мамандығын бітірген. Бірақ Нұрғисаның негізгі арманы ұлттық тағамдарды дайындайтын бас аспаз болу. Бүгінде екеуінің махаббаттарының ғұмырлы болғанын 5 баласы мен немересі дәлелдеуде.
Қонақ келсе құт келді деп зор құрмет көрсете білу де үлкен ерлік. Себебі қазір қонақ тұрмақ туған әке-шешесінің өзі өскен шаңырағының босағасына табан тіремейтіндері барын жасыра алмаспыз. Ал мұндай үрей бұл отбасыда жоқ. Өйткені олардың ақ дастарханы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға қашан болса да жаюлы. Міне, мұның өзі жас та болса, бас болып, өзгеге үлгі болып жүрген Жаленовтер отбасының көпке берер тәрбиесі. Меніңше, шаңырақтың мәні мен сәніне айналған сыйластық 22 жыл бойы желбіреп тұруына себеп осы шығар.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
13 мамыр 2022 ж. 460 0