Діндегі деструктивті діни идеологиялардың пайда болуы себептері
Қазіргі таңда ғылым мен технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық және медиакеңістіктің құрылымдарын күрделі ойындар алаңына айналдырды. Нәтижесінде, кез келген қоғамдық пікірдің қалыптасуына бүгінде ғаламторды пайдаланатын миллиондаған адамдардың белсенділігі ықпал етіп келеді.
Ақпарат алмасудың әртүрлі заманауи тетіктерін шебер қолданатын деструктивті діни ағым идеологтары оқу, хат алмасу, бейне және аудио материалдар арқылы радикалды көзқарастарды таратуда. Мазмұны және ішкі мәні бірдей материалдар сан-алуан жолдармен, әрқилы формада ғаламтор пайдаланушылардың санасына құйылып келеді.
Деструктивті және экстремистік топтар тарапынан жүргізіліп отырған кең көлемді насихат жұмыстарының мақсаты ортақ – әрбір шаңырақта өшпендiлiк пен алауыздық отын тұтату және қоғамдағы ауызбіршілікті жою, сол арқылы мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiріп, елдің конституциялық құрылысы мен аумағының тұтастығын бұзу.
Бүгінгі күнде статистикалық мәліметтер бойынша, дінге қызығушылық білдірген азаматтардың 73% қажетті мағлұматтарды ғаламтор желісінен іздейтіні байқалған. Бұл көрсеткіш еліміздегі жастардың басым бөлігі діни сауатын ең алдымен ғаламторда ашатынын көрсетеді. Яғни, қазіргі ғаламтор сайттары, видеохостингтер, әлеуметтік парақшалар, блог-платформалар және басқа да байланыстырушы масс-медиа құралдары әлемде жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптердің туындауына септігін тигізуде.
Деструктивті діни ағымдардың бір көзқарасы – күні бүгінге дейін өздері мойындамай келген қазақ халқының ежелден мұсылман екенін тану (мойындау), соның негізінде исламнан тыс өмір сүрудің мүмкін еместігіне сендіре отырып, ашық түрде болмасада исламдық мемлекет формасын насихаттау. Сонымен бір мезгілде исламның жергілікті өмір сүру формасын надандық ретінде танытатын идеяларды астыртын сіңіре отырып, дін тазасын өздері әкелгендігіне деген сенімді орнықтыру жалғастырылуда. Бұл орайда олар «мұсылман қазақ, христиан қазақ болып қатар өмір сүру мүмкін болмайды, бұл міндетті түрде ішкі соғысқа, апатқа алып келеді» деген идеяны сіңіруге тырысады.
Деструктивті діни ағымдардың белсенді әрекеті дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшыратып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіру болып табылады.
Қазіргі қоғамдағы деструктивті діни ағымдардың діни мәселеде асыра сілтеушілік пен шектен шығушылық жасаған кейбір мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтейік.
1. Күпірлік және көпқұдайшылдықпен айыптау (такфир, мушрик) (тарихта осы мәселенің салдарынан алғаш рет мұсылман мұсылманға қару көтерген);
Исламның міндетті саналған (парыз) амалдарынан біреуін орындамаған немесе кейбіреулерін кемшіліктермен жасаған адам мұсылман саналмайды. Бүкіл парыздарды орындап, біреуін қалдырып қойған мұсылман емес.
2. Ақиқатты иемдену («тек мен ақиқаттамын, қалғандары адасқан»,- деген түсінікте болу);
Кез келген адасқан ағымдардың айтатыны «Біздің дініміз – хақ, сендердің діндерің – шатақ» деген сенімде болады.
3.Ауыр күнә адамды діннен шығаратындығына сендіру (тарихта осы мәселе түрлі ағымдардың шығуына себеп болған, Хариджиттердің сипаты);
Үлкен күнә жасаған адамды «Тәкфир» яғни діннен безген деп айыптау шектен шыққан діни ағымды ұстанушылардың басты ұстанымына айналған. Бұл бойынша үлкен күнә жасап, ол әрекетін тоқтатпаған және тәубе етпеген кез келген адам кәпір саналады. Тіпті, өз ұйымдарынан шығып кеткендерді де діннен безген кәпір санап, оларды өлтіруге болады, қандары адал деп санайды. Үлкен күнә жасағандар мәңгілік тозақта қалады деген сенімде.
4. Ұлы Жаратушымызды жаратылғандарға (мақлұққа) ұқсату, жаратылғандардың сипатымен сипаттау;
Құранда мухкәм (мағынасы түсінікті, анық) және мутәшабиһ (мағынасы анық емес келген) аяттар бар. Кейбір саяси мүддемен әрекет еткен ағымдар құранның мутәшабиһ аяттарын өз мақсаттарына пайдаланады. Алла тағаланың сипаттары жайлы ашық ойын айтып, адамдық кескін беріп жібереді. Мұндай мутәшабиһ аяттарға 4 мазһаб ғалымдары бір ауыздан: «Аят қалай айтылса, солай қабыл етілуі керек. Өйткені, ондай аяттың мағынасын Алла біледі және олар тәпсірленбейді» – деген пікірді ұстанады. Ал, адасқан ағымдар: «Құран адамзат үшін түсірілгендіктен оның түсініксіз аяты болмауы тиіс, сол үшін барлық аятты түсінуіміз керек» – дейді. Яғни, мағынасын тікелей түсінуге тырысады.
5. Бүкіл үмбет мойындалған және мақталған ғалымдарды, дінсіздік пен адасушылықта деп айыптау;
Адасушы ағымдар өз сенімдеріне сай келмеген ғалымдарды теріске шығарады. Тіпті, кейбірі қатты кеткені сонша үмбеттің мойындалған ғалымдарын адастырып тастайды. Сөйтіп, бүгінде кейбір фанаттар арасында кеңінен тараған «мазхабты ұстанбаймыз» деген түсінік қалыптасты. Аллаһ расулінің (с.а.с.): «Ғұламалар пайғамбарлардың мирасқоры» деген хадисі бар. Ғалымдар қалың халықтың өз сөздеріне бағындырмайды. Олар пайғамбардан қалған дінді дұрыс үйретушілер.
Қорыта келгенде, деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін жастарға ғасырлаған тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді әрбір шаңырақ отбасында насихаттауы қажет. Бойына рухани құндылықты сіңірген өскелең ұрпақ кез келген діни ағымның құрған тұзағына түспесі анық.
Ж.Дәрібаев,
Қызылорда облыстық ішкі
саясат басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы.