Деструктивті ағымдардың қауіптілігі
Соңғы жылдары дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, тұрақтылықты нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында аудан көлемінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Оған себеп, бүгінгі таңда өзекті мәселелердің біріне айналып отырған жат ағымға ергендердің іс әрекеті. Қоғамға тигізетін зияны мен қауіптілігі. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген іс-шаралардың бірі жуырда аудан әкімдігінде «Деструктивті ағымдардың қауіптілігі» тақырыбымен өтті.
Аудандық семинарға жергілікті жердің ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қатысып, оны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бағдат Әбдіқадыров жүргізіп отырды. Шара барысында облыс орталығындағы «Нұр» мешітінің ұстазы, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, білікті теолог Батырбек Убаев жарға жығатын жат ағымдар жайлы сөз өрбітті.
Иә, басым көпшілігіміз деструктивті діни ағымдар жайлы біле бермейтініміз анық. Діннің иісі мұрнымызға келмесе де «Бахабист» деумен шектелетініміз бар. Бүгінгі таңда біз біле бермейтін ағымдар жетерлік. Бірін құранидтер десе, екіншісін сәләфит деп бөліп жатады. Айтып отырған екеуінің өзі ішінен түрлі топтарға бөлінеді. Сондықтан, ата-баба ұстанған дәстүрлі дінімізден таймау үшін біз бұл топтардың ұстанымы мен, іс әрекетінен хабардар болуымыз тиіс.
Шара соңында сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы С.Әлімбетов пен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Сапарбай бүгінгі күні жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстары нәтижесін беріп, өскелең ұрпақ ақ пен қараны ажырата білетіндігін айтты.
Дәл осы тақырыптағы жиын №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясында жалғасып, білікті теолог мектептердегі дінтану пәнінен сабақ беретін мұғалімдерімен кездесті.
Е.БАЛТАБАЙҰЛЫ.