Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ АХУАЛ ҚАНДАЙ?

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДІНИ АХУАЛ ҚАНДАЙ?


Елімізде жалпы саны 18 конфессияны құрайтын 3693 діни ұйым өз қызметін жүзеге асыруда. Қазақстандықтардың 16 пайызы дінге сенушілер қатарына жатады және де тұрақты түрде діни рәсімдерді орындайды. Азаматтарымыздың 75 пайызы өздерін әртүрлі дінді ұстанушылар қатарына жатқызады, бірақ діни жоралғыларды тұрақты түрде орындамайды. Азаматтардың 10 пайызы атеистік және агностик бағытты ұстанады.
Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қаты­нас, конфессиялар арасындағы өзара әре­кет­тестік, азаматтардың ар-ождан бос­тан­дығының деңгейі, дін саласын рет­тей­тін қолданыстағы заңнама талап­та­ры­ның сақ­талуы, азаматтардың дін саласындағы сая­сатқа қатынасы мен дін саласындағы ахуалды бағалауы сияқты көп қатпарлы өлшемдердің нәтижесінен құра­лады. Бұл жағынан алғанда, еліміздің дін саласында шешімін таппай отырған мәселе жоқ. Мем­лекеттік-конфес­сия­лық тұрғыдан дә­йек­ті қатынас орнатылып, азаматтардың діни бостандығы толығынан қамтамасыз етіл­ген. Елімізде дін саласында мемлекеттік сая­­саттың жүзеге асыратын уәкілетті орган – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі.
– Зайырлы және дәстүрлі құндылықтар – біртұтас ұлт қалыптастырудағы басты негіздерінің бірі. Қазіргі кезде Қазақстан қоға­мы рухани келісім мен өзара ынты­мақ­тастық жағдайында дамып келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі үлкен жетіс­тіктеріміздің бірі – елімізде діни сенім бостандығының, діни еркін­діктің толық бекуі, сонымен қатар конфес­сия өкілдерінің заң аясында қызмет етуі. Өкінішке қарай, дінді біржақты түсінетін радикалды ағым­дар­дың идеяларын ұстану­шы­лар тарапынан елімізде соңғы 5-6 жылда бірқатар жантүр­ші­герлік оқиға­лар­дың орын алғаны мәлім. Десек те, осындай оқиғалардың өзі еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына сызат түсіре алмайды. Керісінше, мұндай лаңкестік оқиғалар қоғамда берік орныққан конфес­сия­аралық келісім мен ауызбіршіліктің баға жетпес құндылық екеніне көз жеткізе түседі. Сондықтан еліміздегі діни ахуал тұрақты екендігін және діни себептерді бүркеніп, радикалдардың қатысуымен орын алған бірді-екілі оқыс жағдайлар оған түбегейлі әсер етпеді деп сеніммен айта аламыз. Қазақ­стан – әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі. Сол себепті, ел тарихы қазіргі заманғы әлем­нің жағдайымен, даму сер­пі­ні­мен, халық­ара­лық саясат пен эко­но­микадағы өзгерістерге тығыз байланысты дамиды. Діни сипат­тағы дүниені дүр­лік­тір­ген құбылыс­тар­дың, әсі­ре­се, соңғы кездері орын алған Мысыр­да­ғы ме­шіт­­те болған теракт, Ауғанстан мен Ниге­рия­да болған қанды оқиғалар, Сирия аума­ғын­дағы ДАИШ террористік ұйымы әре­кет­те­рінің зұлымдығынан қара­пайым халық зардап шегуде. Мұндай әре­кет­тердің еліміз үшін де кері ықпалы, қауіп-қатері бар екені рас. Бұл ретте қоғамның тыныштығы мен мем­ле­кет­тің қауіпсіздігін сақтау мақса­тын­да дін сала­сын­дағы мемле­кет­тік саясатты жан-жақты жүзеге асыру міндеті алға шығады, – дейді Мәдениеттер мен дін­дер­дің халық­ара­лық орталығының директоры Айдар Әбуов.
Дін саладағы ең маңызды міндет – елі­міздің дамуының зайырлы қағидатын қам­та­масыз ету және нығайту. Яғни, аза­мат­тардың ар-ождан бостандығын бұлжыт­пай кепіл­ден­діру, оның дінді таңдай алу немесе діннен бас тарта алу құқығын қам­та­масыз ету зайыр­лы­лық моделіміздің айнымас негіздері ретінде қала береді. Осы тұрғы­дан алғанда, қоғамы­мызда берік ор­нық­қан конфес­сия­ара­лық келісімді одан әрі нығайту – діни бірлес­тік­тер­мен бір­лескен жұмысымыздың аса маңыз­ды бағы­ты. Сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары негізгі екі бағытта жүргізіліп келеді. Жалпы, про­филактика және мақсатты реабили­та­ция­лау жұмыстары:
1) жалпы профилактика қоғамда діни-экстремистік идеологияны жақтырмау ахуа­лын қалыптастыруды, дінге қызы­ғу­шылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеру бойынша жұмыс атқаруда;
2) мақсатты реабилитация тәуекел топтарымен, яғни экстремистік ағымдар­дың идеологияларына еріп кеткен адам­дар­ды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыс­тар жүргізу арқылы іске асырылып келеді. Бұл бағыттағы іс-шараларда Ішкі істер министрлігінің түзеу мекемелерінде (коло­ния­ларда) жазаларын өтеушілермен жұмыс жүргізіледі. Жалпы, дін саласында басты рөл ойнайтын – діни бір­лес­тіктер, солар­дың ішінде – ҚМДБ. Мем­лекет осы мақ­сат­та мешіт қызмет­кер­ле­рі­нің білім дең­ге­йін көтеруге, оның қызметінің ашық­ты­ғын қамтамасыз етуге және олардың өз жұмыс­­та­рын зайырлылық жағдайына бейім­деуіне көмек көрсетеді.
Тұңғыш рет деструктивті діни ағымдар мен псевдосалафизимге қарсы Үкіметтің тікелей позициясы айқындалды. Айдар Әбуовтің айтуынша, қазақстандықтардың 85 пайызы деструктивті идеялардың тара­луы­на қарсылық білдірген. Халықты ақпа­раттан­дыру, мемлекеттің дін сала­сын­дағы саясатын түсіндіру мақсатында елімізде 250 арнайы ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істеуде. Олардың құрамында 3500-ге жуық адам бар. Есептерге сәйкес, өткен жылы 23 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, олар 1 миллион 850 адамды қамтыды. Сондай-ақ КazIslam.kz ин­тер­нет порталы­мен бірлесіп жұмыс жүр­гізі­луде. Министр­лік жанында дін мәсе­лелері жөніндегі және дін көшбас­шы­лары­ның Сарапшылар кеңесі бар. Әр жылда бір рет дінтанушылар форумы өткізіліп отырады. «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам университетін Қазақстанның қарамағына өткізу үшін қазіргі уақытта Мысыр елімен келіссөздер жүргі­зі­луде. 2017 жылы министрлік баспа өнімдерін шыға­ратын 2925 нысанға талдама жұмыс­тарын жүргізіп, оның ішінде 136 нысанның заңға қайшы әрекетін анықтады. Ради­кал­ды бағыт ұстанатын тұлғаларға түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуде. Мәселен, «Нұр-Мүбәрак» университетінің жанында экстре­мизмге қарсы іс-қимыл саласы бойын­ша теолог­тарды дайындайтын инс­ти­­тут құрыл­ды. Аталған білім орда­сын­да 100-ден астам имам қайта даярлау кур­сы­нан өтті. ІІМ мен ҚАЖК (қылмыстық атқару комитеті) жүйесінде діни экстре­мизм үшін сотталған­дарды бейімдеу бойын­­ша жұмыстар өткізу ұйым­дас­ты­рыл­ды. Дін саласы бойынша туындайтын сауал­дар үшін «Қауырт желі – 114» желісі жұ­мыс істейді.
Елбасымыз жаһандық әлем өзінің үдемелі серпінімен халықтың рухани­лы­ғына, оның құндылықтары мен дәстүр­ле­рі­не негізделген қазақстандық ұлттың ерек­ше сана-сезім тұрпатын талап ететіні жө­нін­де нақты атап көрсеткен болатын. Олардың ең басты құн­дылығы – Қазақ­стан­ның зайырлы құнды­лықтары, толе­ранттылық, бейбіт өмірді сүйгіштік және барша дінге сенушілер мен атеистердің құ­­қықтарын құрметтеу. Осы мақсатта елі­міз­де дін саласындағы мемле­кет­тік сая­сат­ты жаңғырту жұмыстарын белсенді атқа­рып келеді. Елімізде дінге еркіндік бере­тін зайырлы принциптер Конституция­мен бекітілген. Зайырлылық – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқа­ры­луы.
– Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Зайыр­лы­лық дәс­түр­лері – Қазақстанның ертеден келе жатқан мұрасы» деп атап өтті. Мұның негізінде – төзімділік, бейбітшілік және бар­л­ық діндар мен дінді ұстанбайтындардың құқы­ғын құрметтеу жатыр. Дін – әрбір адам­ның жеке ісі, ол саясиланбауы және заңдарды ауыс­тыр­мауы керек. Екіншіден, дін рухани құнды­лық­тарға баса назар аударып, басқа ұстаным­дағыларды айып­тап, кінәламауы керек. Адамдар зайырлы демократиялық мемле­кет­тің орнына орта­ға­сырлық тәртіп орнап, аласапыран болуы мүмкін деп алаңдайды. Мұндай процестер бірқатар елде болған. Еліміздегі әлеуметтік зерт­теулер нәтижелері азаматтардың көп­ші­лігі зайырлылық құн­ды­лық­тарын жоғал­тып алуға болмай­ты­нын дұрыс деп санай­ты­нын көрсетіп отыр. Деген­мен осы тұр­ғыда халыққа зайыр­лы­лық­ты жете түсін­діру үшін қоғамдық тыңдауларды көбірек өткізуге деген қажеттіліктің бар екен­дігі аңғарылады. Мемлекет қоғам сұранысына сай зайырлылық қағидаттарын уақыт өткен са­йын жетілдіріп келеді. Себебі, зайырлылық – қатып қалған догма емес. Зайырлылық деге­німіз – жалпы халық­тың мұң-мұқтажын ескеріп, соған сай мемлекеттік тұрғыда шешімдер қабыл­дау. Яғни, зайырлылық – тірі ағза, ол ұдайы модернизацияны қажет етеді. Халық арасында діни сенімді, дінді дұрыс түсінуді қалыптастыру және конституциялық қағидаттар нығайту жұмыстарын көбірік жүргізу. Себебі, бүгінде деструктивті ағым­дар фундаментализм мен ескірген діни қағи­даларды таратуда. Олар қоғамның рухани, ізгі құндылықтарын, халықтың қалыптасқан өмір салтын, мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзуға ты­ры­су­да. Бұл тұрғыда уақыт көрсеткендей, дін­ді дұрыс түсініп, оны дұрыс қолдануға дәс­түр мен тиісті діни мәдениеттің деңгейі қа­жет. Көпконфессиялы ортада барлы­ғы­ның теңдігін қамтамассыз ете алатын құқықтық қоғам жағдайында ғана мүмкін дүние, – дейді Айдар Әбуов.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында халқы­мыз­дың ұлттық санасына егжей-тегжейлі тал­дау жасап, қазір­гі заманның сын-қатер­ле­рін ескере отырып, оны ары қарай же­тіл­­­дірудің нақты жолдарын көрсетті. Елбасы «Рухани даму – біркүндік емес, күр­делі процесс» деп атап өткен бола­тын. Мем­лекеттің зайырлы қағидат­та­рын, ұлт­тық болмысымыз бен сана-сезімімізді сақтай отырып қана көптеген жетістіктерге жете аламыз. Сонда ғана бүкіл әлемнің біз­ді тарихы бай, мәдениетті, серпінді эко­но­микасы, болашаққа деген биік мақ­саты бар бірегей ұлт ретінде қалыптаса аламыз. Рухани жаңғыру тұйықталу арқылы емес, қайта керісінше, сананың ашықтығымен, дамыған өзге елмен тең дәрежелі қарым-қатынас жа­сай алумен, жақсысын тану, оны игеру арқы­лы жүзеге аспақ. Себебі, қазір­гідей жаһан­­дану үдерісі кезінде, кез кел­ген ақпараттар легінің жақсы мен жа­манды айырмастан, ішкі сүзгіден өткіз­бес­тен қабылданып жатқан шағында руха­ният­қа, ұлттық сана, ұлттық біре­гейлік мәсе­лелеріне ерекше назар ауда­ры­луы – уақыттың талабы.
 
Қайыржан ТӨРЕЖАН
24 қаңтар 2018 ж. 5 398 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930