Жат ағым жолдан адастырады
Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни ақпараттық-насихат жұмыстарының тиімді жүргізілуі. Осыған қатысты сәрсенбі күні №46 мектеп-гимназиясында ҚР ҰҚК академиясының доценті, философия ғылымдарының PhD докторы Қайсар Назарбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Кеңшілік Тышхан және Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Аралбек Боранбаев ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мектеп қабырғасында өткен жиынға ақпараттық түсіндірме тобы, мектеп директорларының орынбасарлары мен психологтары, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары қатысты. «Діни экстремизм көріністерінің алдын алудағы ақпараттық-түсіндірме шараларын жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен басқосуда ҚР ҰҚК академиясының дәріскерлері мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Кеңшілік Тышқан баяндама жасап, жастардың діни сезімдерінің радикалануына жол бермеу мәселелері мен шешу жолдарын талқыға салды.
Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Бізге қоғамда, әсіресе жастар арасында діни экстремизмге қарсы профилактиканы күшейту қажет» деп, бағыт-бағдар берген болатын. Осы бағыттарда дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, тұрақтылықты нығайту және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен форматты шараларды көптеп ұйымдастыру бүгінгі күннің талаптарының бірі.
Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремистік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару керек. Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асыру қажет.
Ал, екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, әрі оларды қайта иландыру жолдарын, айла-тәсілдерін зерттей отыра, ондай шараларды іске асыруды қолға алу бүгінгі күніміздің талабына айналды. Сондай-ақ, семинарда «Жастардың діни сезімдерінің радикалануына жол бермеу мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбы айтылды. Кейбір мәліметтер бойынша, өзге ағымның жетегіне кетушілердің 80 пайызы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтарды құрайды. Оған негізгі себеп – әлеуметтік желілердегі уағыздар мен жастар арасындағы жұмыссыздық. Сондықтан, жиында дәріскерлер мектеп психологтары мен ұстаздары оқушылардың діни сауаттылығын арттыруды жиі қолға алу керек деп есептейді. Ал, мешіт имамдары мен теологтар ел арасындағы үгіт насихат жұмыстарын жүйелі жүргізсе, жастардың түзу жолдан таймауына сеп болатындығын жеткізді. Семинар-тренингке қатысушылар баяндамашыларға сауалдарын қойып, қажетті мағлұматтарға қол жеткізді.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.