Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділет бізден, төрелік көптің хақы

Әділет бізден, төрелік көптің хақы

Жұма күні 100-ге тарта адам орталық алаң маңына топтасқанын естігенде абдырап қалдық. Қаңтардағы қырғыннан жүрек шайылды ма, әйтеуір адамдар топтасса қорқатын болыппыз. Сөйітсек, тағы да жер дауы.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші бұл жолғы дау «Байсын» шаруа қожалығынан еншісін алып, бөлек отау тікпекке ниетті 93 жер үлескеріне қатысты шыққан. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылы «Байсын» шаруа қожалығы құрамында болған 118 үлескердің 93-і (79 процент) бөлініп шығып, өз үлестерін «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығына беру туралы аудандық әкімдікке өтініш білдірген екен. Артынша әкімдік өкілдерінің қатысуымен арнайы жиналыс өткізіліп, 93 адамның қолы қойылған хаттама толтырылған. Нәтижесінде аудан әкімідігі 93 үлескердің жерін «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығына беру туралы арнайы қаулы да шығарып береді. Алайда, «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аят Есжанов болса, бұл қаулымен келіспейтіндігін, әрі өтініш білдірген 93 адамның қолының шынайылығына күмән келтіретіндігін айтып, облыстық ауданаралық экономикалық сотқа арыз береді.
Міне содан бері 6 ай уақыт өтсе де іс алға жылжымай қойған. Ал егін науқаны болса таяп қалды. Осыған ашынған 93 үлескер шарасыздықтан орталық алаңға жиылыпты өткен жұмада. Алдымен аудан әкімдігіне барып өздерін қабылдауды талап еткен. Өз кезегінде аудан әкімі азаматтарды түгелдей қабылдап, құзіреті шеңберінде барлық амалдарды жасағанын айтуда. «Ендігі төрелік тек сотқа байланысты», – дейді аудан әкімі Н. Мақұлбеков. Сондай-ақ, процессті жеделдету мақсатында аудан әкімдігі аудандық сот пен әкімгершілік сотқа хат жолдаған.
Демек әкімдіктің айыбы да, қолдан келер амалы да жоқ. Істің созылуы да, жылдам шешілуі де соттың қолында деген сөз. Осыны түсінген азаматтар енді аудандық сот ғимаратына беттеді. Мұндада өз талаптарын жеткізіп, қабылдау өткізуді сұрады. Аудандық сот өкілдері де көп күттірмей шағымданушы азаматтарды жинап, қабылдау өткізді. Жиынға аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы, судья Айдос Жолдыбаев қатысты.
Жер үлескерлерінің атынан сөз алған Рысбай Нысанханов есімді Жаңатұрмыс ауылдық округі тұрғын мәселені тарқатып берді.
– Өткен жылдың қазан айында 93 жер үлескері 4 мың гектарға (1070 егістік жер) жуық жерімізді «Байсын» шаруа қожалығынан бөліп алып, «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығын құруды ұйғардық. Аудан әкімдігі болса, бізге заңды түрде қолғабыс жасап, қаулы шығарып берді. Көп күтпей жер қатынастарымен бірлесе жерді жалға алу бойынша келісім-шартқа отырдық. Артынша жердің көк қағазын алу процесіне келген кезде жерімізді пайдалануға шектеу қойылғанын білдік. Сөйтсек 2021 жылы желтоқсан айында «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аят Есжановтың облыстық ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз беріп, соның негізінде жерімізге шектеу қойылғаны анықталды. Сол шектеуге байланыс­ты облыстық ауданаралық экономикалық соттан 15 қаңтар күні сот процессі өтеді деп хат келген болатын. Алайда қаңтар оқиғасы бар, басқасы бар сот процесі белгіленген уақытта өтпеді. Кейінен сот процесі 11 ақпанға белгіленді. Нәтижесінде сот Ақсүйрік Сансызбаева хаттаманы қарауға Шиелі аудандық сотына, ал аудан әкімінің қаулысын қарауға әкімшілік сотқа жолдады. Бірақ біз әлі күнге істің басталғаны жөнінде де ақпарат ала алмай отырмыз. Бұлай жалғаса берсе биылғы егін науқанына үлгере алмай қаламыз, – деді.
Ал сот Айдос Жолдыбаев болса, бұл мәселеге былай жауап қайырды.
– Талап арызбен мен жеке таныстым. Онда әкімнің қаулысы мен хаттаманың күшін жоюды сұраған. Әкімнің қаулысын қарау әкімшілік сотқа, ал хаттаманың күшін жоюға байланысты арыз біздің Шиелі аудандық сотына келіп түсті. Қазіргі таңда азаматтық іс әзірленуде. «Азаматтық процестік кодекстің» талаптарына сәйкес, азаматтық іс түскенен кейін 20 жұмыс күні ішінде әзірлік жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін алдын-ала тыңдау тағайындалады. Содан соң талаптардың барлығы жинақталып сот отырысы тағайындалады. Сіздер айтып отырған хаттама бізге 15 наурызда ғана келіп түсті. Ал 5 сәуір күні сағат 16:30-ға алдын-ала тыңдау тағайындалып тұр. Бұл туралы сіздерге қосымша хабарлама беріледі. Негізінде осы жұмыстар аяқталғаннан кейін барып азаматтық іс 2 ай ішінде қаралуы тиіс. Алайда сіздердің мына жағдайларыңызды ескере отырып, істің барынша тез қаралуына ықпал жасауға тырысамыз.
Жаңатұрмыстық шаруалардың алаңдауы орынды. Сот ісі 2 айға созылып кетсе, биыл да олар егін егіп, жерден нәпақа таба алмайтын түрі бар. Қарапайым халықтың жалғыз тілегі өз жерлеріне өздері егін егіп, мол өнім алу. Ал бұл жұмыстар биыл бастала ма, тағы бір жылға шегіріле ме ол соттың еншісінде. Тек «Әділет бізден, төрелік көптің хақы» деген даналықты естен шығармаса болғаны.

Рамазан ӘНӘПИЯ
04 сәуір 2022 ж. 520 0