Түркістандық шаруа лимон өсіріп, миллионер болды
Түркістан облысы Жетісай ауданының Атамекен ауылдық округіндегі «Нұрсұлтан» шаруа қожалығы өткен жылы 10 сотық (1 мың шаршы метр) лимон бағынан 5 тоннаға жуық өнім алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиналған өнімнің әр келісін шаруа 800 теңгеден саудалап, 5 миллион теңге пайдаға кенелген. Сөйтіп, биыл лимон бағының көлемін тағы 10 сотыққа ұлғайтқан. Қазір мұнда көшеттер топыраққа отырғызылып, күтіп-баптауға алынған. «Лимонның көшеттерін 2016 жылы Өзбекстан елінен арнайы алдырттық. Жылыжай құрып, үшінші жылы 3 тонна, ал биыл 5 тонна өнім алдық. Әр түп шамамен 30-40 келіден өнім берді. Негізінен әр түп лимон 25-30 жыл өнім беруге қауқарлы»,- дейді жылыжай бағбаны Юлдаш Аблазов.
Жалпы, «Нұрсұлтан» шаруа қожалығының иелігінде 17 гектар жер бар. Оның 6 гектарына шабдалы, 20 соттығына жүзім, 20 соттығына лимон, 80 мың түп шайлы роза көшеттері егілген. Қожалық төрағасы Мұрат Жұмабеков алдағы жылы лимон көлемін тағы 30 сотыққа арттыруды жоспарлап отыр. Айта кетерлігі, бұл қожалық тәжірибе ретінде 2 гектар жерге құрма еккен.