Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Қазақ қариясын құрметтеп, қартын қадірлеген халық. Ел басына күн туып, жау етектен алған қилы заманда да ақсақалын төрден түсірмей, ақжаулықты аналарын ардақтай білген елдің ұрпағы екеніміз белгілі. Әр халықтың бойында сонау заманнан бері қалыптасып, оны өзгелерден даралап тұратын, тек өзіне тән қасиеттері болады. халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» дегендей батасымен елін көгертіп, өнегелі сөзімен ұрпағына тәлім-тәрбие беріп жүрген қариялардың бірі – Ысқақ Әбдіқайымұлы. Елінің өсіп-өркендеуіне саналы ғұмырын арнап, бүгінде ел-жұртының ­абыройына бөленген атпалдай азаматтың бірі – Ысқақ Махаш 90 жасқа толды.
Еңбек майданында өзінің еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, жүрген ардақты жандар аз емес. Тіпті Жаңатұрмыс ауылдық округінің қазыналы қариясына айналған Ысқақ Әбдіқайымұлын білмейтін жан кемде кем. Халқымыз «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер», «Баталы ер – арымас» деп бекер айтпаған. Пайғамбарымыздың да «қарттарды сыйлаңдар, олардың алғысын алыңдар» деген өсиеті бар. Батаның қадір-қасиеті жоғары. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін, рухани қазыналарын ел арасында насихаттауға елеулі үлес қосқан абыз ақсақалдардың бірі Ысқақ Мақаш қазақ халқының бата беру дәстүрін дамытып келеді. Ысқақ ақасақалдың өмірі ашаршылықпен тұспа-тұс келеді. 1932 жылы 8 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Байсын ауылында шаруаның отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталғанда Ысқақ небәры 9 жаста болған. Колхозда еңбек етті. 1950 жылы Шиелі ауданында орта қазақ мектебін, қазіргі №45 «Ақ Оpда» мектеп-гимназиясын 9 жыл оқып аяқтады. 1950-1953 жылы Жамбыл облысындағы мәдениетті ағарту училищесін бітіріп шықты. 1954 жылы қазіргі Алғабас ауылындағы мәдениет үйінде меңгеруші болып қызмет атқарды. 1956 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің ықпалымен Ташкенттегі қаржы (финас) институтын кешкі бөліміне оқуға түсіп, 1958 жылы аяқтаған. 1956-1971 жылдар аралығында Қызыл Ту колхозында есепші қызметін атқарып, қырман бригадирі болған. 1995 жылдан бастап құрметті зейнет жасына шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ысқақ ақсақал ауылдың қоғамдық жұмыстарынан қол үзбей, ақсақалдар алқасы мүшесі ретінде ауылдың экономикасы, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді. Өзінің сауаттылығы, тәжірибесі негізінде ел басшылары қатысқан келелі жиындарда ауылдың күрделі мәселелеріне ашық пікір айтып, ой қозғап жүрген ауыл ақсақалы «Құрмет белгісі» ордені және бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
1959 жылы отбасын құрып, 7 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, 31 немере, 21 шөбере көріп отыр. Ысқақ ақсақал жастарға да өзінің ағалық, аталық ақылын айтып, өзінің парасат-пайымын байқатып келеді. Ол кісінің тәлімінен дәріс алып, бүгінде елге қызмет етіп келе жатқан кейінгі буын қашанда қадірлі қарияға деген құрметтерін аяған емес. Сол кезеңге жеткенше бейнеттің бел ортасында болып, ел үшін, қоғам үшін қолтаңба қалдыра білген жандардың өмірі құрметке лайық. Ұрпақтарының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, дәстүрге сай тәлімді тарбиеге қанып өссе екен деген тілегін жеткізді. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шындығында өскелең ұрпаққа өсиетін айтып, жолға жүрерде ақ батасын беріп отыратын осындай қазыналы қарттарымыз төрімізде отырса, жастарымыз бағытынан айнып, жолынан адаспасы анық.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсеткен адамның мерейі өседі. Осының парқын жақсы түсінетін Байсын ауылының әкімі Балдәурен Шәкіртаев Ысқақ Махаштың 90 жылдық мерейтойына арнап аудандық «Арман» мәдениет үйінде «Қазыналы қарт Ысқақ Махашов 90 жаста» атты кең көлемде кеш өткізді. Салтанатты кешті тамашалауға келген барша жұрттың көңілі бір серпіліп қалды. Барлық ауылдарда Ысқақ секілді қариялар бар. Бірақ, менің байқағаным оларға өз дәрежесінде лайықты құрмет көрсетілмей жататыны жасырын емес. Міне, осындай еңбек адамын дәріптеуде жас та болса, көрегендік танытқан Байсын ауылының әкімі Балдәурен Шәкіртаевтың бастамасы көңілге қуаныш сыйлады. «Қартын қадірлеген ел ардақты» деген осы емес пе? Бұл үрдіс одан әрі жалғасын тауып, әрбір ауылдағы еңбек адамдарын көз тірісінде насихаттауды назарға алсақ. Аудан әкімі Н.Әскербекұлы ауданда осындай іс-шаралардың көптеп ұйымдастырылуына мұрындық болса деген ұсынысымыз бар!

Пердәлі Архабаев,
Қызылорда облысының «Құрметті ардагері», Шиелі ауданының «Құрметті азаматы».
15 наурыз 2022 ж. 699 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930