Малы қоңды, өрісі төлді
Халқымыз бір-бірімен сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқанда ең алдымен: «Мал-жаның аман ба?» деп сұрайды. Осының өзі-ақ, қазақтың өмірінде, күнделікті тұрмыс-салтында төрт түліктің аса маңызға ие екенін көрсетіп тұр емес пе?! Кең сахарада мал баққан шаруа үшін төрт түліктің амандығы, жаңа туған төлдің жағдайы әрдайым басты назарда болады. Дәл қазіргі уақыт Абай атамыздың өлеңінде айтылатындай, қой қоздап, түйе боздап, қорада шу болып жататын қауырт кезең.
Мал қыстату мен қой төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген еңбекшілік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі мал төлдету науқанына барлық түлік түрі қоңды келді. Осындай алдын-ала жасалған тыңғылықты дайындықтардың нәтижесінде мал төлдету науқаны қалыпты жағдайда жүргізілуде. Жалпы айтқанда аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 1084 шаруа қожалығы бар. Аудан бойынша 72691 мүйізді ірі қара, 22595 бас жылқы, 1525 түйе бар. Сонымен қатар, 108260 бас қой-ешкі, 32426 құстар өсіріледі. Сонымен бірге, 2021 жылдың тамыз айында мүйізді ірі қараның аналық басына 15 мың, жылқы мен түйеге 10 мың, уақ малға 5 мың субсидия берілген.
Мал қыстату мен қой төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген еңбекшілік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі мал төлдету науқанына барлық түлік түрі қоңды келді. Осындай алдын-ала жасалған тыңғылықты дайындықтардың нәтижесінде мал төлдету науқаны қалыпты жағдайда жүргізілуде. Жалпы айтқанда аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 1084 шаруа қожалығы бар. Аудан бойынша 72691 мүйізді ірі қара, 22595 бас жылқы, 1525 түйе бар. Сонымен қатар, 108260 бас қой-ешкі, 32426 құстар өсіріледі. Сонымен бірге, 2021 жылдың тамыз айында мүйізді ірі қараның аналық басына 15 мың, жылқы мен түйеге 10 мың, уақ малға 5 мың субсидия берілген.
Жалпы, істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Сол қатарда «Бәйдібек» шаруа қожалығы бар. Шаруаның тыныс-тіршілігімен танысудың сәті түскен еді. Төрт түлік өсіру атакәсіп десек те, қиындығы бір басқа жетіп артылады.
Еңбек адамының балалары да ата-анасына қарап бой түзейді емес пе? Ғафурдың әкесі Қалыбек ветеринар болып еңбек етсе, ал анасы Ұлман саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан. Жастайынан шаруаның бір жағына шығысып ержеткен Ғафур да еңбекқор болды. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Демек, қаншалықты еңбектенсең соған қарай табысың да артатыны сөзсіз. Төккен ащы терінің тәтті дәмін тату біздің кейіпкерімізді ынталандырып, одан сайын қызықтыра түсті. Ой-арманын оятып, соған жету жолындағы ізденістерін тудырды. Ақыры атакәсіпке түбегейлі бет бұрды. Бала кезден төрт түліктің қасында жүріп, осы саланың қыр-сырын меңгерген Ғафур Байдеуов 2017 жылы «Бәйдібек» шаруа қожалығын ашқан. Сол кездегі экономикалық қиындықтар оған да оңай соқпады. Жатпай-тұрмай еңбектенудің арқасында жағдайын бірте-бірте түзеді. Бастапқыдағы 20-30 қаралы қой, 5-6 бас жылқы уақыт өте өз төлі есебінен еселеп өсе бастады. Мал саны артқан сайын оны күтіп-бағу жұмысы да күрделене түсті. Алдына салған түліктің төлдеп-өскенінен оған деген қызығушылығы артты. Жылдан-жылға көбейген сайын тынбай әрекет етті. Қора-жайын заманауи әдіспен кеңейтіп, жаңа өріс іздеді.
Қазіргі уақытта қожалықтағы екі үйір жылқы, 10 бас түйе, отар-отар қойды күтіп-баптап, көбейту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы да табыссыз болған жоқ. Алдына төрт түлік салған малшы қауымының тірлігі табиғатпен етене жақын екені әуел бастан белгілі. Оның үстіне ауа райы аса қолайсыздық таныта қоймады. Соның арқасында малы қоңын түсірген жоқ. Саны өз төлі есебінен өсе түсті. Соған сай одан түсетін табыс та артты дейді Ғафур.
Былтыр 1000 бас аналықтан, 700 бас төл алынған. Биыл Жамбыл облысынан 4 ангус және 1 ақбас бұқасын алып келген. Ендігі алға қойған мақсаты – мал санын арттырып, шаруашылықты кеңейту.
Кәсіпкер Еңбекші ауылының маңайынан мал өсіруге қолайлы 1200 гектар жайылымдық жер алып, үй тұрғызып, қоражай салған. «Мал баққанға бітеді» демей ме?! Малдың құнарлы жем-шөбінен бастап, түрлі ауруларға қарсы екпелерінің уақытылы салынып тұруын, қоражайының санитарлық тазалығын, тіпті қоражай ішінің қалыпты температурасына дейін иесі қадағалап отыруы керек. Күтімсіз мал басы көбеймейді. Бұл тұрғыдан келгенде кәсіпкер ыждағатты. Таң азаннан тұрып малды сауу, өріске шығару, қорада қалатын төлдерін суарып, жемдеу, қора жайын тазалау секілді жұмыстарды ауылдың жұмысшылары Бахытхан Құралбекұлы, Абдулла Бегайдарұлы, Нұрдәулет Анарбекұлы, Бегайдар Аманжолұлы атқарады.
– Мен алғаш кәсіпті әуелі «мәліш» тұқымды қойын өсіруден бастадым. Жүні бағалы болғанымен көп күтімді қажет ететіндіктен бас тартып, толық қазақы қойға басымдық бердім. Сондай-ақ, осы наурыз айының 15-20-нан бастап, қылшық жүнді қазақы қойлар төлдей бастайды. Сонымен қатар, өткен жылы әр саулық үшін ірі қараға 15000 мың, уақ малға 2500 теңге субсидия төленді. Сондықтан бар күшімізді салып, мал басын еселеп арттыруды жоспарлаудамын, – дейді қожалық иесі.
Жазда жылдағы дәстүрмен малын Қаратау етегіне шығарған екен. Таудың салқын ауасымен тыныстап, тұнық суын ішіп, шүйгін шөбімен қоректенген төрт түлік күздеуге жүні жылтырап, сүбесі қалыңдап түскен.
Қожалық шаруаға қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Қарамағында жүк көліктері, жаңа екі трактор, шөп шабатын, жинайтын, әртүрлі қалыпта буып-түйетін агрегаттар бар. Мал азығы үшін жем-шөпті өздері дайындайтын арнайы диірмені де жұмыс істейді. Тіпті диірмен ауылдың игілігіне жарап тұр. Ғафурдың айтуынша, бидайдың әр келісін 10 тг-ден тартып беріп отырады. Сонымен қатар, төрт бірдей отбасыны жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, ауылдың кіре берісін көркейту көгалдандыру мақсатында көшеттер отырғызуға көмек беріп, аналарға жәрдемдесіп жүр. Ғафур Байдеуов ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін алғыс хаттар және «Жазылбек Қуанышбаевтың-125» медалімен марапатталған. Әр адам ұшқан ұясын ұмытпай, қамқорлық жасаса, алтын бесік ауылдың гүлдене түсері анық.
Ш.Тілеубаев