Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалила Омаров ғашық болған арулар

Қалила Омаров ғашық болған арулар

Редакциямызға белгілі кинематографист, режиссер, бүгінде туған халқын әлемге танытуға атсалысып жүрген жерлесіміз Қалила Омаров ағамыз келді. Алашордашылар, репрессия, нәубет жылдарының шындығын ашуда деректі фильмдер түсірген, жалпы қайбір кинотуындысы болмасын қазақ халқының жандүниесімен астасып жататын терең ойлы, ұшқыр қиялды Қалила ағамыз бізбен әңгімесінде шығармашылығынан гөрі жеке тағдырын тереңірек жайып салды.
«Шынымды айтсам, – деді ол, – жастық шақта ешнәрсені парықтай бермейді екенсің. Елуден асқанда өз-өзіңе есеп беріп, көңілің құлазитын жағдайың жиілейді екен. Жүрекке салмақ салар қилы тағдыр басқаларға да тән шығар. Сондықтан көппен бөліссем жеңілдеп қалармын. «Қалиланың өміріндегі үш ару». Осы тақырыпта сырлассақ қалай болады? Өйткені ол үшеуі де менің өмірімнің үш бөлшегі ғой. Осындай тұлға болып қалыптасуымда да әрқайсысының өзіндік орны бар. Мен тіпті сол үшеуіне де өзімді қарыздар сезінемін. Сонымен…»
Бірінші сыр
Түбіт мұрт жігіт атанып, тұңғыш рет ұнату дегеннің не екенін ұқтырған қатар сыныпта оқитын Сәуле есіме түссе әлі күнге дейін жүрегім бір аунап түседі. Мен сол қызға керемет ғашық болдым… Бидай өңдінің ішіндегі сұлуы. Әсіресе көзі керемет еді. Мен ғана емес, көз салушылар көп сияқты. Бірі спортсмен, бірі жақсы төбелеседі, бірі гитарада жақсы ойнайды. Менде тек қиял. Қайткенде соның бәрінен озып, Сәуленің көзіне түсемін? Ал ол болса менің осынша азап шегіп жүргенімді сезбейтін де сияқты. Көркем әдебиетті көп оқитынмын. Бір күні Максим Горькийдің кітабынан мынадай жолдарға көзім түсті: «Азап шеге білмеген өмір сүре де білмейді». Мен нағыз өмірді жаңа бастағанымды түсіндім. Бұған дейінгінің мәні де, мағынасы да жоқтай. Олай болса азаптың көкесі алда. Мен тек төзе білуім керек, жеңе білуім керек. Жаса, азапқа толы тәтті өмір!
Азабымның басы Ленинградқа қашу жөнінде тоқтамға әкелді. Мақсатым – Қалиланың тегін еместігін дәлелдеп, Сәулені таңғалдыру. Қалтамда жинап жүрген алты сом (рубль) ақшам бар. Бір күні пойызға міндім де қашып кеттім. Мені екі күннен соң Ақтөбе вокзалында пойыздан түсіріп алып, балаларды оқшаулау колониясына алып келді. Шашымды тақырлатып алып тастады. Соңымнан арып-ашып әкем де жетті. Аямай соғады-ау деп ойлағанмын, аман көргеніне тәубе етті ме, тақыр басымнан сипап, бір иіскеді де қойды. Тұңғышы емеспін бе, мейірі түскен шығар. Сонымен кері ауылға қайттық. Бірақ мен де алған бетімнен қайтпадым.
Орта мектептен соң ақыры Ленинградқа барып, кинематографистер дайындайтын оқуға түстім. Мықты ұстаздардың алдын көріп, әбден толысып, жан-жақты біліммен қаруланып қайттым ауылға. Осыншама қиындықтарды жеңіп, тұлға болып қалыптасып, бүгінгідей биікке жетуіме Сәулеге деген өлермен сүйіспеншілігім себеп болғанын мойындауға тиіспін. Жамбыл жаққа тұрмысқа шыққан Сәуленің кейін бірнеше жылдардан соң киностудияға, маған телефон соққаны бар. «Қалила» деген дауысы жүрегімді дір еткізді. Сол баяғы қалпы, сыңғырлап тұр. Көзім жеткені, неше жыл өтсе де кісінің дауысы өзгермейді екен. Кейін өзін де көрудің сәті түсті. «30 жылдыққа кел» деп хабар берді ауылдағылар. «Сәуле келе ме?» деймін мен. «Келеді». Қалжыңдап әйеліме айтып ем, «Ее, барып кел алғашқы махаббатыңды көріп қайт!» – деп күлді. Бұл жерде қызым Сәуле (есімін неге бұлай қойғанымды сезіп отырған шығарсыздар) қызғаныштық танытты. Мен де барамын деді. Содан не керек, қызыма «алғашқы махаббатымды» көрсеттім. Кеспелдектей толып алған келіншек болған. Қызым «мына апаға сонша ғашық болдыңыз ба?» дегенде өзім қысылдым. Қайтесің, уақыт ешкімді аямайды.
Екінші сыр
Ленинградтағы оқуымды бітіріп келген соң аудандық мәдениет үйіне қызметке орналастым. Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитов, Сауран Елеуовтердің ортасындамын. Осы жылдары ғой, Ә.Мәжитовтің ашаршылықты бейнелейтін «Бір үзім нан» пьесасымен Астанаға дейін барып қайтқанымыз. Осы кездері ауылға жолдамамен келген суретші, Оңтүстіктің қызы Ләззатқа көңілім ауды. Өзі қайсар қыз. Балалар театрын ашты. Маған ұнайтыны да оның осы іскерлігі, бірбеткейлігі, жұмыс десе жанын береді. Сезімімді өзіне білдіріп қоямын. Ол да кет әрі емес. Бірақ үйдегілер келіспейтін сияқты. «Бөтен жақтың қызы түбі сені еліне алып кетеді. Сен мына іні-қарындастарыңа қарайлауға тиіссің, соларға қамқор болатындай елдің дұрыс қызын ал» деп құлағымды жейді. Сонымен мен Ләззатты ұната тұра қолыма қондыруға жүрексіндім.
Үшінші сыр
Осындай күндердің бірінде мәдениет үйіндегілер күрішке көмекке баратын болдық. Бізбен қатарда Қызылорда педучилищесінің қыздары қоныпты. Содан күндіз жұмыс, кешке би. Биде жүріп Рыскүлмен таныстым. Нұрлы көзді, еліктің лағындай мөлдіреп тұрады. Қарапайым, жүрегімді нәзіктігімен баурап алғандай. Сенгіш. Бір күні мынадай оқиға болды. Би кешінен соң аздап сыра ішкенді көтере алмай, қызып, құлап қалсам керек. Жастар жөн-жөнімен тараған. Жатқан жерімнен тұрғызып үйге дейін Рыскүл өзі жетектеп келіпті. Айнала қалың көз, сыпсың сөзден де қысылмағаны ғой. Мен есімді білмеймін. Тек қыздың мойнындағы орамалға тас қып жабысып алып жібермеппін. Таңертең уысымдағы орамалға қарап, аң-таңмын. Бір кезде Рыскүлдің өзі «Ағай, орамалымды беріңізші» деп келіп тұр. Мен оған орамалын ұсындым. Сонда сол орамалға жүрегімді орап беріп тұрғандай күйде болдым. Оның менімен мәңгі бірге екеніне, қай кезде де жанымды да, арымды да қызғыштай қоритын адалдығына сенгім келді. Мен де оған қорған болуға жарасам, бақытқа жеткізсем деп шын мақсатқа бел будым. Ойымды жолдастарыма айттым. Нұрберген де, Қалтай да ойымды құптап «Олай болса тезірек әрекетке көш» деп ақыл берді. Куратор апайымен келісіп, қызбен сөзіміз бар екенін айтып, Рыскүлді алып қаштым. Міне, содан бері Рыскүл екеуміз бір шаңырақтың астындамыз. Төрт ұл-қыз өсірдік. Менің Рыскүлге риза болып басымды иетін тұстарым көп. Ол өзінің бүкіл қызығын, арман қалауын менің азапты шығармашылық жолымның бағының жануына арнаған жан. Өмір бойы менің жағдайымды жасауды ғана білді. Өз қарақан басы үшін бір нәрсені талап етпеді, бір нәрсені тап деп қыстамады. Барына қанағат етті. Отбасының берекесін кіргізіп, балаларына асыл ана бола білді. Ердің түзде жолы болуы үйдегі жарының ақ тілеуінің де арқасы.
Төртінші сыр
Рыскүлмен енді бас қосқан кезім. Байқаймын, ауылда талантымның тұралайтын түрі бар. Фильм түсіру жөнінде қиялдаудың өзі артық. Құрал-жабдық жоқ. Сонымен бір күні Алматыға тартып кеттім.
«Қазақтелефильмге» қызметке тұрдым. Жатақханадан бір бөлме алдым. Әйелім Рыскүл қашандағыдай менің жайымды ойлап әлек. Жаз болса «Сенің жұмысыңа кедергі болмайық. Еркін жұмыс істе» деп екі баланы алып, ауылға кетеді. Жалғыз біраз жұмысты өндіріп тастаймын. Осындай күндердің бірінде баяғы Ләззатпен кездестім. Бас бос. Астанаға іссапармен келген екен. Бұрынғы көзтаныс, қысылмай үйге де шақырдым. Қасымда екі-үш күн аялдап, қайтып кетті. Кейін бір жылдары Алматыда тағы бір кездескенімде әзілдеп: «Сол күндердің бір белгісі бар ма?» деп қойған ақымақтау сұрағыма ол жауапта бермей, қайырылмай кеткен еді. Ел өтпелі кезеңдерді бастан өткерген сонау жылдар өнер адамдарын да есеңгіретіп жіберген жоқ па? «Қазақтелефильмде» де кино жоқ, тоқырау кезеңі.
Осындай күндердің бірінде Ләззат келді маған «Ұлың бар. Көмек бер» деп. Өзім төрт баламды қалай асыраймын деп шарадай басым шақшадай болып жүрген кез. «Мен төрт баланы асырап жатырмын. Бір балаға шамаң келмей ме?» деппін. Ләззатым бұрылып алып, кетіп қалды. Заман түзелді. Ес жинап әжептеуір өз-өзіме келдім. Үлкендерімді оқуға түсірдім. Екі ұлым жолымды қуды, содан бір күні тұңғышым Қуанышымды әңгімеге тартып, соңғы кезде жиі ойға оралып жанымды қинап жүрген сырымды бөлісейін. Балам мені түсінді. Содан екеуміз бірлесіп интернеттен Ләззатпен фамилиялас 90-жылғыларды іздедік.
Ләззатпен шығармашылық байланыс жасап жүрген суретші кісіні танитын едім, қазір Парижде тұрады. Соған шығып, Ләззаттың жай-жағдайынан сыр суыртпақтадым. «Ләззаттың ұлы бар. Есімі Азат. Новосибирскіде. Өнер академиясында оқиды». Интернеттен ақтарып, нақты тұрағын таптық. Енді мұны Рыскүлге қалай айтамын? Ар алдындағы жауапкершілік тағы маза берер емес. Содан тәуекел деп жан-жарыма жағдайды жеткіздім. Ол үндемей отырып қалды. Осының алдында ғана жылдап ізденіп, Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың денесін Мәскеуден туған жерге әкеліп жерлеуге атсалысып, барлық құжаттарды зерттеп, деректі фильм түсіріп, мақсатымыздың оңтайлы шешілуіне нақты көмегім тигеніне төбем көкке жетіп, арқамнан бір аманат жүгі түскендей жеңілдеп жүрген кезім. Рыскүлдің көңілін жаралауым өзіме де ауыр тиді. Қажып жүрмін, бір күні Рыскүл өзі жаныма келіп: «Қалила, қазақтың ұлының қамын жеп, түн ұйқың төрт бөлініп жүрген сенің өз қаныңнан жаралған жанды іздеуіңді жазғырмаймын. Қайта ертерек тауып, табысқаның өзіңе жеңілдеу болар. Мен қарсы емеспін. Баланы Алматыға шақыр. Осындағы ағайындардың басын қосайық, таныстыр. Бірақ бір шартым бар», – деді. Егер ұлыңның жасы менің балаларымнан үлкен болса, оны өз баламдай бауырыма басам. Ал егер кіші болса, онда… Ар жағын айта алмады. Белгілі ғой. Онда өзіне деген мөп-мөлдір сезімге, Қалиласын өз басынан да жоғары қойып, қызғыштай қоритын қымбат сыйластыққа сап-салқын сызат түсейін деп тұр.Шақырылған күні Азатым үйге келді. Ағайындар да жиналды. Азат менің ініме өзінің кішкентай кезінде фотоаппаратпен суретке түсіруді әдетке айналдырғанын айтыпты. Қызық, бұл кәсіп менің де бала кезімнен ермегім еді.
Сонымен Рыскүл де білді. Азат менің екі ұлымнан кіші. Ас үйде ошарылып отырып қалған Рыскүл төрт бөлмедегі үлкен кісілер шақырып қолқаласа да тапжылмады. Әшейінде жуас, көнбіс көрінер келіншегімнің дәті мықты, тұнық махаббатына деген адалдығының тым-тым тереңдігіне бұрынғыдан да қатты көзім жетті. Жарына деген сенім құсының қанатын от шарпып, жандәрмен сөндіріп алмауға ұмтылған тілектің ұшқынын көрдім жүзінен. Барынша кешіруге тырысса да ырыққа көнбеген пәк көңілі түскір бала кезден бірге өскен жансерігін қиянатқа қимай жаншылып отыр. Оның мына күйін көріп менің жүрегім одан сайын ауырды. Менің бала-шағамның жолына бүкіл өмірін, қуанышын, арман-тілегін арнап келе жатқан асыл серігімнің жанын абайсыз жаралап алғаныма өкіндім. Тағдыр осындай жар бұйыртқан өзімнің аса бақытты екеніме көзім жетті.Қалиланың әңгімесі осы жерден үзілді. Пойыздың келуіне де санаулы минуттар қалған екен. Жиналып, бізбен қоштасып, сыртқа беттеген аға епкі иіні түсіп, кәдімгідей тұнжырап барады. Пойыз қозғалып, орнына әбден жайғасып болды-ау деген уақытта мен ол кісінің ұялы телефонына қоңырау шалдым.
– Аға, осындай тағдырды арқалап жүрген тек сіз ғана емес қой. Солардың ішінде істеген ісін сезініп, қиналып жүрген ешқайсысын көрмейсің. Сүйікті жарының қабағына кірбің түсіріп алдым-ау демек түгілі, қыларын қып, ал қолыңнан не келеді дегендей қыр көрсетіп, кесапат қылығымен нәзік жаныңды аяздай қаритындар қаншама? Сондықтан да жан-дүниесін дәл өзінде түсініп, ерлі-зайыпты ғұмырдың аяғына дейін аялап өтуге дайын өзіңіздей ер азаматы бар сіздің жарыңыз бақытты, – дедім.
– Солай ма? – деп күлген өнер иесінің даусы сергек секілді. Өйткені менің бұл айтқандарым жай жұбату үшін айтылған сөз емес, нағыз асыл ақиқаттың өзі.
Баян ҮСЕЙІНОВА,
https://syrboyi.kz
06 наурыз 2022 ж. 593 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930