Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тілін тапқан ақын

Бала тілін тапқан ақын


Кеудесіне өлең қондыруды асқақ арманы мен шабытты бақытына балаған ақын Рахат Наурызбайқызы саналы ғұмырын Сыр өңірінің педагогика саласын дамытуға жұмсаған педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны, ол биыл 78 жасқа толды. Иә, «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» демекші, №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясында Рахат Наурызбаеваның шығармашылығына арналған «Тау тұлғалы ардагер» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кешке БАҚ өкілдері мен мектеп мұғалімдері және оқушылар қатысты.
Кештің бастауы ақынын ардақтаған жұртшылықтың алғысқа толы бата-тілек, жылы лебіздерімен ашылды. Көпшілік қошеметпен ­орнынан түрегеп ақын ­Рахат Наурызбаеваға құрмет көресетіп, сахна төріне шығарды. Ол Сыр өңіріндегі осы балалар әдебиетінің ауыр жүгін көтеріп, өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген қазақтың ақ жаулықты аналарының бірі. «Шығармашылық – тұлғаның рухани әлемін ашып, адамды адамға тартатын магнит» дейді әйгілі ағартушы-ғалым В.Сухомлинский. 1957 жылы орта мектептің 7 сыныбын бітірген Рахат алдымен М.Мәметова атындағы қыздар педучилищесінде, сосын Алматыдағы Абай атындағы пединститутта білім алды. Содан бергі уақыт аралығында облыстың бірқатар мектептерінде, аймақтағы арнаулы және жоғары оқу орындарында жас ұрпақты білім нәрімен сусындатты. Ұстаздық қызмет ете жүріп ол балаларға арналған «Бастау», «Ақ қозы», «Сергек Серік» атты жыр жинақтарының, «Үй ішімізбен қазақша үйренейік» атты оқу құралының авторы атанды. Сонымен қатар Рахат Наурызбаеваның бірнеше оқу-әдістемелік құралдары, бастауыш сыныптың музыка оқулығына енген бірқатар шығармалары, монографиялары мен жыр жинақтары еліміздің педагогика саласында кеңінен қолданылып келеді. Еліміздің және көршілес Ресейдің белгілі басылымдарында, әдеби жинақтар мен сала журналдарында еңбектері жарық көрген. Бұл күндері Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының профессоры болып қызмет атқарды. Осы еңбегі үшін Р.Наурызбаева кеудесіне Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен «Білім саласындағы қызметі үшін» медалін тақты.
Халық Рахаттың қазақ әдебиеті тарихында балалар ақыны болып қалады. Шығармашылық кештің шырайын кіргізіп, сазды әуеннің әрімен мерекенің мәні мен сәнін келтірген мектептің оқушылары өлең оқып, Нұсезім Серікбай «Сүйемін ата-әжемді» әнін әуелетіп орындады. Кеш соңында мектеп ұжымы қаламгерге сый-сияпат көрсетіп, батасын алды.

Ш.Тілеубаев
22 ақпан 2022 ж. 369 0