Абай мұрасы – ұрпаққа үлгі

Әдеби-сазды кештің екінші бөлімі әрмен қарай Абай өлеңдеріне шолу жасаумен жалғасты. Кешке қатысушы оқушылар бұл бөлімде А.Құнанбайұлының өлеңді 14 жасынан бастап жазғанын және 80 жылдары 35 жастан асқанда өлең туралы көзқарасын өзгерткенін білді. Абай өлеңдеріне арналған бөлімде бір топ оқырман ақынның туындыларын мәнерлеп оқыды. Жиынның келесі бөлігінде Абай аудармалары туралы баяндама жасалып, қатысушылар ақынның тағы бір бай мұрасына қанық болды. Абай бар жоғы 4 жыл мұсылманша, 3 ай орысша оқыса да талабы мен таланты, білімі мен білігінің арқасында араб, парсы, түрік тілдерін меңгерген. Соның ішінде оның орыс тіліне деген ықыласы ерекше болған. Бұл қызығушылығын Петербургтен жер аударып келген жас төңкерісшіл Михаэлис шыңдай түскен. Тынбай ізденіп, білім нәрімен сусындағанның арқасында А.Құнанбайұлы қазақтан шыққан біртуар аудармашыға айналған. Қатысушылар осындай мәліметті біліп қана қоймай, Абай аударған мысалдардың сахналаған көрінісін де тамашалады. Әдеби кештің үшінші бөлімінде Нұрасыл Тілеуберген Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» шығармасын оқыса, кітапханашы Перуза Түлкібай «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен түлкі» мысалдарын қуыршақтармен сахналады.
Абайға арналған шарада қара сөздері де тысқары қалмады. Ғибратқа толы ғақлиямен оқушылар кештің төртінші бөлімінде танысты. Сонымен қатар Н.Тілеуберген он алтыншы, А.Болатқызы отыз бірінші, Б.Алпысбай бірінші қара сөзін жатқа оқыды. Ұйымдастырушылар бұл шарада ақынның сазгерлік қырына да мән берді. Тың ақпарат айтып қана қоймай, Еңлік Табибим «Көзімнің қарасын» тамылжыта орындады. Сондай-ақ кітапханашы Ағайша Садықова да хакімнің «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін әуелете шырқады.
Кеш соңында аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Г.Қоңыратбаева «Кешімізде Абайдың мың қырының бірнешеуін ғана әңгіме етпек болдық. М.Әуезовтің өзі Абай дариясының тек бетін қалқыдым десе, біз тек сол дарияның жағасына ғана келдік. Ал сол дарияның інжу-маржанын теретін болашақ ғалымдар, ақын-жазушылар осы балалардың арасында бар екеніне үміттенемін» деп ойын жеткізді. Ал кеш қонағы болған «Оқшы Ата» мешітінің имамы А.Әбілдаев кітапхана ұжымы дайындаған алғыс хаттарды оқырмандарға табыстады.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ