ЖҮГЕНСІЗ ЖҮРГІЗУШІГЕ ЖАЗА ҚАТАҢ
Көлік жүргізу мойынға зор жауапкершілік жүктейді. Қазір Қазақстандағы темір тұлпарлар саны да айтарлықтай көбейген. Тәртіп күшейгенмен, жол ережесін бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасайтындардың саны азаймай отыр.
Десе де, соңғы уақыттағы қатаң тәртіп жүргізушілерге ой салары анық. Әсіресе, алкогольдік, есірткі және уытқұмарлық, реакциясын және назар аударуын нашарлататын препараттардың әсерімен, жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға салынған тыйым талай жанды тәртіпке мойынсұндырды.Көлікті масаң күйде басқару қозғалыстың басқа қатысушыларына аса қауіп тудыратын әрекет болып табылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің санкциясында 15 тәулікке қамалады. Ал жеті жыл бойы көлік құралын жүргізе алмайды. Заң солай. Бұл адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргендерге де тікелей қатысты.
Шиелі аудандық сотында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігімен және осы баптың 6-бөлігімен екі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істері қаралды.
Бірінші әкімшілік іс бойынша, азамат «С» 2022 жылдың 5 ақпанында 02 сағат 50 минут шамасында көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, алкогольдік масаң күйінде, өзінің басқаруындағы «Ваз 21074» маркалы көлік құралын Шымкент-Самара тас жолы бойында басқарған.
Сот қаулысымен, азамат «С» ӘҚБтК-нің 608 бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 (жиырма) тәулік әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолданылды.
Екінші әкімшілік іс бойынша, азамат «Б» 2022 жылдың 5 ақпанында 11 сағат 58 минут шамасында Шиелі кенті, Абдикаримов көшесінің бойында өзінің басқаруындағы «ВАЗ-210740» маркалы көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған.
Осы негізде, азамат «Б» сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 (жеті) жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, оған 15 (он бес) тәулік әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылды.
Заң – қатал. Салынған тыйым – қиын. Бірақ, ол алдымен әрбір азаматтың және өзінің өміріне жанашырлықтан бастау алуға тиіс.
Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметі.