Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар хақында»

«Заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар хақында»

Мемлекетіміздің, мемлекеттік институттарымыздың дамуымен қатар, мемлекетіміздің қазіргі заңдық базасын жетілдіру де маңызды аспектілердің бірі болып табылады. Яғни, қоғамымыз алға басып, құқықтық жағынан дамыған сайын заңдар да заман талабымен үндесіп, жетіле түсетіндігі табиғи заңдылық. Қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар ескіріп, орнына жаңадан заңдар қабылданып жатса, кейбіріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатады.Бүгінгі қозғалатын тақырып қолданыстағы кодекстерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар  хақында болмақ.
Мемлекет басшысы өткен жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық, браконьерлік және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін атап өткен болатын.
Осы бағыттағы шараларды іске асыру мақсатында, өткен жылдың 27 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
Қылмыстық Кодекске енгізілген өзгерістерге тоқталcақ, биылдан бастап жыныстық қатынасқа қатысты қылмыстар ауыр қылмыс санатына өтті. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Зорлау және жыныстық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін ең төменгі жаза мерзімі белгіленді – 5 жыл, бұған дейін 3 жыл болатын. Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 17-20 жыл аралығын  қамтитын. Енді ондай қылмыс жасағандар 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы тұста айта кететін жәйт, бұл санаттардағы қылмыстар бойынша татуласуға жол берілмейді.
Қылмыстық заңнамаға есірткіге жарнама жасауға қатысты жаңа бап енгізіліп отыр. Енді, ондай әрекеттердің жазасы ауыр болады, тек бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мерзімі – 3 жылға дейін.              
Сонымен қатар, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамның масаң күйде көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол бергені үшін белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру  жазасы көзделіп отыр.
Осындай адам масаң күйде көлік құралын басқарып, біреуді абайсызда мерт қылса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға жазаланады. Дәл осы әрекет екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғатын болса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық кодекс мал ұрлығы бойынша арнайы 188-1-баппен толықтырылып отыр. Бапта қылмыстың 4 құрамы көрсетілген. Өзгенің малын жасырын ұрлау қылмысы үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген. Ал алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, сондай-ақ ірі мөлшерде жасалған қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған және тараптардың ымыраласуына мүмкіндік қарастырылмаған. 
Ал, бірнеше рет немесе мал қораға кіріп жасалса -  мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге, аса ірі мөлшерде және қылмыстық топ болса, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сондай-ақ, табиғатқа залал келтіргендерге де жаза қатайтылған. Заңсыз аңшылық (ҚК-нің 337-бабы) пен заңсыз балық аулау (ҚК-нің 335-бабы) қылмыстық теріс қылық ретінде емес, енді орташа ауырлықтағы қылмыс қатарына ауыстырылып, ол үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сондай-ақ, топпен жүріп заңсыз аң аулаушылардың ісі ауыр қылмыстар қатарына өтіп, ол үшін 6 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасының белгіленуі де табиғатты қорғауға серпін береді деген үміт бар. Ал табиғат инспекторларына бағынбау, өміріне қауіп төндіру енді полиция қызметкерлері мен арнайы мемлекеттік орган, әскери қызметкерге қарсы келумен пара-пар. Соған сай жаза да қатаңдатылған.
Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 20 бабына өзгерістер енгізілген. Соның бірі – мас күйінде көлік тізгіндегендерге қатысты. Бұған дейін масаң күйде көлік басқарғандар 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, жаңа өзгерістерге сәйкес мас күйінде көлік тізгіндегендер 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады.
Дәл осы әрекет жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды бүлдіруге әкеп соқса қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал жүргізушілік құқығынан 7 жылға айыруға әкеледі.
Сөз орайы келгенде айта кету керек, бұл өзгерістерден бөлек, 30 желтоқсан 2019 жылы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл өзгерістермен құқық қолдану тәжірибесі негізінде қоғам тарапынан жиі наразылық тудырып жүрген әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттеріне қолданылатын жазаларды ізгілендіру, олардың қатаңдығын төмендету мәселелері шешімін тапты деуге болады.Заңмен соттың ведомстволық бағыныстылығынан толықтай – 63 құрам және рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату, қызметті тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарау бойынша – 37 құрам мемлекеттік органдарға берілді. Бұл шара жеке және заңды тұлғалардың сот органдарына даусыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін де арттыра түспек.
Сондай-ақ, заңмен  құқық бұзушыға және жәбірленушіге өтініш хат беру, ал сотқа әкімшілік істі дереу қарау құқығы берілген. Бұл ретте мұндай істерді қарау қорытындылары бойынша қаулылар дереу заңды күшіне енгізіледі. Айта кету керек, бұған дейін соттарда істерді кешкі уақытта қарау жөнінде пилоттық жоба іске асырылып келген болатын. Қысқа уақыт ішінде тараптардың жауапкершілігіне байланысты, сондай-ақ залалдарды өндіруге байланысты істерді шешуге мүмкіндік береді. Жаңа заң жобасы осы жаңашылдықты көздеп отыр.
Cонымен қатар, соттарда ең көп қаралатын ӘҚБтК-нің 434-бабы ұсақ бұзақылық жаңа заңмен екі құрамға бөлінген. Бұған дейін, ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау, ортақ пайдалану орындарын, саябақтарды ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер соттармен қаралатын. Өткен жылы соттармен 434-бап бойынша 60 мың іс қаралған.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жалпы пайдалану орындарын, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде коммуналдық қалдықтарды белгіленбеген орындарға шығарып тастау ІІМ-нің құзыретіне берілді (434-2-бап).
Қорыта айтқанда, Ата Заңымызда көрсетілген ең басты құндылық адам және оның құқықтары мен бостандықтары болып табылғандықтан заң адамға, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға неғұрлым жанасымды бола түсуі қажет. Осы мақсатта, қоғамды алаңдататын қылмыстарға оның ішінде, көлікті мас күйде жүргізу, әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсету, адам саудасы, есірткі жарнамасы, мал ұрлығы, браконьерлік үшін қылмыстық жаза күшейтілген.

24 ақпан 2020 ж. 474 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031