Бүгінгі бала – ертеңгі елдің болашағы
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағымен тығыз байланыстырған. Отбасындағы тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлген.Тәрбие – тал бесіктен екенін ескерсек, бала тәрбиесінде оның қоғам мүшесі ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан шағында, яғни балабақша қабырғасында тәрбиешілердің, балабақша педагогтерінің де атқаратын рөлі ерекше. Бұл тұрғыда «Асқар» жеке балабақша яслиінде заманауи, тиімді әдіс-тәсілдер қолданылады, бала тәрбиесінде ұжымның ізденімпаздығы мен шығармашылығы да басты фактор болып табылады.
Шындығын айтқанда, қазіргі қым-қуыт тірлікте көп ата-ананың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлуіне уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан балабақшада біз баланың білім алып, ортаны танып, дұрыс таным қалыптастырып жетілуіне үлкен мән береміз. Бала – біздің болашағымыз. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіміз қажет. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай дұрыс дамып-жетілуіне себепкер болу балабақша ұжымының да келешек ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі.
Балабақшада баланы еңбексүйгіштікке баулу, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуға назар аударылады. Мысалы, кішкентай топтарда балалар тәрбиеші көмегімен киініп, жуынып, бір-біріне көмектеседі, тәрбиешілер оларды «рахмет, кешір, өтінемін» сөздерін айтуға баулиды. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Сонымен қатар баланың бойына ізденімпаздық, мейірімділік, қамқорлық, топтағы өзге де балалармен жылы қарым-қатынас орнату, тапсырмаларды жауапты орындау арқылы өз-өзіне деген сенімділік негізі қаланады.
Бала – тұлға, оның да жеке ойын, тілегін, пікірін сыйлау маңызды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, сондықтан жақсы сөздер айтып, оның ойымен де бөлісіп, ой-санасын дамыту керек деп есептейді балабақшадағы тәрбиешілер ұжымы.
Сонымен бірге баланы тәрбиелеуде ата-анамен өзара әрекеттесу «Мейірбан ата-аналар клубы», спорттық, шығармашылық, қайырымдылық және т.б. іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, ата-анамен бірлесе отырып, балаларды тәрбиеге баулуда тығыз байланыста жұмыстар атқарылады.
Асел Абдраманова,«Асқар» жеке балабақша яслиінің тәрбиешісі






