Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи оқиғаның куәгері

Тарихи оқиғаның куәгері

Биыл – ел Тәуелсіздігінің ізашары саналатын Желтоқсан оқиғасына 35 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында азаттықтың алғашқы қарлығашы ретінде Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне лайықты бағасын беріп, жоспарлы түрде насихаттауға шақырды.
Ресми деректер бойынша Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстаған. Алматының түрме мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаған. 2400 адам қамауға алынып, 1722 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды. 99 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сол ызғарлы желтоқсан күнінде ­Алматы жастарымен бірге Айнагүл Қаирова да бар еді. Абай атындағы педагогикалық институттың 3 курс студенті жатақханадағы құрбыларымен бірге алаңға шығады. Шеруге шыққан жастардың талап-тілегі – әділеттілік пен Қазақстанның тәуелсіздігі болатын.
– Сап түзеген әскерилер алаңға жиналған жастарды тықсыра бастады. Оған қарап тұрған біз жоқ. Алғашқы күні күн батқанша алаңда болдық. Ауа-райы өте суық. Қараңғы түсе өрт сөндіру көлігімен бізге су шаша бас­тады. Өзіміз әбден тоңғанбыз, оның үстіне суық су шашқан соң мұз қата бастадық. Содан бәріміз бас сауғалап қаштық. Қасымда жатақханада бір бөлмеде тұратын құрбым бар еді. Бізді қуып келе жатқан әскерилер оны ұстап алды. Біреуі мені де ұстамақ болып еді мұзға аяғы тайып құлап қалды. Абырой болғанда сытылып шықтым. Бірақ мұнымен тоқтамадық. Жатақханаға барып су болған киімдерімізді таң атқанша үтіктеп кептіруге тырыстық. Таң ата қыздар жиылып қайта алаңға бет алдық, – деп еске алады Айнагүл Жұмабекқызы.
Кейіннен А.Қаированы біраз қудалайды. Оқу орнында жиналыстарға салып, ата-анасына хат жіберуге дейін барады. Мұндай оқиға сол кездегі алаңға шыққан әр жастың басында болды. Көпшілігі сотталып, оқудан шығарылды. Айнагүл Қаирова бүгінде кенттегі №252 Г.Н.Ковтунов атындағы мектеп гимназиясының Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің бірінші санатты мұғалімі, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған әже. «Желтоқсан оқиғасына 30 жыл» төсбелгісімен, өзге де медальдармен марапатталған тұлға.
Қалай болғанда да желтоқсан оқиғасының басты жеңісі һәм жемісі – Тәуелсіздік. Сондықтан, ол өз мән-маңызын жоймайды. Ал, желтоқсаншылар – сол майданның маңдайы жарқыраған сарбаздары.

Гүлхан ЯХИЯ
16 желтоқсан 2021 ж. 405 0