ЕРЛІК – БІЛЕКТЕ ЕМЕС, ЖҮРЕКТЕ
17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8.00-де Алматы қаласындағы Л.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-ге жуық адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ, көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, «бұзақыларды» күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын – 86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып-жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхамеджанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингі Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді-мекендерінде жалғасты.
Ия, желтоқсан қаһармандарының ерлігі ұмытылмайды !
Біздің елдің ғана емес, кеңестік империя құрамындағы одақтас республикалардың тәуелсіздік алуына себепші болған –1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.
Қанша жерден қанды, қаралы тарих болса да, алып империяны алғаш рет шырт ұйқысынан оятқан ұлы оқиға, КСРО-ның ыдырауының басы болған осы – Желтоқсан көтерілісі.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның сөзімен айтар болсақ: «Қазақ жастары алаңға шыққан күн – Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс!», «Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді бұл!»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 5 қаңтарында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» – деп атап көрсетті.
Осынау басымыздағы бақ-мұратымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, азаттық үшін сан мәрте бастарын құрбандыққа тіккендерін тарихтан білеміз. Сол құрбандықтың соңғы түйіні 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында болды. Қазақ жастарының арасында алаңға шығып, өз құқықтарын талап еткендері үшін жала жабылып, жапа шеккендердің қатарында ауданнан 40-тан аса азаматтар болғаны белгілі болып отыр. Олардың барлығы сол бір дүр сілкіндірген толқудың кезінде оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетілді. Өкініштісі сол, бұл азаматтардың барлығына дерлік бүгінгі күнге дейін ақтау жөнінде құжат берілмеген.
Желтоқсан құрбаны, педучилищенің 2 курсында оқып жүріп, небәрі 16 жасында қыршынынан қиылған қазақтың батыр қызы – Сәбира Мұхамеджанованың өзіне 35 жылдан кейін, яғни, биыл Президент қолдауынан кейін ғана ақтау құжатын алуға қол жеткізді. Бұл жұмысқа мұрындық болған алматылық (тіркелмеген) «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бейсенбай Сайфолда: С.Мұхамеджанованы ақтау оңай болмағандығын, көп ізденіс пен табандылықтың арқасында Алматы қалалық прокуратурасы арқылы ақтау құжатын алғандығын айтады.
Негізі бұл мәселе әр қалада құрылған қоғамдық ұйымдарды сарсаңға салмай, үкімет тарапынан қолдау тауып, жүйелі шешіліп жатса желтоқсандықтарға жасалаған жақсы іс болар еді.
Және бір мәселе, ел үшін, еркіндік үшін күрескен желтоқсандықтардың ерлігін паш ететін, сонымен бірге ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап аудан орталығынан еңселі ескерткіш-монумент орнатылса тарихқа тәу етер тағы бір қасиетті орын болар еді.
Түркімендердің «Алабай» атты ит тұқымына арнап алтыннан соққан ескерткішінің биіктігі астындағы тұғырымен қосқанда 15 метр, диаметрі 36 метр екен. Ендеше, бүтіндей бір ұлттың, жердің болашағы үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың ескерткіші қандай болу керек екені айтпаса да түсінікті шығар.
Жалпы, Желтоқсан көтерілісі халықтың сана-сезімін оятуда, отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлкен алғышарт болуы тиіс!
Желтоқсан арқылы езіп-жаншылған рухымызды көкке көтеріп, кейінгі жастарға күрескерлік рухты, ұлтжандылықты санасына сіңіруіміз керек !
Бекболат Әбутегі,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері