Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ – «ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР»

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖАРШЫСЫ – «ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР»

1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды қаһарлы империядан сескендірмеген күш – Азаттыққа деген ұмтылыс еді. Желтоқсаннан кейін барып Кеңес елінің түпкір-түпкірінде сан түрлі толқулардың болғаны, ақыры араға 5 жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға белгілі.
Желтоқсан көтерілісіне Кеңес Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды.
Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, елдік пен ерліктің мұратын танытқан көтеріліс болды. Бұл оқиғаның шығуына басты себеп 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В.Колбиннің сайлануы болды. Д.Қонаевты қызметінен алуға себеп болған негізінен жер мәселесі болатын. Қазақстанның батыс облыстарын бөлшектеу мәселесі күн тәртібіне қойылғанда Дінмұхаммед Ахметұлы қарсы болды. Ендеше, басқа ұлттың есебінен жасаймыз деп Колбинді алып келгені мәлім. Колбинді қою арқылы қазақ халқын өздерінің мені жоқ, мінезі жоқ халық санады. Бірақ, көтеріліс олай емес екенін көрсетті, кешегі кеңестік жүйеде біз ұлттық рухымыз мықты екенін көрсеттік, Желтоқсан соның айқын айғағы. Алаңға шыққан мыңдаған жастар соның дәлелі.
17 желтоқсан күні орталық алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа – өз көсемі!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Алғашында алаңға 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 мыңға жетті.
Өкінішке орай, 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға айналды. Оларға «Ұлтшыл, маскүнем» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қаласының милиция қызметкерлерінен бөлек, Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосибирскіден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 әскерилер тартылған. Жастарға қарсы «Құйын-86» құпия жоспары бойынша қасақана арандатушылық әрекеттер жасалынып, соның салдары қарулы қақтығыстарға ұласуына себеп болды. Сақылдаған сары аязда жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық су атқылады.
Әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген. Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8500 адам ұсталған. «Желтоқсан оқиғасы» бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам партия қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынып, 168 адам қаза тапты.
Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді-мекендерінде жалғасты.
1986 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқы үшін қасіретті әрі қасиетті күн.
Қасіреті – ұлт үшін ұран салған қазақ жастарының жазықсыз жазалануы, кінәсіз қырылуы болса, қасиетті күн саналуы – сол жастардың жанын пида етіп қол жеткізген Тәуелсіздік күні.
Осынау басымыздағы бақ-мұратымызды бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, азаттық үшін сан мәрте бастарын құрбандыққа тіккендерін тарихтан білеміз. Сол құрбандықтың соңғы түйіні 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматы қаласында болды. Қазақ жастарының арасында алаңға шығып, өз құқықтарын талап еткендері үшін жала жабылып, жапа шеккендердің қатарында ауданымыздан 40-тан аса азаматтар болғаны белгілі болып отыр. Олардың барлығы сол бір дүр сілкіндірген толқудың кезінде оқудан шығарылып, партия қатарынан шеттетілді. Сонау әділетсіздіктің салдарынан сол жалындаған жастардың тек тәніне ғана емес, жанына, жүрегіне жара түсті.
Бүгінде елуден асып, алпысты алқымдаған жандар сол бір зұлмат кезеңнің артта қалғанына шүкіршілік етіп, тәуелсіздіктің баянды болуын тілейді.
Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ерлер қайдан шықпақ. Желтоқсан көтерілісінде жас жандарын пида етіп, ұлт болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен батыр ұландарымыздың бүгінгі жағдайы қандай, оларға тиісті деңгейде көңіл бөлініп отыр ма? Осы бағытта қолға алынып жатқан қандай шаралар бар?
Бұл мәселе тұрғысында алдыңғы буыннан ақау іздемей, кейінгі буынға қапаланбай ұлтжанды азаматтарымызды ұлықтауды өзімізден, бүгінгі күннен бастаған дұрыс деп есептеймін.
Өскелең ұрпақты елінің, жерінің қамын ойлайтын, халқына, тіліне, діліне жаны ашитын азамат етіп тәрбиелеу ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ендеше, неге біз осындай қолда бар алтындарымызды осы бағыттағы ауқымды шараларға арқау етпеске...
Кітаптан оқыған бір бөлек, телеарнадан көрген бір басқа, ал сол көтерілісті көзбен көрген ардагерлердің аузынан естіген әңгіме өз алдына бір бөлек дүние.
Бүгінгі күнге дейін бұл бағытта Ұлы Отан соғысы майдангерлерімен түрлі форматта іс-шаралар өтіп келді, өте береді де. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан демекші, қанша қимағанымен соғыстың тақсіретін тартқан абыз ақсақалдарымыз азайып, түгесілуге шақ қалды. Бірақ, ұлт тәрбиесі тоқтамауы тиіс.
Кешегі Кеңес билігі тапсырмасымен Ауған, Ирак жерінде, Таулы Карабахта, Тәжік-Ауған шекарасында болған әскери қақтығыстарға қатысқан азаматтар бүгінгі күні аз да болса үкімет тарапынан жеңілдіктерге қол жеткізді. Ол кісілер туралы ақпарат қорғаныс істері бөлімі арқылы бір жүйеге келтірілген. Аудандық іс-шараларға шақырылып, ардагер ретінде танылып, халықтың санасына сіңіп келе жатыр.
Сол сияқты аудандық «Желтоқсаншылар» туралы мәлімет қорын жасақтау да кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Бүгінгі күні «Шиелілік желтоқсаншылардың» тізбесі жасалып, олардың қатары күн санап толығып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша арамызда 45 ардагер бар екен. Бетегеден биік, жусаннан аласа, қоңыр тіршілік кешіп жатқан желтоқсаншылардың да өзіндік ой-пікірлері мен ұсыныстары бар.
Жоғарыда аты аталған соғыс ардагерлерімен бірге желтоқсаншыларға да құрмет көрсетілсе, кездесу, меркелік іс-шараларға бірге шақырылса, бұдан ортақ қордың қазаны ортайып қалмасы анық. Керісінше ұландарын ұлықтаған елдің еңсесі биіктей берері хақ.

Бекболат Темірәліұлы,
Шиелі аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
29 желтоқсан 2020 ж. 1 478 0