Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Желтоқсан жаңғырығы

Желтоқсан жаңғырығы

Желтоқсан оқиғасы ғасырлар бойы қазақ халқының басынан өткен соқтықпалы-соқпақты оқиғалардың ең соңғысы және ірісі болды. 1986 жылы 16-18 желтоқсанда жылдар бойы сыздаған жараның ауызы жарылды. Оған Қазақстан Республикасының басшылығына Г.Колбиннің бар-жоғы 18 минутта жасырын әрі халықтың намысына тиетіндей жағдайда тағайындалуы түрткі болған еді.
Сол, 1986-да билiк басынан Д.Қонаевты алып, орнына өзге ұлттың өкiлi келгенде ердiң ғана емес, елдiң намысы таразыға түстi. Әйгiлi Асан қайғы бабамыз айтқандай, «Су түбiнде жатқан тас жел толқытса шығады, ой түбiнде жатқан сөз шер толқытса шығадының» кейпін бүкіл қазақ жұрты киді. Иә, дәл сол күнi ұлтымыздың көкiрегiнде шемен болған шер ағытылды. Сол мезеттегі жалынды жастардың өр рухты жігері мен қайтпас қайсарлығы том-том кітаптың арқауы болуға лайық. Адалдық, достық, жанашырлық, бауырмалдық секілді отты сезімнің күшімен ызғарлы желтоқсанның аязында алаңға шыққан жастардың септігі кеңес өкіметінің қоластындағы бірнеше елдің тәуелсіздік туын көтеруге бас­тамашы да болды.
Бізге белгілі деректерге сүйенсек, желтоқсан оқиғасынан 8 мың 500 адам зардап шеккен. Олардың iшiнде 2 мыңға жуық жас жарақат алса, 6 мыңнан аса адамнан жауап алынып, 900-ге жуығы әкiмшiлiк тәртiппен жазаланған. Сондай-ақ 300-дей студент оқудан шығарылған.
Бүгінде жүректі тебірентер зұлмат оқиғаның орын алғанына 33 жыл өтті. Біреуге көп, біреуге аз уақыт. Қалай десек те, сол желтоқсан айы қозғалыстың куәгерлері мен қатысушыларының есінен кетпесі анық. Сол ызғарлы күндері Шиелі жастары да бас көтеріп, үн қатқаны белгілі. Қыстың қаһарлы аязында Алматыға бірі білім қуып, енді бірі жұмыс істеуге барған жап-жас 30-ға жуық шиелілік қыз-жігіттер жұртпен бірге алаңға шығып, егемендік үшін ештеңеден тайсалмады. Олардың қатарында Ақтай Рыспамбет те бар еді.
Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде 2 курс оқып жүрген ол, дүмпу болып жатқанын ести сала,17 тамыз күні таңертең қатарластарымен бірге алаңға қарай бет алады.
– Сол күні түнгі сағат 3-4-ке дейін алаңда от жағып отырдық. Ал келесі күні бізді полиция ұстап әкетті. Екі күн бойы бөлімшеде ұстап тергеді. Содан соң қолхат жаздырып, босатты. Енді қайталасаңдар кемінде 5 жыл түрмеге тоғытыласыңдар деген ескертпесін де жасады. Оқиға мұнымен бітпеді. Партия қатарынан, артынша оқудан шығарылдым. Бұл менің бала күнімнен армандап түскен мамандығым болатын. Сондықтан оңай тимеді. Алайда, еш өкінген жоқпын. Себебі, көптің арасында бұғып қалмай, қайратты жастармен бірге Тәуелсіздікті талап етіп алаңға шықтым, – дейді желтоқсаншы.
Оқудан шеттетілген ол, ауылға келіп суретші-безендіруші қызметіне қайта орналасады. Екі жылдан соң оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, мектепке мұғалім болып қабылданған ол, бүгінде 30 жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып келеді. А.Рыспамбет өз ісіне деген сүйіспеншілігі, ізденісі мен қажырлы еңбегінің арқасында 1993 жылы «Халыққа білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, 1995 жылдан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол тек ұстаз ғана емес, ұлттық аспаптар жасаудың шебері. Құдай қосқан қосағымен бірге 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, 7 немере сүйіп отырған ардақты азамат.
Тәуелсіздік... Қандай ыстық, қарапайым әрі қасиетті сөз. Осынау қадірлі ұғымды аңсап күткен қазақ халқы ұрпақтан-ұрпаққа найзаның ұшы, қылыштың жүзімен, ата-баба қанымен аманат етті. Намыс жігерін болат кездіктей жаныған батыр бабаларымыздың азаттық жолындағы күрестері – осының жемісі. Теңдік пен татулықты, елдік пен еркіндікті ту етіп ұстаған «бастаса қолдың көсемі, сөйлесе сөздің шешені» болған аталарымыз бен егемендік үшін ештеңеден тайсалмай қарсы тұрған аға-апаларымыздың арқасында еліміз 1991 жылы «ақ түйенің қарны жарылған» Тәуелсіздік таңына жетті.Қазіргі таңда Тәуелсіздік мерекесі – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты.
Егемендіктің алғашқы жылдары қазақ халқы үшін оңай болмағаны бәрімізге белгілі. Соған қарамастан аз уақыттың ішінде еліміз көптеген елеулі табыстарға қол жеткізді. Бүгінде Тәуелсіздікті әр азамат мақтан тұтады. Әсіресе, 1986 жылы егемендік үшін алаңға шыққан жастар ол күнді ешқашан ұмытпайды.

Гүлхан ЯХИЯ

14 желтоқсан 2019 ж. 1 544 0