Құрмет төрінде Қазбек

Кейіпкеріміз 1972 жылы Шиелі кентінде дүниеге келген. Ақтөбе медициналық институтында білім алып, алғашқы еңбек жолын 1995 жылы Қызылорда облысының Шиелі аудандық ауруханасында бастайды. Шамалы уақыттың ішінде өз ісіне аса мұқият, жауапкершілік жүгін жан-тәнімен сезіне білетін, талапты жас маман, реанимация бөлімінің дәрігер анестезиолог-реаниматологына әріптестері үлкен сенім артып, 1996 жылы Шиелі аудандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы міндетін жүктейді. «Дәрігер еңбегінің өтеуі ең бірінші кезекте, сырқаттың сауыққаны, оның тез арада оңалғаны. Кез келген дәрігер үшін одан артық баға жоқ», дейді білікті маман Қазбек Шәукебаев. Ол 2000 жылы Алматы қаласындағы «Диагностика Оберон» көшпелі оқу циклында, медициналық менеджмент тақырыбы бойынша білімін жетілдіреді. Қосымша жеке кәсіпті игеруді қолға алып, диагностикалық кабинет ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Дәрігер ретінде әлемдік медицинадағы жылт еткен жағымды жаңалықты қалт жібермей, үнемі ізденістегі білімді де білікті маман әр жылдары «Кенбасқармасы №6» ЖАҚ медикосанитарлық бөлімі филиалының бас дәрігері, Қазатомөнеркәсіп «Демеу-Шиелі» медикосанитарлық бөлімі филиалының бас дәрігері қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда Шиелі аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан қоғамдық жұмыстарда да қара көрсетіп жүр.
Елдегі жағдай олардың еңбегін еселегені рас. Сондай-ақ, еңбектері де елеусіз емес. Өзінің іскерлігімен, сабырлы да салиқалы мінезімен халқына қадірлі Қазбек Алтынбекұлы жуырда Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Білікті дәрігер өзінің мағыналы ғұмырында адалдықтың, мейірімділіктің символына айналып, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп жүр.