Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘРБИЕЛІ ШӘКІРТ – ТӘЛІМГЕРДІҢ ЖЕМІСІ

ТӘРБИЕЛІ ШӘКІРТ – ТӘЛІМГЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Тәлімгер – мектептің тәрбие жұмысына үнемі атсалысып, балаларға қамқор болып жүретін, тәрбие мен өнерді үйретуші, үйлестіруші. Балалардың ортасында жүріп, олардың қоғамдық жұмыстарға араласуына, жан-жақты болып өсуіне бірден-бір септігін тигізетін жан.
Бүгінгі таңда мұғалім, тәрбиеші, тәлімгер болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық дәл мұғалімге қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Оның сапасын сызғышпен өлшеп, әрбір мысқалына дейін таразыға тартатын дүние емес. Себебі, тәлімгер мұғалімдерге қарағанда оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болады, түрлі тәрбиелік шараларды өткізе жүріп, олардың бойындағы қасиеттерін танып-біліп, бағалап-ескеріп, жан-дүниесін түсінуге тырысады. Әр оқушының бойындағы көрінбей жүрген талантын жарыққа шығарып, жеке тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.
2011 жылы 6 шілдеде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Ұйымның Кеңес мүшелері, жұмыс жоспары қабылданып, ресми нышандары бекітілген болатын. Бүгінде қоғамдық ұйымға 10 жыл толып отыр. Осы онжылдықта өскелең жас ұрпақтың бойына патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік, Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікке тәрбиелеуге атсалысып келе жатқан тәлімгердің еңбегі зор десекте болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген. Ендеше, тәлімгердің басты міндеті – оқушы бойында отаншылдық сезімін ояту болып табылады. Өйткені, біздің елімізге болашақта адами құндылықтардың барлығын бойына сіңірген, таза, елжанды азамат керек.
Қазіргі заман тәлімгері – заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны. Баланың бойы ерте жастан таза тұнық санамен қалыптасуы керек. Ендеше, менің өмірлік сүрлеуімдегі із – осы шәкірттерімнің зердесіндегі өнері мен білімі, ұлтқа деген махаббаты деуге болады.

Ләззат ДОСАНОВА,
№214 орта мектеп тәлімгері
07 желтоқсан 2021 ж. 813 0