Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалардың құт мекені «Нұр тілек»

Балалардың құт мекені «Нұр тілек»


Балабақшада берілген тәрбие – барлық істің бастамасы әрі жан-жақты дамытудың түпкі негізін қалайтын орын. Балабақша – білім мен ортаға биімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Аталған маман иесі қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеу. Өмірге келген әрбір нәресте отбасында ата-анасынан бастап барлық туған туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі.
Биыл Тәуелсіз елдің көк байрағы желбірегеніне 30 жыл. Осы жылдар ішінде қазақ елі еңсесін тіктеп, сан тарау жолдан өтті. Жуырда «Нұр тілек» балабақшасында «Зерек» балалар интелектуалды сайысы өтті. Балабақшаның жоғарғы «Ботақан» тобында өткен сайыс үш тілді қамтыды. Бұл тәуелсіз елдің әлемдік бәсекеге қамданған қарқынды жұмыстарының көрінісі. Бүгінгі таңда 65 баланы тәрбиелеп отырған «Нұр тілек» балабақшасында 20 қызметкер бар. Меңгеруші Раушан Тоқаева «Балабақша – әрбір кішкентай бүлдіршінді өмірге енді аяқ басқан сәтте көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын алтын ұя. Ал мұнда аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері жұмыс атқарады. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына, ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Баланың дамуының іргетасы қаланып, тұлғаның «Мені» қаланатын кезеңі де осы жер. «Нұр тілек» балабақшасы 2015 жылдан бері осы үдеден шығуға жұмыс істеп келеді» – деп ашты шараны.
Тәлімгер Ақнұр Сәдуақасова ұйымдастырған «Зерек» интелектуалды сайысы «Бәйге», «Кім жылдам», «Жеті жұрттың тілін біл» атты айналымдардан тұрды. Бал тілімен 3 тілде сөйлеген бүлдіршіндер әр кезеңнен сүрінбей өтті. Сонымен қатар, Әз-Наурыз мерекесіне орай, түрлі іс-шаралар да ұйымдастырды. Өнерлі өрендердің еңбегін бағалап, шара соңында арнайы алғыс хат берілді.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
20 наурыз 2021 ж. 1 137 0