Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘЛІМІ МОЛ ТӘЛІМГЕР

ТӘЛІМІ МОЛ ТӘЛІМГЕР

Мектептің тәрбие жұмысына үнемі атсалысып, балаларға қамқор, тәрбие мен өнерді үйретуші, үйлестіруші, балалардың қоғамдық жұмыстарға араласып, жан-жақты болып өсуіне бірден-бір септігін тигізетін жан – тәлімгер. Баланы жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін әрине, алдымен тәлімгердің өзінің жеке басы соған сай болуы тиіс. Бұл тұрғыда белгілі орыс педагогы К.Ушинский былай деген екен: «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да оның орнын баса алмайды». Яғни, тәлімгердің өзі өзгеге үлгі боларлықтай мейірімді, қарапайым, әділ болуы тиіс.
Осындай адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, мектептегі түрлі тәрбиелік шараларды өткізіп, әр оқушының бойындағы көрінбей жүрген талантын жарыққа шығарып, жеке тұлға болып қалыптасуына атсалысып жүрген тәлімгердің бірі – Фариза Кенжешова. Ол 1996 жылы Шиелі ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Алғабас ауылындағы №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2014 жылы тәмамдайды. 4 жыл Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде білім алып, қазіргі таңда өзі 11 жыл білім үйренген алтын ұясына жұмысқа орналасып, тәлімгер, одан бөлек қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып абыроймен қызмет атқарып келеді.
Ең алғаш еңбек жолын 2019-2020 жылдары Шиелі аудандық ата басылым «Өскен өңір» газетінде корректор болып бастаған Фариза шығармашылықтан да мақрұм емес. Мектеп қабырғасында-ақ түрлі мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Көпбалалы отбасында дүниеге келіп, атасы мен әжесінен тәрбие алған көпшіл Фариза үшін мектепте тәлімгер болып жұмыс жасау қиындық тудырмайды. Керісінше, «Адамның адам болып қалыптасуында ата-аналармен қатар, тәрбиеші мен мұғалімнің рөлі зор. Яғни, мұғалім мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген. Тәлімгер мұғалім – баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманына қанат бітіретін басты тұлға болғандықтан, бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік-саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Осындай, қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін мамандық иесі болғаныма, жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беруге өз үлесімді қосып жатқаныма қуанамын», – дейді кейіпкеріміз.
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген. Ендеше, тәлімгерлердің басты міндеті – оқушы бойында отаншылдық сезімін ояту болып табылады. Өйткені, біздің елімізге болашақта да адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген, таза, елжанды азамат керек.
Қорыта келгенде айтарымыз, қазіргі заман тәлімгері – заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны болуы тиіс. Осы талаптың барлығы тәлімгер, ұстаз Фаризаның бойынан табылады.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
05 қазан 2021 ж. 997 0