Жақсы адам ғана жақсы ұстаз бола алады

Ол – айдынды Арал өңірінің тумасы. Өмірдің ағымымен Шиелі ауданы, Алғабас ауылына тұрмысқа шығады. Осылайша ұстаздық жолды өңірімізде бастап, аянбай тер төгеді. Нәтижесінде 38 жыл бойы Алғабас ауылындағы қазақ орта мектебінде табан аудармастан қызмет істейді. Ұстаздық ұлы жолға қалай келгендегі жөнінде көпжылдық тәжірибесі бар ардагер ұстаз өзі толығырақ тарқатып берді.
– Еңбекке етене араласа бастаған сәттен бастап бұл жолдың оңай емес екендігін сездім. Дегенмен бойымдағы жаңашылдығым, білімге деген құмарлығым, алға ұмтылуым, ерге тән қайсар мінезім менің бойымдағы қорқыныштың сейілуіне себепші болды. Алдыма келген оқушыны бір-бірінен бөлмей, қай-қайсысы болса да, білім мен тәрбиені ұштастырып, бойына дарыту болды мақсатым. Еңбегім еш кетті деп айта алмаймын. Шәкірттерім бүгінгі таңда түрлі мамандықтар бойынша жұмыс істеп жүр. Тіпті, әлі күнге дейін хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұратындары бар, – дейді білікті ұстаз.
Айта кетейік, Р.Баймырзаева қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сабақ берген. Сондай-ақ кейіпкеріміз өзінің бұлбұл дауысымен көпшілікке танымал. Тіпті қолы қалт етсе, өзі тұратын Алғабас ауылындағы мәдениет үйіне ат басын бұрып, онда болатын жарыстарға белсене араласады. Аудандық жарыстарда да бой көрсетеді. Арасында қоғамдық мәселелерді шешуге де сүбелі үлес қосуда. Шынымен өз ісін, кәсібін сүймейтін, қаламайтын жанның тірлігі тындырымды болмайтыны да, өрге жүзбейтіні де рас. Ал мақаламызға арқау еткен Рашай апай – шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан, биік белесті бағындыруына септігін тигізген аяулы жан. Ендеше біз де өз кезегімізде Рашай апайға ғұмырыңыз ұзақ, деніңіз сау болсын демекпіз. Елін сүйген, елі сүйген азаматтар мен азаматшалар көп болғай!
Фариза КЕНЖЕШОВА,
штаттан тыс тілші
штаттан тыс тілші