Алғыс арқалаған
Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Сондай жанның бірі – Фариза Жауынгерова.
Кенттің күнгей бетінде орналасқан «Өмірхан-Фарм» дәріханасына бара қалсаңыз дәріхана фельдшері Фариза Сайлауқызын кезіктіресіз. Сырқаты сай сүйегін сырқыратып біткен кент ардагері Ташкенбай Жолмұхамед осы дәріханадан дәрі-дәрмек алып, ине салдыратын дәрігер іздеп жүрегенін сөз етеді. Сонда жұмысын 2 ай бұрын ғана бастаған ақ халатты жәрдемге келе қояды. «Жас келіп, егде тартқан соң ауру да көбейеді екен. Құлақтың естуі нашарлап, көз де анық көрмейді. Ал, Фариза дәрігердің сөзі де шипалы. Жылы шырай танытып, «көкелеп» тұрған ақ халаттының ісіне риза болдым. Бұрын соңды қанша дәрігердің ем-домын алсам да, тамырды дөп басып, қолымды байламастан ине шаншығанын көріп, өз ісінің кәнігі маманы екеніне көзім жетті. Осындай білікті жас мамандарды алдыңғы қатарға қойып, алғыс айту бізге парыз» – дейді ақсақал.
Расында, Фариза Жауынгерова алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №6 қалалық емхананың патронажды қызмет көрсету бөлімінен бастайды. 2 жылдық тәжірибесі бар дәрігер тұрмыс құрып, Шиелі ауданына келгеннен соң, «Өмірхан-Фарм» дәріханасына жұмысқа орналасады. Аз ғана уақыттың ішінде кент тұрғындарының алғысын арқалаған ақ халаттының жұмысына әріптестері де дән риза.
Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында, жанды шүберекке түйіп, жүрек соғысы баяулап, тыныс тарылғанда аурудан айықсаң бақыт деген сол емес пе? Ал сол бақытқа біз дәрігерлер арқылы қол жеткіземіз. Өмірге Алланың қалауымен келсек, кіндігіміз дәрігердің қолымен кесіліп, анамыздың құшағына сол ақ халаттылардың көмегімен құлаймыз. Сондықтан жауапкершілігі сан сынақтармен сыналатын сала иелері қандай да болсын құрметке лайық.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ