Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертпен күрескен дәрігер

Дертпен күрескен дәрігер

Мен тәуір сияқтымын. Мұндағы дәрігерлердің мені бағып-қағуына тәнтімін. Бәрі мені өз аналарындай ардақтайды. Ертең сен осыларға сыйлық әкел. Кулинарлық магазинде 4-5 килограмдық үлкен торт болады. Соның біреуін сатып ал. Сол магазинде одноразовый тарелкалар мен вилкалар болады. Соның әрқайсысынан 24 данасын қоса әкел. Бұл бөлімде 8 дәрігер, 16 медсестра мен нянялар бар». Бұл жазушы Әзілхан Нұршайықовтың зайыбы Халиманың ауруханада жатып жолдаған хаты. Осы үшбу хаттан Халиманың ақ халатты абзал жандарға деген құрметін, сол құрметтің астарында дәрігерлердің ерен еңбегін байқауға болады. Демек дәрігерлер қай уақытта болсын құрметке лайық.
Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі – осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы, дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Сондай жандардың бірі – Шиелі ауданы ауруханасының дәрігері Ерла­н Сартбаев.
«Кез келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін. Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге, тіпті ол қайтыс болып кетсе де, жарияламайтындығым үшін ант етемін». Бұл Қазақстан Республикасы дәрігерінің антынан үзінді. Біздің кейіпкеріміз Ерлан Сартбаев қызмет бабына кіріскен сәттен-ақ сенімнің үдесінен шығуға тырысып келеді. Ал індет өршіп тұрған уақытта анттың салмағы да, жұмысының жауапкершілігі де арта түсті. Алайда Ерлан Ақылбекұлы антына адал болумен қатар, аудан тұрғындарын індеттен арашалау үшін күресіп келеді. Отбасынан жырақта, балаларымен жүздеспейді. Мылтықсыз майданның жауынгеріне айналған ақ халатты абзал жан жұқпалы аурулар бөлімінде, провизорлық-стационарда реанимолог болып маусым айынан бері жұмыс істеп келеді. Ал маусым айының басында Қызылорда қаласындағы облыстық инфекциялық ауруханасында болған.
– Бұл дертке бей-жай қарауға болмайды. «Сақтансаң сақтаймын» демекші, қолдан келген шараларды барынша істеу керек. Әсіресе, адам көп жиналатын жерге бармаған жөн. Ауруханада қазір науқас саны азайғанымен, үй жағдайында емделіп жатқандар бар. Төсекке таңылып, бір жұтым ауаға зар болған науқастарды көргенде өзімізді қоярға жер таппаймыз. Мұндай дерт еш қазақтың басына түспесе екен. Әріптестерім де аянбай еңбек етуде.
Қанша жерден шаршап-шалдықса да дәрігерлік міндетін атқаруда. Мысалы, менің үйіме бармағаныма екі айға жуық болды. Осы аралықтың ішінде тек бір күнге барып келдім. Мен сияқты үйден жырақта жұмыс істеп жүрген мамандар қаншама, – дейді реанимотолог.
Әлемді әбігерге салған дертпен күресте дәрігерлердің батылдығы мен батырлығына халық та риза. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, бір жағынан бұл індет талай жанды ілмегіне ілсе, екінші жағынан дәрігерлердің абыройын асқақтатты. Сыналар сәт туғанда ақ халатын киіп, адам жанына араша болған ақ желеңділер қандай болсын құрметке лайық. «Бірінші байлық – денсаулық. Коронавирус індеті дүйім жұртқа соны ұғындырды. Егер балтырың сыздап, басын ауырса, ешнәрсеге зауқың соқпайды. Сәйкесінше өмірге деген құлшынысың да жоғалады. Міне, біз денсаулықты сақтау үшін жұмыс істеп келеміз. Бізге көптің алғысына бөленгеннен асқан атақ керек емес» дейді білікті де білімді дәрігер. Иә, үлкеннің құрметіне бөленіп, ақ батасын алғанға не жетсін? Исі қазақ мұндайда «Батаменен ел көгерер» демей ме? Олай болса ақ халатты абзал жандарға елдің батасын алып, ағыны қатты ауруды ауыздықтаңыздар деп тілейміз. Сан жылдар бойы ажалмен бетпе-бет келіп, өмір мен өлім арасында арпалысқа түскен дәрігер Ерлан Ақылбекұлының да бас­ты мұраты осы екеніне шүбә жоқ.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
06 тамыз 2020 ж. 531 0