Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дертпен күрескен дәрігерлер

Дертпен күрескен дәрігерлер

Ауру алқымынан алып, денсаулығына дерт жабысқан әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі – осы ақ халаттылар. Орта ғасырдың ұлы ғұламасы Ибн Сина айтпақшы, дәрігерлердің үш қаруы бар. Оның бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Яғни дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Алайда, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасаға тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да, төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да дәрігерлер адам жанының арашасы болуға даяр. Әсіресе, коронавирус індеті үдей түскенде алдыңғы шептен көрініп, ел үшін аянбай тер төккендердің арасында дәрігерлердің еңбегін елеусіз қалдыру мүмкін емес.
Адам жанының арашасы болуға кіріспес бұрын «Кез келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін. Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге, тіпті ол қайтыс болып кетсе де, жарияламайтындығым үшін ант етемін» деп ант берген дәрігерлер қандай қиын жағдай кезіксе де антына адалдығын жойған жоқ. Бұл сөзімізге өткен 2019 жылдан бері көпшілік куә болып келеді. Иә, ол жылды қараша халық оңайлықпен есіне түсіргісі жоқ. Себебі сол сәттен басталған «тәж тажал» талай адамның өмірін қыршыннан қиып, бірінің анасын, енді бірінің әкесін, ағасын, бауырын жер қойнына алып кетті. Тіпті, медицина қызметкерлерінің арасында аурумен арпалысқа түсіп жүріп жан тапсырғандар да болды. Бірақ, осындай қайғыны бастан кешірген ақ желеңділер ешқашан артқа шегінбеді. Қос өкпеден қысып, тығырыққа тіреген кеселмен әлі күнге дейін күресіп келеді.
Дүйім жұртқа белгілі індет пайда болды дегеннен-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен инфекциялық бекет ашыла бастады. Дәрігерлер ешқандай лауазымына қарамастан өз жұмыстарына білек сыбана кірісті. Себебі, олардың алдында бір-ақ мақсат бар еді. Ол – індеттің тырнағынан халықты арашалап алу. Осындай мақсатты жүзеге асыру жолында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Б.Мұсағалиева, эпидемиолог Ж.Шоқаева, инфекционист А.Әлсүгірова, А.Шайжан және емдеуші дәрігерлер А.Балтабаева, А.Майлыбаева, реаниматологтар М.Мұхамеджанұлы, Ж.Абдухожаев пен Е.Сартбаев аянбай қызмет атқарды. Сонымен қатар, Шиелі ауданаралық ауруханасының КВИ COVID – 19 бойынша инфекциялық бекеті де төсектен тырп етіп тұра алмайтын, жанын шүберекке түйіп келген науқастардың жанына жалау болып, құлағанда сүйеу, жылағанда демеу көрсетті. Аты аталған бекеттің негізгі мақсаты коронавирус нақтыланған және коронавируспен асқынған пневмонияны емдеп жазу екені баршаға мәлім. Дегенмен мұндағы мамандар негізгі мақсатқа ғана қадалып қалған жоқ. Арнайы бекетте дәрігер ғана болып қоймай ­ауыр­ып жатқан жанның туысына, сырласына, дос-бауырына айнала білді. Оларға медициналық қана емес, рухани да көмек көрсетті. Оның үстіне биыл науқастар аты жаман аурудан енді жазылмаймын ба деген үреймен жүрді. Себебі, былтырғы өлім санынан олардың жүрегі шайлығып қалған еді. Науқастар үшін ауруханаға түскен үш күн үреймен өтті десек қате емес. Бірақ олар мейірбикелердің мейірленген жүзін көріп жадырап қалатын. Алайда, өткен жылдармен салыстырғанда биыл аурушаңдық деңгейі әлдеқайда төмен болды. Бір жағынан биыл жүкті әйелдердің коронавирусты инфекциямен астасқан пневмониямен ауруы көп жағдайда тіркелді. Бірақ еш дәрігер босаңсымай қызметіне қызу кірісті. Күнделікті бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, эпидемиолог, емдеуші дәрігер және пульмонолог А.Бекназаров таңғы және кешкі науқасты аралауды қалт жібермей, бақылап отырды. Әрі қосымша кеңес беру үшін дер кезінде тар ­буын­ды мамандар кардиолог Н.Абдирова, УЗД дәрігері Е.Кулманов, рентгенолог Л.Дүйсеманов келіп, өз білгендерімен бөліскені үшін өз атымнан да, қарапайым халық атынан да алғыс білдіргім келеді.

Ақжібек Ермекбайқызы,
Алғабас дәрігерлік
амбулаториясының аға дәрігері

22 маусым 2021 ж. 408 0