Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті ұстаз білімді ұрпақ тәрбиелейді

Білікті ұстаз білімді ұрпақ тәрбиелейді


Қазақ елінің Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп келе жатқанына 30 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде жеке дербес ел екенін дәлелдей білсе, ұстаздар қауымы тәуелсіздік ұланына сапалы білім беріп, талантын шыңдады. Білім беру жүйесі кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін өзі басқару, ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді.
Білікті ұстаз әрі талантты болса, онда білім ордасының бағы жанғаны. Осындай жан-жақты ұстаздарға бай оқу орындарының бірі – Шиелі ауданы, Жөлек ауылы №152 орта мектебі. Білім ошағы тәрбие мен білімге аса мән береді және бұл ұғымдардың егіз екенін әлі күнге дейін дәлелдеп келеді. Сол себепті әрдайым ғұлама ғалым Әл-Фарабидың «Бар күшімізді білім мен ғылымға салып, тәрбиені елеусіз қалдыратын болсақ, ұтарымыздан ұтыларымыз көп болады» деген нақылын берік ұстанады.
Өткен оқу жылы мектептің тәрбие бағыты үшін де жемісті, табысты жыл болды. Осы бағытта түлектерді білім нәрімен сусындатып, талмай жасаған тамшыдай еңбегі арқылы тау­­дай таланттарды ашып жүрген ұстаздар Болғанай Нұралиева, Әйгерім Бабажанова, Кенжегүл Жанғабылова, Меруерт ­Ералиева сынды ұстаздарды ерекше атап өтуге болады. Ұстаздары дарынды, шәкірттері талантты ұжымның жаңартылған білім аясындағы білім сапасы да жоғары деңгей көрсетті. Бұл сөзіме былтырғы оқу жылында мектеп қабырғасын тәмамдаған 25 түлектің 18-і ҰБТ-ға қатысып, нәтижесінде мемлекеттік грант конкурсына құжат тапсырған 13 оқушы грант иегері атануы дәлел бола алады. Әрине, жемісті де жеңісті жылды жоғары нәтижемен қорытындылаған ұжымның бірлескен ерен еңбегіне ата-аналар да дән риза. Осы орайда, «Бала үйдің бақшасы, бағбан болғай анасы» демекші, ата-аналардың үкілеген үміттерін ақтап, мемлекеттік грантты жеңіп алған балаларының жеңісіне зор үлес қосқан ұстаздар ата-аналар тарапынан алғыс арқалады. Осы орайда, мектеп директоры Ержан Дүйсеновтың жаңашыл бағытымен ұжым толағай табысқа жетсе, мектеп директорының орынбасары Ардақ Бақытжанқызының жаңашыл көшбасшылығымен ұстаздардың кәсіби дамуы арта түсті.
Білікті басшы облыс көлемінде білім беру саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Құрмет грамотасы», аудандық «Үздік критериалды бағалау бойынша мектеп үйлестірушісі – 2020» байқауында үшінші орынды иеленген болатын. Сонымен қатар, мектеп директорының бағдарлы оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әлтаев білім министрі Асқар Аймағанбетовтың Алғыс хатымен және мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғабит Ақпанов аудан әкімі Қамбарбек Мүбараковтың қолынан облыстық «Аға лейтенант» шенін алып, марапатталды. «Үздік тәрбие орынбасары-2021» атты облыстық байқаудың аудандық кезеңінде үздік жұмыс көрсеткені үшін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Махатова «Үздік тәрбие орынбасары-2021» марапатына ие болса, Гүлсім Алкеева «Үздік тарих пәні мұғалімі-2021» атты облыстық байқаудың жүлдегері атанды. Сондай-ақ, музыка пәнінің мұғалімі Лаура Нұртілеева «Ең үздік АКТ қолданылған сабақ» музыка пәні байқауға қатысып, ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. Міне, бұл жетістіктерді Тәуелсіздіктің 30-жылдығына тарту деу­ге болады.
Жаңа бағдарламаның тағы бір жаңалығы – биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер оқу жылын «Әліппемен» бас­тады. «Әліппе», сонау балалық шақтың тәтті естелігі. Алғаш рет қолға қалам ұстатып, әріп танытқан ұстаз бен «Әліппе» оқулығына деген сағыныш әрбір жанның жүрегіне сәуле шашып тұратыны анық. Олай болса, Тәуелсіздіктің ақ таңында білім белесін биіктете берейік дегім келеді.

Гүлзат Құрманбекова,
№152 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

07 қыркүйек 2021 ж. 434 0