Сүндет – мұсылманға міндет
Жаз айлары басталғаннан қазақ баласын сүндеттеп, ақ батасын береді. Сондықтан, мұсылман баласы сүндеттеудің пайдасын ескеріп, өнегелі ғұрып ретінде ұлттық дәстүр қатарына қосқан. Ал, қалыптасуын мұсылман дінімен байланыстыруы – адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті екендігінен болса керек. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Солардың бірі – баланы сүндетке отырғызу». Осы деректер бұл дәстүрдің жер бетінде Ислам дініне дейін болғанын айтады.
«Сүндет – мұсылманға міндет» деген сөз бар қазақта. Ата-баба салтымен ер баланы 3,5,7 жаста сүндеттейді. Яғни, оның қорқыныш сезімі қалыптаспай тұрған мезгілде сүндеттелген.
Ислам дінінде сүндеттелудің қаншалықты маңызы бар? Сүндеттеу – мұсылманның парызы санала ма? Ол туралы толық ақпаратты аудандық орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаевтан білген едік:
– Ата-бабаларымыздан бері ұстанып келе жатқан, Кеңес үкіметінде қылышынан қан суырып тұрған уақыттарда үнемі жасалынып келе жатқан дәстүрлі амалдың бірі – сүндеттеу. Баланы сүндеттеу бұл пайғамбарлардан қалған жол. Ол сонау адамзат жаратылысымен бірге астасып жатқан сипаттың бірі. Бұл дәстүр бойынша ең бірінші – Ибраһим (ғ.с.) сүндеттеген. Одан кейін пайғамбарымыздан сүннет саналған. Бірақ, ислам дінінде парыз емес. Орындалса сауаптан болатын, орындалмаса күнәға қалдырмайтын әке-шешенің мойнындағы міндет. Сондықтанда сүндетке отырғызу – тазалықтың, өніп-өсуге пайдалы дәстүр, мұсылмандықтың белгісі саналады. Бала үшін азаматтық өмірге алғашқы қадам басумен тең. Сондай-ақ, сүндетке отырғызылған бала түрлі ауруға шалдығудан аман қалады. Ер адамның сүндеттелуі кейін ерлі-зайыпты болғанда әйелі екеуінің арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуына септігін тигізеді. Сүндеттелудің негізгі мақсаты да осы, – дейді Б.Ұлжаев.
Сүндеттелген балаға туыстары «Сақинаң құтты қабыл болсын!» деп, ақша ұстатады. Қалталы туыстары өскенде «жалын тартып мінсін деп» тай мінгізеді. Мұны көбіне нағашылары жасайды. Қазір киіміне алтын түйреуіш іліп немесе ұнататын ойыншығын беру де бар көрінеді. Бұдан баланың көңілі көтеріліп, ауырғанын аз да болса ұмытады. Менің бір танысым бірден екі ұлын қатар сүндеттеген болатын. Сонда хирург: «балаңыздан «әпшу» сұрамапсыз, ұшы жабысып қалыпты» деген-тін. Сөйтсем, әр «әпшу» берген сайын баланың «шүметейінің» ұшы созылып, жабыспай, сүндеттегенде де жеңіл болады екен. Бұл бабаларымыздың Ұлы Дала философиясын, жаратылыстың құпиясын, өмірдің сырын жетік білгендігін көрсетсе керек. Естеріңізде болса, баяғыда баланы молдалар, имамдар сүндеттеген. Ал,қазір көбісі дамыған заманда медициналық жолды таңдайды. Шиелі аудандық емхананың хирург-дәрігері Бақытжан Демеуов өз пікірін білдірді.
– Қазіргі кезде көптеген балаларды сүндетке отырғызудамыз. Әрине, дәстүрлі сүндеттеудің пайдалы жағы көп. Кесілген соң, айналдырып тігіліп, дәрі жағылады. Тіккен жібі жағылған дәрінің күшімен өз-өзінен шіріп түседі. Бас-аяғы 7-8 күнде бала жүгіріп кетеді. Медицина дамыған сайын сүндеттеудің де түрлері көбейіп келеді. Қазір баланы туғанда бірден сүндеттеу үрдісі қалыптасуда. Бірақ, бұл ата-ананың келісімімен жүзеге асады. Балаға ата-әжесі, ата-анасы психологиялық жағынан «сен енді нағыз жігіт болдың», «елің мен жеріңді қорғайтын азамат боласың» деп жігерлендіру арқылы ауырсынуды сездірмеуге тырысады. Кейбір бала туғанда сүндеттеліп туады. Бұл Алланың оған рақымы мен жасаған жеңілдігі болса керек. Әдетте олар зерек, алғыр болып өседі, – дейді.
Десек те, бүгіндері сүндет тойды «ысырап» қылатындардың қатары қалыңдап, ұлан-асыр той жасап, даңқын асырғысы келетіндер де жоқ емес. Не десек те, бар жиғанын баласының жақсылық қуанышына арнаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе?! Тек, өткізіп жатқан тойдың мәні мен маңызын өсіріп отырған ұл-қызыңыз ұғынып өссе екен дейміз. «Тұңғышымызды сүндеттедік. Қазір баланы сүндеттеу үшін дәрігерлердің белгілеп қойған бағалары бар. Бірақ, жылдан-жылға қымбаттап барады. Баламызды мұсылман ету үшін барымызды аямайымыз, тек қалталылар төлемақысын асыра берсе, тұрмысы орта, 2 баласын жатқызған отбасылар қиналып қалатын кез болады. Дегенмен, той – халықтың қазынасы. Жиған тергенің тойға шашылсын» деп тілеген ұлттың ұрпағы болғасын, сүндет той жасап, балалардың қуанышын тойлаған жөн-ау. Дегенмен қазір карантин уақыты. Сол себепті үлкендердің батасын алуды кейінге қалдырып отырмыз» дейді кент тұрғыны Нұрайым Айдарбекқызы.
Енді, кейбір елдер сүндеттеудің пайдасын түсініп, ержеткен соң да сүндеттеп жатады. Еліміздің солтүстігіндегі немесе Моңғол елінен қоныс аударып келген қандастардың арасында үлкен жастағылардың да тәуекелге барып, сүндетке отырып жатқанын естідік. Мамандар, ержеткен соң да сүндеттеуге болатынын айтады, бірақ мұсылман діні 7 жасқа дейін сүндеттегенді құптайды. Байқасақ, көптеген деректер сүндеттелудің адам өміріне пайдалы екенін көрсетіп отыр. Ол ұлттық таным, діни һәм медицина тұрғысынан да құпталады. Сала мамандары тазалықты сақтап, түрлі аурудан сақтанып, өніп-өсу үшін сүндеттелу дәстүрін құптайды.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ