Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәуліт мерекесі аталды

Мәуліт мерекесі аталды

Сәрсенбі күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде күллі мұсылман жұрты асыға күтетін Мұхаммед (С.А.У) пайғамбардың туған күні – Мәуліт мейрамы өтті. Мереке қарсаңында, мешіт имамдары Алла елшісінің ізгі амалдарын насихаттап, ислам дінінің тарихынан сыр шертті.
Мәуліт мерекесі – адамзаттың асыл тәжі болған Пайғамбарымызға деген ерекше сүйіспеншілік пен махаббаттан туындаған мейрам. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у) дүние есігін ашуымен адамзат өмірге жаңа келгендей жанданып, тас жүректер Жаратқан Жаббар Хақтың нұры арқылы ақиқаттың кәусар бұлағымен сусындап, қайта тірілді. Толғанысқа толы шара барысында Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы Б.Абуов тәңірлік тәрбиені паш еткен ғаламның рахым Нұрының (с.а.у) мейірімділігін жеткізіп, мұсылмандардың жүректерін жібітіп, көздеріне жас үйірді. Шарада Ақмешіт-Сырдария мешітінің найб имамы Ш.Садуов Құран оқыды. Одан бөлек «Думан Шиелі» сауықтыру орталығында тәрбиеленуші мүмкіндігі шектеулі балалар «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» атты сахналық қойылымын жиналған көрерменге паш етті. Сонымен қатар Жиделіарық ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Р.Қалкөзов және Шиелі аудандық орталық мешітінің найб имамы С.Бекенов өз шәкірттерімен Мәуліт оқыды. Биылғы мерекенің ерекшелігі Мәуліттің қазақ тілінде де оқылғаны болды. Шара барысында айтыскер ақын К.Жүсіп пен Е.Әміров асыл дінімізді жырға қосып, қағытпа әзілдерімен бірін-бірі түйреп, қазақы өнердің кереметін көрсетті. Шиелі аудандық мәдениет үйінің режиссері Д.Ерболатұлының «Мүмкіндік» монологын тамашалаған көрермен көз жасына ерік беріп, үлкен сүйіспеншілікпен тамашалады. Сонымен қатар жиналғандар ­Нартай өнер мектебінің директоры, «Нұр Иман» мешітінің шәкірті М.Құрманбекұлының орындауында «Жұмадан қалма» термесін және Б.Таймановтың орындауында «Дүние керуен» әнін тамашалады. Шара соңында Ақмешіт-Сырдария мешітінің бас имамы мен Шиелі ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Әбдірахман имамдарды алғыс хатпен марапаттады.

Азамат ЖАПБАРБЕРГЕНОВ
30 қараша 2019 ж. 903 0