Мейірімі мол мереке
«Мәуліт» Араб тілінен аударғанда “туған уақыты” деген мағынаны білдіреді. Күллі адамзаттың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам «мәуліт мерекесі» деп аталады. Қасиетті мәуліт мерекесі Нартай ауылындағы «Арғын ата» мешітінде өтті. Мұсылмандар үшін орны бөлек мерекеге ауыл әкімі Файзулла Қалиұлы, ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев, аталған ауыл мешітінің бас имамы Бауыржан Мұсағалиұлы, ауылдық мәдениет үйінің басшысы Рахымжан Бөлегенұлы қатысты. Қонақтар мешітке жиналған жамағатты айтулы мерекемен құттықтап, асыл пайғамбардың өнегелі өмір жолын үлгі етіп, халықты жақсылыққа шақырды. Шараға қатысушылар «Думан -Шиелі» сауықтыру орталығының қызметкері Бақытжан Исламхановтың жетекшілігімен дайындалған ерекше балалардың өнерімен қатар ауданның жыр-термешілері М.Бекпейісов, Б.Тойманов, С.Әбжапбаровтың өнерін тамашалады. Шара соңында ауызбіршілігі бітім ауыл жамағаты өз қаражаттарына дастарқан жайып, дүниеден өткен аруақтарға Құран бағыштады.
Азамат Жапбарбергенов