СҮНДЕТТЕУ – БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ
Тұлымы желбіреп, аяғына тік тұрған жас балаға халқымызда сүндетке отырғызу дәстүрі қатаң сақталған. Оған «Сен енді жігіт болдың», «Жігіттік шаққа қадам бастың», «Отаныңды қорғайтын азаматсың» деген сөздерді айтып, көңілін көтеріп, батырлық пен батылдыққа тәрбиелеп, жігерін жани түсетін болған. Ендеше, ер баланы сүндеттеудің мәні мен мағынасы қандай? Сүндетке қай жас аралығында отырғызады? Сүндеттеуге қай мезгіл тиімді? Оның пайдасы қандай? Бүгінде ұлан-асыр той қылып, атап өтіп жатқандар қаншама? Бәзбіреулер бұны «ысырап» деп түйсе, енді біреулері «атадан қалған дәстүр» деп топшылайды. Қайсысы дұрыс? Біз осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеп, тақырыпты таразылаған едік.
Әрбір қыз баланың арманы – бойжету болса, ұл баланың мақсаты – ержетіп, азамат болу. Сол үшін де сүндеттелу күнін асыға күтеді. Дәстүр бойынша сүндеттелген баланы түгел бастан-аяқ киіндіріп, одан бөлек нағашы жұрты тай мінгізген. Сонымен қатар екі иығына үкі тағып, үлкен той жасаған. Бұны қазақта «сүндет той» деп атап, үлкен сый-құрметке ие болған. Осыдан халық арасында «Сүндет той – мұсылманға міндет той» деген тәмсіл қалыптасқан. Азамат атанудың алғашқы белгісі болып саналатын дәстүр әлі күнге дейін жалғасып тауып келеді.
Сүндеттелген балаға аса күтім қажет. Сондықтан жас баланы сүндеттеуге жаздың қырық күн шілдесі өткеннен кейін тамыз, қыркүйек айлары тиімді. Өйткені, сүндеттелген бала кең, ұзын көйлек киеді. «Сүндетжейде» деп аталатын сол бір киімді бала толық жарасы жазылғанша үстінен тастамайды. Ал аталған айларда ауа райы да сәйкесінше қолайлы болып тұрады.
Көптеген ғылыми зерттеулер барысында сүндеттеудің әсерінен «ЖИТС» сынды жыныстық қатынас арқылы тарайтын аурулардың жолын бөгейтіні анықталған. Бұл – сүндеттелген адамда вирус саны едәуір аз деген сөз. Мысал келтіргеніміз тек біреуі ғана. Медициналық тұрғыдан қарағанда, сүндетке отырғызудың бұдан бөлек пайдасы ұшан теңіз.
Ислам дінінде сүндеттелудің қаншалықты маңызы бар? Сүндеттеу – мұсылманның парызы санала ма? Ол туралы толық ақпаратты аудандық орталық мешіттің бас имамы Бақыт Ұлжаевтан білген едік:
– Сүндетке отырғызу – Пайғамбарымыз Мұхаммед ( c. ғ. с.) сүннеті болып табылады. Оның пайдасы өте көп. Сүндетке отырғызылған бала түрлі ауруға шалдығудан аман қалады. Бұрын ата-бабамыз сүндеттеген кезде кең іш киім кигізетін болған. Ал қазіргі таңда сүндеттеуден еш хабары жоқ кейбір ата-аналар баласына тар іш киім кигізіп жатады. Бұл өте зиян дүние. Ер адамның сүндеттелуі кейін ерлі зайыпты болғанда әйелі екеуінің арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуына септігін тигізеді. Сүндеттелудің негізгі мақсаты да осы, – дейді Б.Ұлжаев.
Тағы да айта кететін жайт, баланы 5-7 жасында сүндетке отырғызған. Баланы сүндеттеу – ата-ананың үлкен борышы. Әрбір ата-ана сүндеттелетін баланы психологиялық жағынан дайындап, барынша бұл жағдайдан оңай өтуге ықпал жасау керек.
Иә, сүндеттеу әрбір ер баланың өмірінде есте қаларлық оқиға. Ол мықты денсаулықтың, бақытты болашақтың кепілі. Сол себепті әрбір ата-ана баланың болашағына бей-жай қарамауы тиіс.
Фариза
КЕНЖЕШОВА