100 процент екпе алған ұжым
Жаңа оқу жылында оқушылар қайта мектебімен қауышады, деп күтілуде. Бірақ, жұқпалы індеттің екпіні күшейіп барады. Осы орайда, 100 процент ұжымдық иммунитет қалыптастырған оқу ордалары жайлы сөз қозғамақпыз.
Індет дендеп барады. 16 өңір «қызыл» аймаққа енгені халықтың қамсыз жүріп, сақтық шарасын дұрыс жасамағанының белгісі. Екпе алған адамдардың өзі ауырып жатқаны қорқынышты. Вирусты жұқтырып қана қоймай, оны тарату арқылы үлкен қауіп төнуде. Қызылорда облысында 29 шілдедегі дерек бойынша ахуал күрделеніп барады, яғни індетті жұқтырғандардың саны артуда. Айталық, облыс бойынша коронавирус инфекциясымен 10 077 адам тіркелді.
Кеселдің күшеюі тек ересектерде ғана емес, балалардан да байқалуда. 18-ге толмаған балалардың дерттенуіне себеп дельта штамы дейді мамандар. Себебі, былтырғы пандемия уақытында вирус балалардан анықталмаған. Енді мутацияға ұшыраған вирус дельтаның таралу жылдамдығы еселенгенімен қоймай, симптомды және симптомсыз белгілері арқылы әр түрлі жас шамасындағы балалардан білінуде. Осы себепті Денсаулық сақтау министрі оқушылардың да екпе алғанын жөн санайды. Сонда вирустың жұғу, таралу ахуалы әлдеқайда төмендейді. Әрине, екпе алдымен ата-ананың рұқсатымен ерікті түрде жүреді. Екпені қабылдаушы оқушылар көбейсе мектепте де иммундық жүйе толық қалыптасады. Себебі, білім беру ұйымдарындағы оқытушылар мен мұғалімдер екпе қабылдады. Ендігі кезек оқушыларда.
15 шілдеге дейін екпе алған ұстаздар қауымы 1 қыркүйектен басталатын сабаққа дайын десек артық болмас. Қазақстан бойынша әліде штаттық режимде вакцина жүріп жатыр. Себеп біреу, 1 айдан кейін сабақ дәстүрлі түрде өтеді. Қазіргі таңда, процес 80 процентке орындалып тұр. Жалпы, мектеп ұжымының жаппай вакцина алуы оқушылардың дәстүрлі түрде білім алуына жол ашса, сондай-ақ, ата-аналардың алаңдамауына болады деген сөз.
Шиелі ауданда бүгінгі күні 6 мектеп толықтай ұжымымен екпе қабылдаған. Атап айтар болсақ, кенттегі №47 М.В.Ломоносов атындағы лицейінде 137 мұғалімнің 96-сы, кіші қызметкерлердің жалпы саны 81-дің 54 қызметкері екпе алған. 41 мұғалім мен 27 кіші қызметкер денсаулықтарына қарай екпеден босатылған. Ал, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектепте 97 мұғалімнің 81-і, 38 кіші қызметкердің 27-сі екпе салдырған. 16 мұғалім мен 11 кіші қызметкер вакцина алудан босатылған. Ауылдағы мектептер де ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинаны ектірген. Мысалға, 1 мамыр ауылындағы №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектепте 23 мұғалім мен 19 кіші қызметкер вакцина алған. Ал 8 қызметкері екпеден босатылыпты. Мұнымен бірге Бірлестік ауылындағы №142 мектепте жалпы саны 66 қызметкердің мұғаліммен басқа да қызметкерлерді қоса алғанда 55-і екпе салдырған. Екпе алған 6 мектептің қатарын Жаңатұрмыс ауылындағы №207 мектепте 34 қызметкер және Еңбекші ауылдық округіне қарасты Қосүйеңкі елді мекеніндегі №84 мектепте барлығы 23 қызметкер, Ақтам елді мекеніндегі 7 қызметкерден тұратын білім беру ұйымында 3 мұғалім мен 1 кіші қызметкер вакцинаны алған.
А.БАЗАРБАЙҚЫЗЫ