Екпе салдыру – саулығыңа себеп
Елде жұқпалы індет таралғалы алып қашпа сөз де қатар жүруде. Бірі екпенің ішінде чип болады десе, енді бірі әйел затыныңқұрсақ көтеруіне кедергі келтіреді десті. Ал, ұжымдық иммунитет қажет деп тапқанда вакцинацияның жалған паспортын жасату қылмысы анықталуда. Бұл оқиғалардың орын алуы дұрыс ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмегенінен деді Президент Қ.Тоқаев еліміздегі эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте.
– Иммунитет қалыптастыру үдерісін тежеп отырған тағы бір өзекті мәселе – вакцинацияның жалған паспорттары. Мұндай теріс құбылыстардың алдын алып, олардың таралуына жол бермеу маңызды. 16 шілдедегі мәлімет бойынша 65 қылмыстық іс қозғалған. Яғни, жұмыс басталды. Енді оны белсенді жалғастыру керек. Бұл өте ауыр қылмыс. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін іс-әрекет. Вакцинация паспортының қолдан жасалуына жол берген тұлғаларға қатысты қатаң жаза қолдануды тапсырамын, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осындай қиын кезеңді бастан кешіп жатқан елді Мемлекет басшысы сабырға және сақ болуға шақырды. Себебі – бұл тек бір Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдері душар болып отырған жағдай. Қауіпті дерттен үрейленіп өмір сүргенімізге жылдан астам уақыт өтті. Ол аз дегендей вирустың жаңа штамдары пайда болуда. Бүгінде індетті жұқтырмау үшін ең бірінші кезекте мықты иммунитет қажет екенін қазір көпшілік жақсы түсінеді. Сол үшін ұжымдық иммунитет қалыптастырудың маңыздылығы сөз болуда.
Ескерте кететіні, міндетті вакцинаның мерзімі ұзартылуына орай, екпенің бірінші компоненті 2021 жылдың 10 тамызына дейін, екінші компоненті 1 қыркүйекке дейін алынуы тиіс. Қызылорда облысында 2021 жылғы 26 шілдедегі мәлімет бойынша I компонентпен 211 900 адам вакцина салдырды, II компонентпен 133 249 адам. Иә, саулық – сақтықта. Бұл күндері жұқпалы індет қайта өршіп барады. Қазақстанның 16 аймақ «қызыл» аймаққа өтіп кетті. Сондықтан, жиын, той-томалаққа әлі де баруға болмайтынын ескергеніміз жөн-ақ. Сақтық шараларын сақтап, бетпердені шешпеуге тырысайық. Ең бастысы жұқпалы індеттің жеңудің жолы – екпе қабылдау екенін естен шығармайық!
Гүлнәр ӘБДІХАНИ