Елімізде вакцинация паспортының жаңа нұсқасы пайда болады
Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес, коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін алғаннан кейін берілетін электрондық вакцинация паспортының форматы жаңартылады. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК telegram арнасында хабарланды.
Вакцинация паспортының жаңа нұсқасын eGov mobile мобильдік қосымшасының "цифрлық құжаттар" сервисінен көруге болады. Электрондық құжат үш тілде қолжетімді. Электрондық құжаттың жаңа нұсқасында азаматтардың туған күні, төлқұжат нөмірі, QR-код сияқты жаңа деректер қосылған. Құжаттың заңды екенін QR-код арқылы тексеруге болады. Кодты сканерлеу кезінде вакцина алған адамға қатысты мәлімет пайда болады. Қажет болса, ол мессенджерлер арқылы электрондық құжатымен бөлісе алады. Одан бөлек, электрондық паспортты көрсетуге мүмкіндік болмаса, онда азаматтарға медициналық ұйым тарапынан берілген анықтаманы көрсетуге болады. Еске сала кетсек, бұған дейін елде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты вице-премьер-министр Ералы Тоғжанов облыс әкімдіктеріне "сары" аймақта орналасқан өңірлерде күшейтілген шектеу шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Сондай-ақ, ол әкімдіктерге мобильді бригадалардың жұмысын ұйымдастыру арқылы ауыл тұрғындарын вакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Айта кетсек, өткен тәулікте елімізде 2590 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған еді. Олардың дені Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан және Қарағанды облысынан.
https://kaz.nur.kz