Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр

Ғибратты ғұмыр


Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, тентегін түзеп, азаматын ардақтап отыр­атын кісіні «Ақсақал» десек, біздің аудандық полиция бөлімінің осындай ақсақалы Сағынбек Қуатбаев 1 тамыз күні 80 жасқа толды.
Адамның жасында не болмайды? Кім болсаң да жастықтың жалыны күйдіреді, кейде жандырып та жібереді. Сәкең ағамыз сыпайы жүріс-тұрысымен, өз қызметіне адалдығымен, әділдік пен заңға құрметпен қарауымен, анда-санда өзіне ғана жарасып тұратын қожанасырлық қылықтарымен, болған оқиғаны әсерлеп тыңдаушысына шебер жеткізуімен, ретті жерінде әзіл-оспақтан да кетәрі еместігімен ұжым ардагерлері арасында қадірменді. Үлкендерге әдемі қартая білу де өнер қағидасына қатып қалған. Сұңғақ бойлы Сәкең автокөлігі болса да, үнемі жаяу жүреді. «Бұл дегенің – спорт, денсаулық, отбасымның қамын ойлау, мына қымбатшылықта бензин үнемдеу» деп Шиелі кентінің ана шеті мен мына шетіне шапқылап барып келе береді. Сексеннің сеңгірінде жүргенін ұмытып, баяғы лейтенант кезін қимай жүргендей көрінеді. Несі бар, Құдай денсаулық берсе, онысын қызғанбайық.
Сағынбек Ембергенұлы екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың бірінші тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданында дүниеге келген. Жанынан әзілі қалмайтын Сәкең «әй, жігіттер, абайлаңдар, мен ұлы композитор, қазақ елінің Әнұранын шығарған Шәмші Қалдаяқовтың жерлесімін, ән айтқыларың келіп отыр ма?» деп те жұртты күлдіріп еді. 1942 жылы оның әкесі Емберген Қуатбайұлы Шиелі аудандық астық өнімдерін тарату базасына директор қызметіне ауысып келіп, тапжылмастан 30 жылдай абыройлы еңбек етеді. Анасы Ұлымхан тоғыз құрсақ көтеріпті. Оның бесеуі ұл, төртеуі қыз болған. Сағына күткен перзенттері, тұңғыш ұлдары осы Сағынбек ағамыз екен. Одан соң інілері мен қарындастары соңынан қаздай тізілген. Тағдыр деген де қызық қой. Сағынбек ағаның зайыбы Зинаиданың ағасы 1965 жылы кенеттен жастай қайтыс болып, соңында үш баласы қалады. Әкелері Жұмаділда Ибраев соғысқа аттанғанда үйде анасы Әлима мен 4 жасар ағасы Төлебай қалған екен. Ол кезде Зина апай бір жастағы бүлдіршін қыз еді. Төлебай дүниеден озған соң жас келіншек тұрмыс құрып кетеді де, үш бала Әлима әжесінің қолында қалады. Ерлі-зайыпты Сағынбек пен Зинаида адами шешім қабылдап, 6 баласына 3 баланы қосып, бауырларына басады. Осылайша Ұлымхан енесіндей 9 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп, құтты орындарына қондырады. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп осындайда айтса керек. Зинадай жұбайының жан дүниесін түсінген, жалғызбасты енесі Әлиманың көңіліне қаяу салғысы келмеген, жетім балдарды жылатпайын­ деген Сағынбектің сол кездегі ой-санасы, бүгінгі ата-аналарға, жас жұбайларға таптырмас, өрнекті өнеге болып қалары сөзсіз. Қазақ даналығында «Жерде жетім жыласа, аспанда періште күңіренеді» деген де сөз бар. Міне, Зина апай мен Сағынбек ағайдың бірін-бірі сыйлауының, түсінгендіктерінің арқасында үш бірдей отбасы өмірге келді. Ақындарша айтсақ:
«Махаббат бұл – жан екен,
Өсу екен өркендеп.
Тұрады екен өлгеніңше,
Өміріңді көркемдеп» дегенге саяды.
Кереметі сол – Зинаида Жұмаділдақызы да биыл 80 жасқа толып отыр. Сол бір сұрапыл соғыстан оралмаған, өзі көре алмаған әкесін аңсаумен, сағынышын арқалаған күйі әлі келе жатыр. Сүйеніші, тірегі, түйдей құрдасы, үйдегі жұбайы, сүйікті жан-жары Сағынбек ағай. Зина апай да ауданға танымал, 35 жыл тіс дәрігері болып істеген, сақтау саласының ардагері. «Қыздың жолы жіңішке» деп, Зәкеңнен бастап жатқаным да сол. Сағынбек ағамыз да оны құп көретін сыңайлы. Өйткені, Шығыстың бір ғұламасы «Әйелің көңілдесің емес, бүкіл ғұмырлық досың, әрі серігің. Кемпір болған кезінде де сүюге тиіссің» деген екен. Ал, Сәкеңді бұдан хабарсыз деп ойламаймын. Себебі ол, кітап, газет-журналдарды көп оқитын кісі.
С.Қуатбаев әкесі Ембергеннің Шиелі ауданына жасаған еңбегінің арқасында, осында тұрақтап қалады. Аудан орталығындағы №45 қазақ орта мектебін бітіріп, 1960 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеп, 1963 жылы елге оралады. Тумысынан пысық, алғыр жігіт әскерден келісімен Шиелі аудандық атқару комитетінде (Райисполком) азаматтық қорғаныс бөлімінің қызметкері, 1964 жылдан 1969 жылға дейін атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарады. 1969-1971 жылдары Алматы қаласындағы милиция мектебінің курсанты атанып, білімін көтереді. Оқу орнын үздік бітірген С.Қуатбаев 1971 жылы жолдамамен Жаңақорған аудандық ішкі істер бөліміне жіберіліп, паспорт столының бастығы қызметіне тағайындалады. 1972 жылдан 1975 жылы аралығында Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің БХСС инспекторы, 1975-1992 жылдары қылмыстың алдын алу бөлімінің аға инспекторы қызметтерін абыройлы атқарып, 1992 жылдың маусым айынан бастап жасының ұлғаюына байланысты милиция майоры шенінде отставкаға шығады.
С.Қуатбаев аудандағы милицияның тірек пункттеріне басшылық жасады. Аудан көлемінде қоғамдық тәртіп сақтауда, халық жасақшыларын (ДНД) ұйымдастырып, мекемелермен тығыз байланыс орнатып, Шиелінің қоғамдық өміріне белсене араласып, мол еңбек сіңірді. Сол тұста бөлім басқарған басшыларымыз Кәрім Жұмағалиев, Бақыт Бекпанбетовтердің ауыздарынан тастамайтын, күнделікті іздеп отыратын аңыз адамына айналған С.Қуатбаев оларға несімен ұнады дейсіз ғой? Сәкең есепке жүйрік болатын. Сосын өтірік айтпайды, барынша адал, сенімді офицер еді. Ішкі істер бөлімінің барлық есебін (отчетін) жасайтын да осы кісі. Отчеты облыстық ішкі істер басқармасынан қайтқан емес. Қайта мақталып жататын. Цифрларды жақсы ажырата білетін, сосын процентті шығарғыш. Қылмыстың түрлерін өткен жылғымен салыс­тыра отырып жасайды да, қосса да аздап қосып, білдірмей кемітіп жіберетін. Әйтеуір, отчеттың шебері атанып кетті. Жоғары да тыныш, бөлім басшылары да риза болып жататын. Оның антына берік, орындаушылық, ұйымдастырушылық, қылмыстың алдын алу тәжірибесіне әріптестері, жеке құрам тәнті тұратын.
С.Қуатбаев полиция бөлімінің ардагер-тәлімгері ретінде осы уақытқа дейін жас полиция қызметкерлеріне мол тәжірибесін беруден жалыққан емес, сексенінде де сергек. Бөлім ардагерлерінің жиналысынан да қалмайды. Ардагерлер Сағынбек ағасын асыға күтіп отырғаны. «Іштерің пысты ма?» деп Сәкең милициялық бастан кешкен қызықты оқиғаларын айтып, ардагерлердің ішек-сілесін қатырып жатқаны. Сәкең сондай кісі. Иә, бұндай адамдар көп жасамағанда кім жасайды, кім өзін бақытты санамайды? Өмір де көші-қон. Сағынбек аға мен Зина апамыздың өздерінен тараған 6 ұл-қызын жұрт білген де дұрыс. Үлкен ұлдары Бақыт Ембергенов Төтенше жағдайлар министрлігінде 26 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Ол Алматы өрт-техникалық училищесін, Ташкент қаласындағы өртке қарсы күрес жүргізу жоғарғы мектебін бітіріп, полковник шеніне дейін өсіп, Қызылорда облысы Өртке қарсы қызмет департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы қызметін көп жыл атқарды. Қазір зейнетке шықса да департаментте өрт-апаты бөлімін басқарып отыр. Б.Ембергенов «Төтенше жағдайлар жүйесіне еңбегі сіңген қызметкер» кеуде белгісімен, «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Азаматтық қорғаныс халықаралық ұйымының медалімен, сондай-ақ, «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Одан кейінгі қыздары Жанна Ленинград қаласында ауыл шаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша тәмамдаған. Бала тәрбиесімен үйінде отыр. Одан соң Болат та өрт саласында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шығады. Балдары Мұрат кәсіпкер болса, Баян есімді қыздары сауда саласының қызметкері, менеджер оқуын бітірген осы заманға лайық маман иесі. Кенже қыздары Шолпан заңгер, бухгалтер-экономист мамандықтарын алған. Қазіргі таңда, өзі оқыған №45 мектептің қызметкері. Осы ұл-қыздарынан жиырма шақты немере сүйіп отырған, өз балаларының алды зейнеткерлікке шығып жатқан Сағынбек ағай мен Зинаида апайда арман бар ма?! Адам ұрпағымен мың жасайды. Оған Қуатбаев, Ембергенов, Сағынбековтер әулетінің жалғасқан жалынды ұрпақтары куә.
Ұзын бойлы, денесі тік, алпамса келген, жүрісі әлі ширақ, қимылы шапшаң, былайша айтқанда «қырықта қансыз секілденген» мықты, әзілі мен сөзі орнында, есіктен ішке күлімдей кіретін, милиция ардагері Сағынбек Қуатбаев сексенде дегенге сіз де сенбес едіңіз. Бірақ өмір болған соң, шау тартамыз, қартаямыз. Өр ақын Мұқағали айтпақшы:
... Мына күн де, мына аспан да, дала анау,
Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау.
Өмір дейтін – тағатсыз бір қозғалыс,
Өмір дейтін – өлмейін деп қарамау.
Сағынбек ағамыз да жан-жағына қарамай, аудандық полиция бөліміне қарай алшаң басып келе жатыр.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудандық полиция бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы
30 шілде 2021 ж. 452 0