Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АЖАРЫ ҚАЙДА АУЫЛДЫҢ?

АЖАРЫ ҚАЙДА АУЫЛДЫҢ?


Заман дамыған сайын «ауыл да ажарынан айырылып бара  ма?» деп ойлап жүрмін. Өйткені қыдырып барған сайын қынжылып қайтамын. Бұрын үйге кіре сала сөмкелерімізді тастай салып, көрші ата-апаларға амандасып шығатын әдемі бір үрдіс болушы еді. Бүгінде оны мүлдем тоқтаттық.
Мұның себебі қазіргі «қария­лар» бізден сәлем дәметпейтін болды. Оларға барып «Ата, қалыңыз қалай? Күйлі-қуаттысыз ба?» деп сәлем беріп көріңіз, сізді атарға оғы болмайды. Өйткені ол кісілер – әлі қарттықты мойындай қойма­ған, жігіттік дәуірді қимай жүрген, тіпті әлі күнге өздерін «күйеу жігіттей» сезінетін кербез­дер. Той-томалақта бата бермек түгілі, топ­тың алдына түсіп алып селтең­деп, жас қыздарға қырын­дап, өмір жолына енді түскен жас жігіт­тер сияқты, тәйірі. Мүмкін қария­лық жасқа іліге бастаған­ның көбі Кеңес идеологиясының сойы­лын соғып, қып-қызыл бел­сенді болғаннан шығар деп ақтаймыз.
Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды: шал, қария, ақсақал және абыз деп бөлген. Ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын – қарт-шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айдынын асырып отыр­ған қартты ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарих­тан әңгіме қозғап, тұла бойы­на ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молы­нан сіңірген қартты абыз деген.
Көпке топырақ шашпаймын. «Ақсақалға жарасар, аузындағы тобасы» дейтіндей абзал қария­лары­мыз баршылық. Ауыл қария­сы­мен сәнді. Күн шуақта таяққа сүйеніп, күннен көзін қолымен көлегейлеп, «Қай баласың, қара­ғым?» деген жылы сөзді естімегелі де көп болыпты-ау. Әлде, марқұм атам мен апамды сағынған көңілім қарияның құшағын аңсады ма екен? Жүгіріп келіп қойып кететін кең құшақ пен мейірлі алақанға жетер не бар шіркін!
Айман ДУАНБЕКҚЫЗЫ,
Панфилов ауданы
13 маусым 2018 ж. 1 109 0