Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ жаулықты анаға құрмет

Ақ жаулықты анаға құрмет

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдерін ұлықтау керек» деген еді. Осыған орай, еліміздің әр аймағында елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалары мен ел үшін еңбек еткен ақ жаулықты аналардың мерейтойлары өткізіліп келеді. Күні кеше Шиелі ауданы, Досбол ауылдық клубының ұйымдастырыуымен батыр ана, ауылына еңбегі сіңген Күләнда Ержанқызының 80 жас мерейтойына арналған «Бәрі де ана, бір өзіңнен басталады» атты кездесу кеші өтті. кешке аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, Ы.Жақаев музейінің директоры Құттықыз Ыханова, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Күлшат Махан, кәсіпкер Дүйсенкүл Тәжиева мен ауыл ардагерлері қатысты.
Бүгінде үлкен әулеттің әзиз анасы атанған Күләнда Ержанқызының ғұмыры ғибратқа толы. Биыл 80 жасқа толған аяулы ана бейнет пен тауқыметті бас­тан өткеріп, талай қиындықты еңсерді. Осы күні қара шаңырақтың ұйытқысы болған ананың өткен өмірі өскелең ұрпаққа өнеге. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ерлердің барлығы қару асынып майданға атанса, елде қалған аналар, жастар тылдағы жұмысқа жегіледі. Ауылдың дамуына атсалысып, жастарға ақылшы бола білген ел анасының мерей тойында ауыл әкімі Ержан Ахметов сөз алып құттықтап, сый құрмет көрсетті. Иығына камзол мен басына ақ жаулық жапты. Содан соң мерейтойға келген қонақтар сөз алап, ақ жаулықты анаға ақ тілегін жаудырды.
Қазыналы қарияның өмір жолынан сыр шертетін отбасылық қойылым қойылды. Арнайы облыстан келген «Ақтөре» театрының әртістері де құр алақан келмей, өздернің қойылымын ортаға салды. Оны тамашалған қонақтардың көңіл-күйін бір серпілтіп тастады.
Осылайша, ұрпағына тағлымды тәрбие беріп, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғастырып келе жатқан ел анасын мақтан тұтып, ардақтап, қоғам назарына насихаттай отырсақ, ұтпасақ ұтылмайтынымыз сөзсіз. Тағдырына еш өкпе артпаған ана бүгінде бір әулеттің қазыналы қариясына айналып отыр. 9 ұл-қызынан тараған 26 немере мен 93 шөбересі бар.
Шара соңында Күләнда апа ақ батасын беріп, ақ тілегін айтты. Толқыды. Риясыз пейіл мен шынайы құрмет толқытпай қойсын ба?! Сонда да, ақжаулықты ананың алқынғаны байқалған жоқ. Тұтастай тағдырын ел ісіне арнаған еңселі қарттың болмысы бізге өлшеусіз өнегенің, ұшан-теңіз ұлағаттың көмбесіндей көрінді. Әрине, мерейтой иесі үшін мерейлі сәт болған дәл осы шуақты жүздесудің өскелең ұрпақ үшін олжасы орасан екені анық. Өйткені, біздер ұрпақ сабақтастығын дәріптеген салиқалы сәттің куәсі болдық. Ұрпағымен мың жасайтын ардақты әжеге біз де ұзақ ғұмыр тіледік.

Ш.ШАҒДАТҰЛЫ
15 маусым 2021 ж. 549 0