Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарымды қаламгерге құрмет

Қарымды қаламгерге құрмет

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдерін ұлықтау керек» деді. Еліміздің әр аймағында елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың мерейтойлары өткізіліп келеді. Жұма күні аудандық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы, әдеби сыншы, Қазақстан Журналис­тер одағы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Бақыт Сарбалаевтің 75 жас мерейлі мерекесі қарсаңындағы Қазақстан Респуб­ликасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық кездесу өтті.
Қазақ әдебиетіне қомақты олжа салған қаламгер, дарынды жазушы, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан Бақыт Сарбалаевтың шоқтығы қашанда биік. Қаламгердің ұлттық рух, елдік мүддені арқау еткен еңбектері жұртшылыққа жақсы таныс.
Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен тағылымды кеш «Сында да ыстық сезім бар» деп аталды. Сөз қадірін өз қадіріндей түсінетін ақындары мен жазушыларын ардақтай білетін кештің құрметті қонақтары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Абдрахманов, аудандық ата басылым «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет және ақын Дәулетбек Байдрахманұлының қызы Дана Дәулетбекқызы секілді қонақтар қаламгер жазушының өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, келелі әңгімелер өрбітті. Бақыт ағамыздың сөзімен шығармашылық кештің шымылдығы түрілді. Шиелі тарихында құнды дүниелермен ерекше орын алатын Қазақстан Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байдрахманұлының «Сынның дара сардары» атты арнауымен жалғасты. Шара барысында, көзі қарақты оқырмандар сөз зергеріне сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Осы тұста айта кету керек, еліміздегі енгізілген шектеулергебайланысты кешке жиырмаға жуық адам әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып қатысты.
Бақыт Сарбалаұлы 1947 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Әкесі Сарбала ұжымшар төрағасы, «Тұрмыс қажетін өтеу комбинатының» директоры болған. Анасы Ұлбазар үй шаруасымен айналысқан. Бақыт Сарбалаұлы 1969 жылы Н.Гоголь атындағы «Қызылорда педагогикалық институтының» Филология факультетін бітіріп, алғашқы еңбек жолын мектепте «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі болып бастайды. 1970 жылы Алматы облысы, Іле ауданында «Кеңес» жолы газетінде, 1974 жылы «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» газетінде бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Бүгінде 1000-нан астам мақаланың авторы. Қаламын тастамаған қаламгер мақаланың майын тамызып қана қоймай, көркем дүниелер жазуды да ұмытпаған. Ол 1995 жылдан «Қазақ елі» газетінің бас редакторы, 2007 жылы «Әдеби сын» журналының бас редакторы болған. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» төралқасының мүшесі мен Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы болып еңбек етті.
Бақыт ағамыз қарымды қаламгер, дарынды жазушы, кемел талант иесі ретінде төл әдебиет көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосты. Жазушының қаламынан туған «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағы, «Ел мен Елбасы» атты кітаптарының авторы. «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Жиырма бес», «Ілияс Жансүгіров», «Бейімбет Майлин», «Төрт кесене» секілді әдеби-сынды еңбектері оқырман қауым тарапынан жоғары дәрежеде бағаланып, қазақ әдебиетінің қымбат қазынасына айналды. Бақыт Сарбалаевтың қаламынан туған әр шығармаларынан ұлттық рух пен елдік мүдде айқын көрініс тапқан.
Кеште аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Г.Жақыпова «егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, оқырманның шынайы құрметіне бөленген өзіңізді аса көрнекті жазушы ретінде қадірлейміз» деп өзінің ақжарма тілегін білдірді. Ізгі лебізден кейін жазушының «Алмас қылыш» кітабының тұсауы кесілді. Осындай елдікті арқау еткен туындылар жас ұрпақты елі мен жерін сүюге тәрбиелеуде үлкен маңызға ие. Шынайы жазушы – халық перзенті деген сөзді осындайда ұғынамыз. Өз кезегінде Бақыт Тұрсынұлы ыстық ықыласын білдірген жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Шапағат Тілеубаев
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (фото)
23 ақпан 2021 ж. 747 0