Қоғам қайраткеріне құрмет көрсетілді
Алматы қаласында қазақ журналистерін қанатының астына алып тәрбиелеген, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Шерхан Мұртазаға құрмет көрсетілді. Қарымды қаламгердің әруағына құран бағышталып, бейітінің басында ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ өзі тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 1932 жылы 2 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген ол еңбек жолын Қазақ мемлекет көркем әдебиет баспасында бастады. Одан кейін, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде тілші, әдеби қызметкер, редактор болды. 1970-75 жылы «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. 1975-80 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 2-хатшысы, 1980-92 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің бас редакторы болды. 1992-94 жылы «Қазақстан» мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. Ал 1990-1993 жылдарда ҚазКСР Халық депутаты, 1994-2004 жылдарда ҚР Жоғарғы Кеңесінің ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылымының депутаты болды.
Шерхан Мұртаза «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен марапатталған. Қарымды қаламгер «Қара алқа» романы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының алды. Сондай-ақ. ол Қазақстанның Халық жазушысы атанды.
"Өскен өңір" ақпарат