Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлкібастың 90 жылдығына орай бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді

Түлкібастың 90 жылдығына орай бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді

Түркістан облысының шығыс аймағында орын тепкен Түлкібас ауданына биыл 90 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы. Өңірде қазіргі таңда 111 мыңнан астам халық өмір сүреді. Оның ішінде 26-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бар. Ауданның 90 жылдық торқалы тойына орай, бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Түлкібас жерінде алаштың айбыны Тұрар Рысқұлов, батыр-қолбасшы Бауыржан Момышұлы, белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза, филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, қарымды қаламгер Мархабат Байғұт тағы басқа да тұлғалар туылған. Ауданда бұрыннан «Түркібасы әулие» атанып кеткен киелі тарихи жер бар. Бұл маң тіпті Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстың киелі жерлер картасына еніп, қайта жаңғыртудан өтті. «Түркібасы әулиесі» кесенесі – осының айғағы. Бір кездері Түлкібасты Ұлы Жібек жолы тұсында Майлыкент деп те атаған. Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсында орын тепкен Түлкібаста бүгін қазақтың тұңғыш теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев пен Тұрар Рысқұловқа арнап арнайы ескерткіш ашылды. Сондай-ақ ел игілігі үшін аудан орталығында көпір қолданысқа берілді. Сонымен қатар шара барысында жедел жәрдем көлігі медицина қызметкерлеріне табысталды. Мерейтойда халық жаңарған орталық саябақтың да куәсі болды. Ал кешкісін мереке гала концертпен жалғасып, іс-шара соңы мерекелік отшашумен аяқталатын болады.

www.24.kz
26 қыркүйек 2018 ж. 1 085 0