Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Парасатты поэзия

Парасатты поэзия



Сыр елінде өткен «Парасатты поэзия» атты халықаралық фестиваль биыл үшінші жылға жалғасын тауып отыр. Дәстүрге айналған поэзия кеші биыл өзгеше мазмұнда өтіп, көпшілікке ұмытылмас ықылас пен көңіл-күй сыйлады. Фестивальге Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан елдерінен келген ақындармен қатар еліміздің әр аймағынан және облыстан, барлығы 27 ақын қатысты. Төрт күн бойы ақындар үш топқа бөлініп, Арал, Қазалы, Қармақшыда, Жаңақорған мен Шиеліде, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында өнер көрсетті. Олар өлең оқып қана қоймай, елмен тікелей жүздесіп, пікірлесіп, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Қорқыт ата кешені, Байқоңыр қаласы, Сығанақ, Сауран секілді киелі жерлерді аралауға да мүмкіндік алды.
Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына және ақын, сыншы, аудармашы Жарасқан Әбдрашұлының шығармашылығына арналып отыр. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан фестиваль 26-30 мамыр аралығында өтті.
Жалынды жырларымен поэзия пырағын мініп, елдікті де, ерлікті де парасат биігінде жырға қосып келген ақындар сейсенбі күні Шиеліге табан тіреді. Бар мен жоқтың арасын байыппен таразылай білетіндігімен де ерекшеленетін ақындар «Арман» мәдениет үйінде жиналып, жалынды жырларын ортаға салды. Халықаралық жыр кешінде адам қарасы көп болды. Лық толы халықтың қошеметімен аудан әкімі Ә.Оразбекұлы сахна төріне көтеріліп, келген қонақтарға игі тілегін жолдады.
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың сара жолын насихаттау мақсатында қолға алынған шараны әрі қарай ақын, облыстық «Қызылорда» телеарнасының журналисі Толқын Қабылша жүргізіп отырды.
Фестивальде Түрік, Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі Мехмед Нури Пармаксыз (Түркия), Әзірбайжан Жазушылар одағының баспасөз хатшысы, Әзербайжан және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Хаял Рза (Әзірбайжан), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Байбота Қошым-Ноғай (Алматы), ақын, «Әз Ана», «Ай сәулесінің сынуы», «Көкжиек», «Аруана жүрек аңсары» кітаптарының авторы Бүркіт Базарбаев (Атырау), Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Ресей Жазушылар Одағының Керим Отаров атындағы алтын медалінің иегері Мақпал Мыса (Алматы), «Ұлт KZ» тәуелсіз интернет басылымының шеф-редакторы халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты Айбол Исламғали (Орал), халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауының жеңімпазы, «Шабыт» фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша гран-при иегері Батырхан Сәрсенхан (Түркістан), халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-журналист Елубай Әуез (Қызылорда), облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Биболат Сәтжан (Қызылорда) қатысып, бабалар аманатын адал сақтап бүгінге жеткізіп жүрген ақын-жазушылар өлеңдерін оқыды.
Жалынды жырларымен қазақ поэзиясында өзіндік өрнек салған ауданның ақиық ақындары да өлең оқып, арнау айтты. Сонымен қатар, жырдан шашу шашып, кештің әсерлі болуын одан әрі әрлей түсті. «Парасатты поэзия» жыр кешінің Сырда ұйымдастырылуы, ауданда табан тіреуі Тұңғыш-Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өтуі де тарихи, рухани болмысымызды одан әрі аша түсіп, айқындалғандай көрінді. Кешке келген әрбір адам Сыр топырағында ұлттық мәдениеттің төрінде берік орныққан жыршы-жыраулардың, дарабоз ақындар мен шайырлардың мекені деп мақтан ете алатынына тағы бір рет көзі жетті. Осылайша шара бір күннің ғана аясына сыймайтындығын көрсеткендей болды.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
01 маусым 2019 ж. 1 256 0