Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Жетеудің хаты» оқырманға жол тартты

«Жетеудің хаты» оқырманға жол тартты




Көкшетау. BAQ.KZ тілшісі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен көкшетаулық жеті жас ақынның жыр жинағы жарық көрді.

Поэзия әлеміне өзіндік үнімен келіп, сұлу сөзден маржан терген Мерген Тоқсанбайдың «Антитеза», Қуаныш Оспанның «Аспандағы Астра», Құрмет Құралханның «Мөр», Жайнарбек Заңдыбайдың «Бәсіре», Серікбай Әбілмәжіннің «Саршатамыз», Серғазы Қайырболдының «Постскриптум», Бақытбек Бекмұратұлының «Қоңыр мұң» атты жыр жинақтары «Алдаспан» сериясымен қалың оқырманға жол тартты.
«Жетеудің хаты» деп аталатын тұсаукесер кешке Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет арнайы қатысты. Жыр кешінде Ақмола облысы әкімінің жанынан жас ақын-жазушылар Кеңесі құрылғаны да жарияланды.
«Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өңірдегі 25 ақынның өлеңдері топтастырылған жинақ жарыққа шыққан еді. Енді міне, поэзияны жанына серік еткен жеті жастың жырлары қалың оқырманға жол тартып отыр. Бұл игі бастама әрі қарай жалғасын табады. Биыл әдеби өлкетану жобасы да қолға алынды. Осының бәрі әдебиет әлеміне қадам басқан жандарға қолдау болары сөзсіз», – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Көкшетауда осындай игі шараның қолға алынуы халықтың серпілісі деп баға берді.
«Жанартаудай атқылаған «Жетеудің хаты» жас ақындардың халыққа, оқырманға жазылған хаты. Кезінде қазақ тілі қыспаққа алынып, солтүстік өңір жастары, әсіресе, бұйығыланып, басылып қалған еді. Енді міне, «орнында бар оңалар» демекші, үлкен серпіліс туғызған оқиғаның орын алғанына қуанышымыз қойнымызға сыймай жеттік. Биылдан бастап телеарналарда әдеби бағдарламалар, әлеуметтік желілерде әдеби арна ашылғалы жатыр», – деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушы Жабал Ерғалиев әдебиетті құрметтеу арқылы мәдени байлығымызбен алға қадам басатынымызды айтты.
«Бүгін сөз өнерінің құдіретіне, Көкшетаудың құдіретіне және қазақ поэзиясына тәубе қылатын күн. «Жетеудің хаты» – жеті жастың ойы, сезімі. Ақын, жазушы – ұлттың ары. Ал оған дақ түсіруге болмайды» , – деді қаламгер.

03 желтоқсан 2018 ж. 1 430 0