Гүл – ғажайып дүние
Жуырда «Ғылым және спорт» бірлестігінің апталығы аясында аудандық Оқушылар үйінің «Раушангүл» үйірмесінің ұйымдастыруымен «Гүл-ғажайып дүние» атты аудандық байқау өтті.
Аталмыш шараға келген қонақтар мен Оқушылар үйінің директоры Б.Әбішев өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, оқушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға №157, №206 мектептердің биология және химия пәндерінің мұғалімдері – М.Асанбаева, Қ.Әбілдашева және «Өскен өңір «газетінің тілшісі Сымбат Серікқызы әділқазылық етті. Сайысқа ауданның 19 мектебінен 52 оқушы қатысты. Қатысушылар өздерін таныстырып, тақырыпқа сай екі бағыт бойынша өз жобаларын қорғады. Барлық оқушылар белсенділік танытып, өз жұмыстарының нәтижесін көрсетті. Бұйымдар мен гүл шоқтары эстетикалық безендіріліп, тақырыпқа сай жасалды. Ауданның әр түкпірінен жиналған оқушылардың өнері қазылар алқасының көңілінен шықты.
«Флорариум-терариум» бағыты бойынша байқау өте әділ өрбіді. Бас жүлде №45 мектеп оқушылары Аяжан Амангелді, Балнұр Маликованың қанжығасына байланды. Ал, I орын №251 мектеп оқушысы Сырым Жаңабаевқа, II орын №150 мектеп оқушысы Сымбат Сырлыбайқызы мен №149 мектеп оқушысы Әсел Бақытқызының еншісіне тиді. Ал, III орын №241 мектеп оқушылары Ақтілек Тәңірберген, Аружан Әбдірасілға бұйырды.
Екінші «Гүл өмірдің сәні» бағыты бойынша: бас жүлде №41 мектеп оқушысы Сарқыт Сайдауова иленді. I орын №207 мектеп оқушысы Шаттық Орынбасарова, II орын №149 мектеп оқушысы Айсұлу Медетбекке бұйырды. III орынды №214 мектеп оқушысы Мунура Малдыбай мен №45 мектеп оқушысы Ақбота Хабибулла және №50 мектеп оқушысы Нұрдана Төреш алды. Қалған қатысушылар оқушылар үйінің алғыс хатымен марапатталды. Осылайша бұл сайысқа қатысқан оқушылардың үйренері мол болды. Дәл осындай сайысты дәстүрлі түрде жылда өткізіп тұрса, балалардың қызығушылығы артатыны сөзсіз.
Сымбат Сұлтан