Сыбайлас жемқорлықпен күресу – ортақ парыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл ретте, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажеттігін, оған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиістігін және сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керектігін атап өтті.
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық – заман ағымымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан, Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі – осы зұлымдықпен күресу. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарға және осы тұрғыдағы құқық бұзушылыққа бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Г.Қожаназарова,
Иіркөл ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маман, заң қызметкері