Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірегей

Бірегей


Сайып келгенде жақсы адам – жарты ғалам. Ол өзінің адам айтқысыз істері арқылы мына өмірінде өзгеріс жасайды. Біз оны сол кезде көріп, сезбесек те бәрібір уақыт өте аян болады. «Жүрген соң баурайында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, жанымызда жүрген кісілердіңазаматтығын, тұлғалық қасиетін, талантиын дер кезінде байқап, бағалай бермейміз.
Міне, сондай азаматтың бірі, «Атымтай жомарттың» үлгісін көрсетіп, байлығын, тапқан-таянғанын ауданның әлеуметтік-экономикасы мен мәдениетіне, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге, дарынды жастарына, күн-көрісі жоқтарға, мүсәпір пенделерге шашқан Әбдіманап Шорабаевты ел-халқы әлі ұмыта қойған жоқ. Ол тірі болғанда қазақтың шерханы «тал-түс» деген алпыс жасқа толар еді. Небәрі қырық сегіз жыл өмір сүрген Әбдіманап Дүйсенұлы сол қалпы есімізде. Күнде таңертең базардың шырайын келтіріп, томпаңдап аралап шығатыны. Көкбазарда қатар отырған қазақ, орыс, кәріс, өзбек, шешен әйелдерге әзілдей сәлемдесіп, сау­дагерлерге шабыт, көтеріңкі көңіл-күй сыйлап өтетіні, айналасын шашып, тазалық сақтамай отырған сатушыларды сыпайы сөгіп, ескерту жасап кететіні, Базар қарауылдары мен тазалықшыларын да зілсіз ұрсып, тазалыққа, тәртіпке, базар мәдениетіне зер салатыны, Сол заманда жазылған кәсіпкердің жиырма бес ережесін жатқа айтып, осыны сақтаған, орындаған адамдар ғана кәсіпкерлікке жетеді деп отыратыны, бәрі-бәрі әлі күнге көз алдымызда. Сымбатты бейнесі, жарқын күлкісі, саңқылдаған үні, байыпты сөздері, имандылық, ибалы кездері – жүрегімізде. Бірақ Әбдіманап жоқ, оның елес болып қалғанына да он екі жылдың жүзі болды. Адамдар осылайша елес­ке айналып жатады екен. Бұл адамзаттың құтылмайтын, қағаз бетіне түспеген заңы болса керек. Мен Әбдіманап ініммен аға-інілі болып көп араластым. Оны Шиелі тұрғындары жасынан Манап деген атымен жақсы біледі. Әбдіманап деп есейген шағында, базар директоры болып тұрғанда атала бастады. Жас шағында қазақтың қай баласы бұзық болмаған. Жігіт кезінде Манаптың талай «шайқасын» көрдік. Милиция қызметкерлерімен де келісе алмай, ішкі істер бөліміне де анда-санда «соғып» тұратын. Мінезі жұмсақ. Ашуынан да, райынан да тез қайтады. Аудандық милиция бөлімінің сол тұстағы бастығы Кәрім Жұмағалиев керемет кісі еді. Манаптың әкесі Дүйсен ағамыз осы кісімен көрші болды. Бірде көшеде төбелес шығарды деген балалардың ішінде Манап та бар екен. Кәрекең УР-дың бастығы Мәлік Дүйсенбаев екеумізді кабинетіне шақырып, (мен онда бастықтың саяси тәрбие жөніндегі орынбасарымын) «әй, мына Шорабаев менің көршім. Сендер мұны менің алдыма әкеле бермеңдер, ұят болады. Қайта қамқоршы болыңдар» демесі барма. Сол күннен бас­тап Манап мінез-құлқын өзгерткендей, біздің ініміз, досымызға айналды. Орталық базардың бастығы болған Манап, тіпті ақылды, сабырлы, жөн-жосықты білетін, милицияны, заңды құрметтейтін басшы болды. Өзінің кеңсесі жанынан учаскелік инспектор бөлмесін ашып беріп, базар аумағында қоғамдық тәртіп орнатып отырды. Ол жерде Жаппарбек Оразмаханов учаскелік инспектор болса, көмекшісі Алтынбек Нұрмағанбетов екеуі Манаппен қоян-қолтық қызмет жасады. Базарда саудаласып отырған саудагерлер де, базар директоры Манап ­Шорабаев та алаңсыз сауда-саттықпен айналысты. Бұл да М.Дүйсенұлының кәсібін алға апарудың ойлап тапқан бір тәсіліндей көрінеді маған. Шындығында ол кездері жалдамалы рэкеттер болатын. Олар орталық базарлардан ақша талап етіп, бопсалайтын. Осының алдын алған жас басшының көрегендігі, ­сауда орталығын байлыққа кенелтті. Қорғаны бар бұл жерге ешкім аяқ баспады, сескенді. Бір қызығы Жаппарбек екеуміз Манаптың кабинетінде соның ұсынысымен ерекше уәделесіп, дос болдық. Күнде жолығамыз. Бірде Манап «Өркен аға, мен жақында үйленемін, келіннің бетін өзіңіз баянмен ашасыз» – деді. Мен «анау Әлмырза, тағы басқалар бар емес пе?» деп едім, «достығымыз қайда?» – деді. Сонымен үйленіп, той болып, келіннің бетін өзім аштым. Сәлем салдыратын тізімді Манап өзі жазып берген. О, жасаған Құдірет! Тізімде туған інісі Әбдіғанидың есімі аталмапты. Мен қайдан білейін. Әбдіғани ренжіп қалды. Құдды мен сәлем салдырмағандай. Манап та, мен де ыңғайсызданып, кешірім сұрадық. Бірақ Әбдіғани інім осы кезге дейін сонымызды кешіре алмай жүр-ау.
1997 жылы Бала би ауылында төрағамын. Он күнге демалысқа шықтым. Базарда Әбдіманап жолықты. «Аға, бәріміздің де аяғымыз ауырады, ертең мына Қарғалы ауылы маңындағы «Жалтыр» деген жерде ыстық су бар екен, тегін санаторий емес пе, сіз басына қараша үй тіктіріңіз, мен ас-ауқатты өзім апарамын, сөйтейік» – деді. Ертесіне ферма бастығы Сұлтан ағай шипалы су басына қарүй тігіп, сонда Әбдіманап, Сұлтан аға, менің жұбайым Рая (тамақ даярлауға алып шыққанбыз), кенжеұлым Дарын бесеуміз дала санаториінде жаттық. Әбдіманаптың базардағы ветврач ағасы Жаңаберген бастаған достары ағылып, күнде келіп жатады. Сұлтекең ағамыз он күнде он қойдың басын жеген шығар. Менің әкем тірі, бас ұстауға болмайды. Сонда Әбдіманапқа деген Жақаңның, оның достарының құрметіне, сыйластығына таңқалдым. Көңілді демалыс, ыстық су ем-домы зу етіп өте шықты. ­Манап қарүйге кірсе де, шықса да қолын жуады. Сұлтекең намаз оқиды. Манап «аға, мен сізден де тазамын» деп, шәй үстінде әзіліне басады. 1998 жылы Шиеліге Елбасы Н.Назарбаев келді. Ж.Ердешбаевтың «Несібелі инкубаторында» Президентті қарсы алып, аудан ардагерлер Кеңесінің төрағасы Әзімхан Исмаилов бата беріп, мәртебелі қонаққа ақбоз тұлпар мінгізді. Одан шыға салып Ә.Шорабаевтың жеке базарына бет алды. Сонда Әбдіманап Н.Назарбаев пен аудан әкімі Ж.Тұрабаевпен қатар келе жатты. Недеген бақыт, недеген қуаныш! Досымызды биік шың басында көргендей, мәз болдық. Осы жылы ауданға шығармашылық сапармен жазушылар Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджановтар келіп, халықпен кездесулер өткізді. Ж.Тұрабаев орынбасары ретінде мені жазушыларға қосып, Әбдіманаптың қарамағына жіберді. Қонақтардың қонақ үйі, ішіп-жемі, сый-сияпаты, жүріс-тұрысы – бәрі Ә.Шорабаевтың мойнында. Базарын аралатып жүріп алдыңғы екі жазушыға сыйлығын берді. Қ.Мұхамеджанов сатирик жазушы емес пе, әр нәрсені айтып бізді күлдіріп келе жатты. Кенет Әбдіманап риза болғаны сонша, қолындағы алтын жүзігін, «Қалтай аға, еңсесі түскен халықты күлдіріп жүре беріңіз» деп, жазушының қолына тақты. Бұл не сонда? Мәрттік шығар. Мен Әбдіманап қайтыс болардан бір жыл бұрын 2008 жылдың қараша айында «Өскен өңір» газетіне «Шиелінің Әбдіманабы» атты мақала жаздым. Онда былай деппін:
– «Жомарттық, мәрттік, қарапайымдылық – қасиеттер Әбдіманаптың бойына әкесі Дүйсен ақсақалдан дарыған ба деймін. Ол кісінің өзін де, көзін де көрдік. Денесі қандай алып болса, жүрегі де үлкен, мейірімге толы адам болатын. Әкесінің жанында күндіз-түні жүретін Әбдіманап сауданың да сиқырлы жақтарын тоқып, біліп өсті. Адамдардың сан қырлы қарым-қатынастарын пайымдап, жан-жақты аңғарып, әке жолымен алға ұмтылды. Өмірдің – базар екенін, базардың – қайнап жатқан өмір екенін тез аңғарды. Әбдіманап жаңылысқан жоқ. Шиелі халқының жарты өмірі осы Әбдіманаптың жеке базарында өтеді. Қайнаған өмір. Жайнаған тіршілік. Құжынаған халық. Жапырлаған адам. Сауда – саттық. Бәрі осында. Жаймадан іздегеніңіз табылады. Бір ерекшелігі – таза. Базар ішінің тазалығын сақтау – бірінші кезектегі талап. Әбдіманап бір көргенде момын, сыпайы, қарапайым, аңқылдақ адамға ұқсағанмен, қызметінде қатал, талап қойғыш, іскер, айтқанын екі еткізбейтін, қайтсе де орындататын, айқайы да, ашуы да бар. Ашуы тез қайта қоймайтын, бірақ соңында кегі, зілі жоқ адам. Көпшілік арасында ұстамды, ақыл-кеңесті білгенінше айтып отыратын, имандылықты ұстанған Шиелінің Әбдіманабы, зиялы қауымның бір өкілі.
... Ол – педагог тәрбиеші, психолог, заңгер, қаржыгер, кейде жол полициясы қызметкері, учаскелік полицей де болып кетеді. Базарда құжынаған кәріс, орыс, өзбек, дүнген, тәжік т.б. саудагерлерге тілмаш та бола салады. Сан қырынан көріне білу – базар бастығының беделін арттырып, құрмет биігіне көтерері сөзсіз. Халықпен жұмыс істеу – қарапайымдылықты, кішіпейілділікті, ұстамдылықты, байсалдылықты, адалдықты, әділдікті, адамгершілікті, сабырлықты бойы­­на дарыта алған Әбманап Дүйсенұлындай азаматтың қолынан келетінін өмір дәлелдеп отыр. Сауда – ішіп-жеу, біреуді алдап күн көру, баю емес. Сауда – осындай жаны жайсаң кәсіпкер адамдардың халыққа мәдениеті, өскелең қызмет жүйесін ұсынуы. Базаршы қауымның талап-тілегін қанағаттандырып оты­­ру – Әбдіманаптың күнделікті міндетіне айналған.
... Сатушылардың тұрақтылығы – базардың кені, жергілікті халықтың азығы, базар иесінің несібесі, салықтың қайнар көзі. Осының бәрін көріп, біліп, байқап, ұйымдастырып отырған Шиелінің орталық жеке базарының директоры Шорабаев Әбдіманап Дүйсенұлы – халық құрметіне бөленген, ел үшін туған, елім деп жүрген қадірменді, абзал азамат...» деген екенмін. Өкінішке орай, Әбдіманап бауырымыз 2009 жылы дүние салды. «Бай болдым» деп шалқымаған, дарақыланып дандайсымаған, қарапайым жігітті Шиелі халқы аза тұтты. Алтындай ұлының қазасына қайғырды. Ауыр қайғыны отбасы, бауырлары, ағайын-туыстары, достары көтере білді. Құран бағыштап, шариғат амалдарын Әбдіманапқа арнап отырды. «Артында бар оңалар» демекші, өзі кәсіпке баулыған, тәрбиелеген сенімді інісі Әбдіғани «Әбдіманап Шорабаев» атындағы жеке базарды заманауи кейіпке келтіріп, жабық базар салып, марқұм ағасы Әбдіманаптың 60 жасқа толуына арнап, сондай-ақ, Әбдіманап атындағы көшені де оның 10 сәуір – туған күні салтанатты түрде ашпақшы. Бәрекелді! Осы естелігім мені ағалап, бағалап өткен Әбдіманап ініме айтылған алғысым, білдірген жылы үнім болсын. Жатқан жері жайлы, жаны жәннаттың төрінде шалқысын деймін. Ол туралы көп айтылды, әлі талай айтылады. Тау алыстаған сайын­ биіктей беретіні сөзсіз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
10 сәуір 2021 ж. 674 0